Іс-шараның мақсаты – заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындауға қатысты мәселелерді талқылау мен олар бойынша ұсынымдар әзірлеу, заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындауда ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізудің мәселелері жөнінде пікір алмасу.
Дөңгелек үстел жұмысына Президент Әкімшілігінің, Парламент палаталары аппараттарының, Үкіметтің, Әділет министрлігінің және орталық мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары мен өкілдері, Парламент депутаттары, сонымен бірге заң, филология білімі саласының танымал ғалымдары қатысты. Іс-шараны Сенат депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы жүргізіп отырды.
Әділет министрі Марат Бекетаев өзінің кіріспе сөзінде дөңгелек үстелдің заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу мәселесіне қатысты ағымдағы жылдың 27 қыркүйегі күні Парламент Сенатында өткізілген «Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдаулар ұсынымдарын іске асырумен байланыстылығын және бұл ұлттық заңнаманы жетілдіруде нақты міндетке айналуы қажеттігін атап өтті. Министр сонымен қатар барлық мемлекеттік органды осы дөңгелек үстелдің ұсынымдарын іске асыруға байланысты іс-шараларды уақтылы және сапалы өткізуге шақырды. Ал іс-шара аясында талқыланған тақырып заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындауды қамтамасыз ету шараларын ойластыруға және нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізетін болады.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, Мәжіліс депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Асылбек Смағұлов заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындаудың ерекшеліктеріне тоқталды. Парламент Сенаты Аппараты Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Ербол Әбдірәсілов, Парламент Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы, тағы басқалар заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындаудың ұйымдастырушылық, ғылыми сүйемелдеу, рәсімдік ерекшеліктері мен нормативтік реттеу, өзге де маңызды мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Жарыссөзде ұлттық заңнаманың қазіргі кездегі жай-күйінің мәселелері мен заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау бойынша атқарылатын істер талқыланды.
Дөңгелек үстелдің қорытындылары негізінде заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау бойынша ұсынымдар қабылданды. Ұсынымдар іс-шараға қатысушылардың пікірлерімен толықтырылып пысықталғаннан кейін, уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетінін айта кету керек.