Облыс әкімі былтыр өңір экономикасы 6,2%-ға артқанын, биыл осы деңгейді ұстап қалуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. 9 айда мұнай өнімдерін өңдеу – 3,8%-ға, металлургия – 2,4%-ға, химия – 9,8%-ға, сондай-ақ машина жасау өнеркәсібі – 5,6%-ға ұлғайды. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған «Бозшакөл» тау-кен байыту комбинаты өндіріс көлемін арттырып келеді. Кәсіпорындағы металл рудалары мен концентрат өндіру 1,2 есеге көбейді.
Б.Бақауовтың айтуынша, екі ірі инвестициялық жоба бойынша жұмыс аяқталды. Нақты айтқанда, Ақсу ферроқорытпа зауытындағы феррохром өндірісін 11%-ға арттыруға мүмкіндік беретін №64 пеш жаңғыртылып, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың №5 энергоблогы қайта құрылды. Аталған жобалар бойынша инвестицияның жалпы көлемі 80 млрд теңгеден асты.
– Өткен жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорт көлемі облыста 2 млрд долларға жетті. Бұл 2016 жылдағы көрсеткіштен 3 есе артық. Жыл басынан бері экспорт көлемі 1,2 млрд долларды құрады. Отандық өнімдердің экспортын арттыру мақсатында жаңа нарықтар зерттеліп жатыр. Екібастұздағы №1 МАЭС биыл Өзбекстан нарығына электр энергиясын сата бастады. «Вектор Павлодар» ЖШС Ресей Федерациясына жеңіл құймалы автомобиль дискілерін экспорттайды, – деді облыс әкімі.
Спикер осы жылы өңір экономикасына 347 млрд теңге инвестиция тартылғанын, бұл 2018 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 112,7%-ға артық екенін айтты. Соның 75%-ын жеке инвестициялар құрайды. Облыстың аграрлық секторына құйылатын қаражат та жыл санап өсіп келеді.