Руханият • 20 Қараша, 2019

Домбырадан тегін дәріс беріп жүр

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Жас келсе – іске» дейді дана қазақ. Жастық жігерін бойына жиып, ел игілігіне қызмет етуге келген жалынды жастарымыз аз емес. Сондай жастарымыздың қатарында Нұрлыбек Қайыржанов та бар.

Домбырадан тегін дәріс беріп жүр

Нұрлыбек ауданымызға 2016 жы­лы келген жас маман. Өзі Ақбұлақ ауылының тумасы. Ауылдағы он бір жылдық мектепті тәмамдап, 2012 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетіне «Мәдениет және өнер» факультетіне оқуға түсіп, оны музыкалық білім мамандығы бойынша аяқтайды. Содан аудан орталығындағы «Балалар саз мектебіне» домбыра сы­ныбының мұғалімі болып қызметке орналасады. Қолы қалт ете қалса туған ауы­лына барып, сондағы оқушы балаларға домбырадан тегін сабақ береді екен.

«Ауылда өнерге құштар өрендер өте көп. Жанып тұрған жастар да жетерлік. Бүгінде ауылдағы тұрғындардың көп­шілігі қалаға немесе аудан орталығына кө­шіп, қоныс аударуда. Бұл, әрине қуа­нар­лық жағдай емес. Десе де, сол алақандай ауылда қоңырқай тірлік кешіп отырған халық­тың арасында өнерге әуес, түрлі спортқа жақын жастар табылады. «Нағыз таланттар ауылда» деп ел арасында айтылып жүрген тіркес әлі де өзінің сапасын жоймаған тәрізді. Міне, осындай көп­тің көлеңкесінде, талайдың тасасында жүр­ген жас өнерпаздарды анықтап, оларға қазақ­тың төл өнерін дәріптеу мақсатында ауыл­дағы оқушы балаларға домбыра үйретуді қолға алдым», дейді Нұрлыбек емен-жарқын әңгімесінің «әлқиссасын» бастап.

«Жұмыс күндері мүмкіндік болмаған соң дәріс-сабақты сенбі, жексенбі күндері өткіземін. Сабақтан тыс оқушылардың демалыс күндері болғандықтан көп ешкім келе қоймас деген де ой болған басында. Бастапқыда санаулы оқушылар ғана келіп жүргенімен, кейіннен қызығушылық танытқан оқушылар көптеп жинала бас­тады. Ақырында елу екіге жуық оқушы жиналды. Әрқайсының аспапты ойнап үйренуге деген ықыласы ерекше», деп кейіпкеріміз өз ойын әрі қарай сабақтады.

«Әрине оқушы тұрмақ, ересек адамға «әу» дегеннен домбыраны меңгерту оңай­ға соқпайды. Дегенмен музыка мек­тептерінде баланың тыңдау ептілігіне (слух) үлкен көңіл бөлеміз. Мен де ауылдағы оқушыларыма домбыраны но­тамен емес, көзбе-көз қарап, қайталау дағдысы бойынша және домбыраны сандық әдіспен ойнау әдістері бойынша үйретіп отырдым. Нәтижесі жаман болған жоқ», деп жауап берді.

«Нұрлыбек ағай бізге домбыра аспабында ойнауды ғана үйреткен жоқ, бірнеше күйдің шығу тарихымен, музы­каның атақты тұлғаларымен де таныс­тырды. Ағайдың үйірмесіне қатыса жүріп мен домбыра аспабында ойналатын шағын этюдтарды, музыкалық шығармаларды  үйрендім. Ұлттық дом­бырамыздың құрылысы туралы кеңі­­нен білдім. Маған өте ұнады», дей­ді Нұрлыбектің ауылдағы кішкентай шәкір­ті Абылай Каленов.

«Мен осы оқу жылында да ауылым­дағы оқушыларыма домбырада ойнауды үйретуді жалғастырсам ба деп отырмын. Болашақта сол ауылдағы шәкірттерімнен шағын оркестр құрып немесе жеке орындаушылықта жас өнерпаздарды сахнаға шығарып, ауылда да осындай өнерпаз балалардың бар екендігін өзге де жерлестерімізге танытсам ба деген арманым бар. Әр адам өзінің туған жеріне, ауы­лына қолынан келгенінше қызмет етіп, өңірінің өркендеуіне кішкене болсын үлесін қосуы қажет деп ойлаймын. Бұл әр перзенттің борышы ғой»,  дейді Нұр­лы­бек әңгімесін қорытындылай отырып.

 

Самат БАЙБОЛАТ