Сонау 1950 жылдары Жамал Омарова, 1960 жылдары Роза Бағланова апаларымыз Моңғолиядағы қазақ ауылдарын аралап ән салған. Ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз ол кісілерді көзімен көріп, әнін өз аузынан тыңдағандарын мақтанышпен айтып отыратын. Қазақстандық әнші-күйшілердің Моңғолияға сапарламағаны кемде-кем десек, артық айтпағандық болар еді.
Сондай дүлдүл әншілердің бірі, биыл туғанына 70 жыл толып отырған қазақтың соңғы сал-серісі, қазақ ән өнерінің антологиясы, тіпті тұтас энциклопедиясы іспетті телегей теңіз талант иесі Жәнібек Кәрменов те 1989 жылы жазушы Әкім Тарази, ақын Ұлықбек Есдәулетовтермен бірге Байөлке аймағы, яғни қазақтардың бір мекені Қобда бетіне барған еді. Атына, әніне радио арқылы бұрыннан қанық ондағы қандастарымыз Жәкеңді тікесінен тік тұрып қарсы алды.
– Бәріміз де ауылдан шықтық, әнді ауылдан бастайық, мұндағы қазақтардың ауылын көрейік, – деп, алғашқы концертін Өлгей қаласындағы аймақтық музыкалы драма театрында өткізу жөніндегі ұсыныстан бас тартты.
Ауылдарға аймақтық партия комитетінің идеология ісін басқарған хатшысы Хабсатор Омарұлы өзі бастап, Моңғолия Жазушылар одағы аймақтық бөлімшесінің басшысы Кәкей Жаңжұңұлы қостап, екі жеңіл машинамен жолға шықтық. Газет, радио тілшілері қастарынан бір елі қалған жоқпыз. Жәнібек екеуіміз құрдас екенбіз, етене танысып, бір апта бойы еркін шүйіркелескен едік. Жәкеңнің әуелеткен әндері ғана емес, көңіл елітер әсерлі әңгімелері де жүрекке жатталып қалды.
150 шақырымдағы Дэлүүн сұмынына жол тартық. Жолай Тұлба сұмынында Әкім деген шопанның үйінен дәм таттық. Жәнібек шанағы шөміштің басындай ғана, тұрқы қолдың қарынан аспайтын кіп-кішкентай қара домбырасын күмбірлетіп, үш-төрт үйлі ауылдың шал-кемпір, қатын-баласына бірнеше ән салып берді. Ауыл адамдары дән риза.
Сол күні кеште Дэлүүн сұмынының шағын клубына сыймаған ауыл тұрғындарының концертке кіргендері де, кіре алмай қалғандары да арманда еді. Сахна төрінде тек Жәкең: басында тақия, үстінде кестелі қазақ шапан. Қолында томардай қара домбыра.
Мен бұрын-соңды әншінің тыңдаушы қауымды әнмен, нақтырақ айтқанда ән әуенімен тәнті еткенін көрсем де, әсерлі әңгімесімен баурағанын көрмеппін. Жәкең бұл сапарда бірде-бір концертін әнмен бастаған жоқ. Ылғи да әңгімемен басталды. Әңгіме болғанда, ұзын-сонар әңгіме. Бір ғажабы, сол ұзын-сонар әңгіме тыңдаушысын жалықтырған жоқ, қайта елітті, баурады, балқытты. Жұрт ауыздарының суы құрып тыңдады.
Жәкең әуелі қазақтың кең сахарасын тауымен, тасымен, өзенімен, көлімен түгелдей көрерменнің көз алдына елестетті: «Қайран қазағымның басынан ғасырлар керуенінде не өтпеді! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жұмақ жылдар да, көздерінен қанды жас сорғалап, табандары тасқа тілінген лаң жылдар да өтті. Сол заманның қайсысында да қазағым қара домбырасы мен қара өлеңін жандарына серік етті. Мұңын әнмен шақты, сырын әнмен шертті. Шаттығын әнмен шалқытты. «Елім-ай» деп еңіреді. «Ағажай Алтай» деп егілді, деп Жәкең төгіле сөйлеп кеп, ине шаншар орын жоқ, лық толы залға риза сезіммен бір қарап алады да, тағы да ағытылады: «Сондықтан қазақтың ән өнерінің бай мұрасы енді өлмейді, өшпейді. Болашаққа жеткізетін мына сіздердің орталарыңыздағы «боқмұрындар» – ертеңнің атпал азаматтары».
Сәл-пәл пауза. Омырау қалтасынан күміс құрсаулы мүйіз шақшасын шығарып, көк бұйра насыбайды алақанына үйді. Сосын ерніне басты да әңгімені әрі қарай сабақтады. Тыңдаушылар үздіге түсті.
«...Қазақтың байтақ даласының батысындағы ән қандай!!! Кейде Қорқыттың қобызы күңіренгендей, кейде Ақжайық пен қарт Каспийдің толқыны шулағандай. Сол толқын аспанға ән болып өрлегендей, төменге құлдырап жүрекке төгілгендей. Теңіздей тасыған, нөсерлей сорғалаған төкпе әндер. «Қайран Мұхит, қайран Сары, қайран Бала Ораз. Солар болмағанда Ғарифолла ағамыз да болмас еді».
Әңгіме осылай төгіле берді, өріле берді. Бәрі жарасып тұр. Бәрі қазақы. Сосын «Сары бидайды» сар желдірді. Той-думанда қолына домбыра алып, «әу» деп ән салатындардың аузынан түспейтін «Сары бидай» Жәкеңнің орындауында құбылып, құлпырып кетті.
Ертеңінде Өлгей қаласында Әкім Тарази, Ұлықбек Есдәулет үшеуі жазушылармен, театр әртістерімен дегендей жеке кездесулер өткізді. Жәкең радио студиясына көп ән жазғызды.
Сол кезде аймақтық қазақ радиосының тілшісі ретінде Жәкеңмен сұхбат да жүргізгенмін. Әнші сол сұхбатында: «Бала кезден тек әнші болуды, жай әнші емес, тыңдаушысын тебіренте білер халқымның сүйікті әншісі болуды армандадым. Он үш жастан кейін қолымнан домбыра түскен емес, сол арманның шыңына жетпесем де, күні бүгін жетегінде келемін, арман шыңы биіктеп барады» деген еді, қарапайымдылықтың қалпын танытып.
Шын мәнінде Жәкең ән өнерінің шыңына сол кезде-ақ жетіп қойғанын аңғармаған сияқтымыз. Баяғы өзі айтатын «Қадірі болмас пенденің ортаңда тірі жүргенде». Көбіміз қадірін пәниден көшкен соң танып жүрміз. Қайран қазағымның өнер аламанындағы өрен жүйрік, қақпан бел қарагері еді-ау Жәкең!
Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,
журналист