Семсер шумақ
Қолына қалам ұстағандар жақсы білсе керек. Газеттің әдебиет бөліміне адамдар көп келеді. Өйткені қалыптасқан қаламгерлерден гөрі шатып-пұтып, тіпті өздері шимайлаған жазуларын өздері ажырата алмай қинайтындар жиі есік ашады.
– Өлең жазып едім, – дейді бірі.
– Естелігімді газетіңе жарияласаң, – десе екіншісі, үшіншісі бұйыра, міндетси сөйлейді.
Оның да жөні бар. Шетінен «жазғыштар». Бәрімен тіл табысуға тырысасың. Әйтпесе, райкомнан бастап, үлкен үйге – ЦК-ға дейін үстіңнен құлаштай-құлаштай арыз жазып жібереді. Әрине, «арпа ішінде бір бидайы» ұшырасқан тәуір өлеңдер арагідік газет бетін көреді. Онда да өңделіп. Осындай «ақынсымақ» – әдебиет бөлімінің меңгерушісі, сыншы Зейнолла Серікқалиевтің басын әбден қатырады. Кеңесіне құлақ аспай, ескертпелерін елең қылмай өз айтқанынан қайтпай сыңарезуленіп мыжи береді, мыжи береді.
– Жарайды, шырағым. Өлеңіңді басқа бір газетке бастырыңыз, – дейді Зейнолло шыдамы таусылып.
– Бастырсам, бастырам. Сіз өлеңді түсінбейсіз, сыншысыз ғой, – дейді даукес қиқар жігіт «күдігін» көмейінен ағытып.
Осы кезде шытынап жарыларға шақ тұрған Зекең Махамбет бабасынша семсер жырын төгіп-төгіп жіберіпті:
Бас сүйегіңді саудыратып,
каска етсем деп едім,
Бет теріңді сыпырып ап,
маска етсем деп едім,
Кеңірдегіңді суырып ап,
шлангі етсем деп едім,
Құлағыңды жұлып ап,
ләңгі етсем деп едім!
Көзі шарасынан шыққан көкезу ақын дауды одан әрі өршітпей үнсіз қалыпты. Ойы – әлем-тапырық.
«Ауруханаға жата алмадым-ау...»
Қамшының сабындай қысқа ғұмырдың көмбесі бұлаңдағанын әр жүрек түрліше сезеді-ай. Біреуге ұзақ, біреуге шолақ қас-қағымдық сәт. Біразымызға жастық шақ өтпейтіндей, қарттық кезең қуып жетпейтіндей көрінері де аян. Сөйтсе де уақыт, шіркін, өзінің үстемдігін ерте ме, кеш пе байқатады.
Үлкен мекеме болғандықтан «Социалистік Қазақстанның» шаңырағында да той-томалақ көп. Қызметке қабылдаудан бастап, қызметтен шығарып салуға дейін... Шілдеханадан бастап, құрметті еңбек демалысына дейінгі үлкенді-кішілі шаралар елеусіз қалмайды. Сапар Байжанов тізгінін ұстап отырған кезде іркес-тіркес бірінен соң бірі зейнет жасына толған газет ардагерлерін зейнеткерлік демалысқа әспеттеп ұзатып салу салтанаты жылдан-жылға ұласқаны бар. Әншейінде «Алпысқа аман-есен жетсем, бір күн де отырмаймын. Арызымды берем де – кетемін» дейтін ағаларымыз мезгіл сағаты соққанда басқаша сайрайтын болды.
«Жарты жыл жүре тұрайық та».
«Құжаттарым әлі дайын емес».
«Ұлы Жеңіс тойын өткізіп бір-ақ шығайын».
«Әзірге денсаулығым жақсы, қол қусырып үйде қалай отырам».
Мінеки, осындай ұсақ-түйек жосықсыз сылтаулар айды айға жалғайтын. Ал бұдан гөрі маңыздырақ, бұдан қажеттірек жағдайларды екі-үш жыл ертерек тастай ғып шешіп қоятын-ды. Ардагер медалін алу, құрметті атақ алу, пәтерін кеңейтіп алу, машина алу... Алды жұмсақ, терісі кең, келешегін күнілгеріден ойлайтын Сапекең де болымсыз жерге пышақ ұра бермейтін. Көңілі түссе – көл. Обалы нешік, кейде аңқылдап, ақтарылып күліп алады да, «жарайды сәл шыдай тұрайық» дегендей мінез танытатын. Осы тәрізді кең қолтық жайды зейнет жасына жеткен ардагер журналист Әбдібек Нұрмағамбетов ағаға да көрсетті. Алты асқарға алқынбай келген Әбекеңнің қас-қабағын бағып, көңіліне қаяу түсіріп алмауды ойлайды. Орайлы, оңтайлы лездеме үстінде:
– Әбеке, документтеріңізді тездетіп реттеңіз, – дейді жымиып. – Рахаттанып бір демалмайсыз ба? Өстіп шаршап-шалдығып, түнімен баспахананың қорғасынын жұтып жүресіз бе? Одан да Торғайыңыз бен Қостанайыңызды емін-еркін араламайсыз ба? Сіздің орныңыздан, яғни бөлім меңгерушілігінен дәметіп жүрген жігіттер бар, жастар бар.
– Құжаттарым обкомпрофсоюзда жатыр. Орнымды інілеріме бермегенде кімге береді дейсің. Алып кетпеймін ғой...
– Дұрыс, Әбеке. Алаңдамаңыз...
Әбдібек аға аса кірпияз кісі. Паңдығы басым. Ұзын бойлы, тіп-тік жүреді. Ақырын, ернін жыбырлатып, сыбырлап сөйлеседі. Сәлемдескені де бөлекше қызық. Жұрт секілді алақанын толтырып амандаспайды. Селқос саусақтарының ұштарын алақаныңа тигізіп қана сәлемдеседі. Үнемі орден-медальдарын саудыратып тағып алады. Ерінбей-жалықпай бір костюмнен екіншісіне қалай ауыстырып тағады екен деп ойлаймыз.
Әлден кейін Әбекең күпті ойын білдірген:
– Сапар, мен тағы екі-үш ай жүре тұрайыншы.
– Не боп қапты Әбеке?! Онсыз да жарты жылдан асып кетті емес пе?
– Совминнің Шевченко көшесіндегі жаңа ауруханасы күзге таман бітеді екен. Соған бір ай жатып алайын. Пенсияға шығып кетсем, мүмкіндік бола қоймас.
– Ой, Әбеке-ай, өзіңіз қызық екенсіз ғой. Дербес зейнеткер ретінде, соғысқа қатысушы ретінде Совминнің ауруханасына бірінші кезекте тіркелесіз. Әлі-ақ талай мәрте жатасыз денсаулық болса, – дейді риясыз шек-сілесі қатқан Сапекең.
Көкейдегі күдік бұлтын сейілткен күлкі Әбекеңнің еңсесін бұрынғыдан бетер көтере түскендей:
– Жарайды. Жұмыстан кетсем бәрінен кететіндей қиналып жүргенім рас еді, – депті.
Сенімді өкілдер
Журналистер үшін ең жауапты міндеттердің бірі – кезекшілік. Арнаулы тақтаға алдын ала іліп қойған секретариаттың тізімінен қай күні кезекші болатыныңды біліп, тастүйін әзір жүресің. Ұйқыңды қандырып, жақсылап тынығып алуды ойлайсың. Күнделікті күйбең тіршіліктегі қолбайлау алаңдатарлық жайттардың көлденеңдемеуіне мән бересің. Ең ақыры, бұл күні қонаққа бармайтыныңды, я болмаса қонақ шақырмайтыныңды бүкіл отбасың сезіп отырады. Балғабек Қыдырбекұлының қатаң қағидасы: «Кезекшілік – жауынгерлік пост!». Осы кезекшілікті өткізудегі жігіттердің әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын өз тәжірибесі, өз стилі, өз пайымы бар.
Бірі газеттің алғашқы бетінен бастап, соңғы бетке дейін үтір, нүктесін қалдырмай қалт-құлт дірілдеп, өзіне-өзі сенімсіз сүзіп оқиды. Екіншісі саяси, ресми материалдарды ғана аса мән бере оқып, қатардағы үлкенді-кішілі өзге дүниелерді атүсті жорта шолып шығады. Ал енді біреулері тек бірінші беттегі кездесетін ресми адамдардың лауазымдары мен қызметтерін әлденеше мәрте тексеріп, салыстырып оқуды дәстүрге айналдырған. Әрине, олардың барлығы да негізінен корректорларға арқа сүйейді. Бұл – жасырын емес. Мәселен, Ақселеу Сейдімбеков кезекші болған күні корректор қыз-келіншектер өз беттеріне әдеттегіден де сергек, бұрынғыдан да жинақы әрі жауапты қарайды.
– Кәне, беттерің әзір болса әкеліңдер. Қол қойып жіберейін, аса мәртебелі менің сенімді өкілдерім. Қате жоғына көздерің анық жетсе бопты, мен несіне шұқшиып оқимын, – дейді әр іс-әрекеті мен қимыл-қозғалысы өзіне жарасатын сері Ахаң емен-жарқын материалдардың тақырыптарын шолып.
Бұдан соң сенімді өкілдердің өздеріне көрсетілген құрмет пен жауапкершілікті барынша абыроймен орындауға ұмтылатыны белгілі емес пе?!
Балық
Ел бірлігі, тіл тағдыры, жер жайындағы көкейкесті проблемаларды ұдайы көтеріп жүретін «Егеменнің» бас редакторы Шерхан Мұртаза әсте қажыған емес. Әлде кімдер секілді «көпіртпе» сөзді уақытша ұпай түгендеудің есебіне айналдырмағаны және аян. Қаламгерлік кредосы санайтын ол ащы да өткір ойларын үнемі жазып, ұдайы айтып келеді.
Осындай бір жамбылдық жерлестерімен жүздесуде шамырқанған жазушы жанын жегідей жеп жүрген мәселелердің қатпар-қатпарын қопара, тіліп-тіліп сөйлеген. Халықтық қалпымыз бен адамгершілік асыл қасиеттерімізге кіреуке түсірер кесапаттарды алдаспан сөзімен отаған ол имандылық, қатыгездік, жемқорлық жөнінде айта келіп, ана тіліміздің тағдырына ойысқанда қордалы ойын былайша түйген:
– Қайсыбірін айтарсың. Әлгіндегі індеттердің бәрі біртіндеп жойылар. Жанымның езіліп, жүрегімнің жылайтыны – қазақ тілінің келешегі. Туған тілінен айырылған халық – судағы балық. Ал мақау, меңіреу балық-ғұмыр кімге керек!? Ойланыңдар!
Шындығында бұған дейін көбіміздің басымызға келмеген ой. Жапырлаған жұрт ілкі сәт сең соққан балықтай үндемей қалған еді.
Таптырмайтын сурет
«Егемен Қазақстан» газетінің Талдықорған облысындағы меншікті тілшісі, журналист Сейдахмет Мұхаметшин балуан денелі зор кісі. Сондықтан да оны жерлестері әзілдеп «полтара қазақ» атап кеткен. Сол «полтара қазақ», қасында ақсулық фототілші Ахмет Тегінбаев бар, бір топ әріптестерімен бірге Ақсу өзеніне шомылып жүреді. Байқаусызда аяғы тайып кеткен Сәкеңді арынды өзеннің қатты ағысы қақпақылдап ағыза жөнеледі. Қорқыныштан ауыр денесін көтере алмаған ол жанталасып, жағаға ұмтылады. Үрейлі даусы да дірілдеп шығып кетсе керек.
Мұны көрген фототілші Ахмет жүгіріп барып фотоаппаратын алады да өзенді жағалап, шыртылдатып түсіре бастайды.
– Таптырмайтын сурет. Нағыз шынайы көрініс, Сәке, сәл шыдаңыз.
Әйтеуір, дәу бір қойтасқа барып аяғын тіреген Сейдахмет жан-дәрмен күйде бойын әрең тіктейді. Жаны мұрнының ұшына келген ол Ахметке дүрсе қоя береді:
– Ей, әңгүдік, сенің таптырмайтын суретің не? Масқара болғанда тура көз алдыңда суға кетіп қала жаздаған жоқпын ба?
– Шынымен-ақ қорықтыңыз ба? Мен сізді, Ақсудың кез келген тұсынан жалдап өте шығады десем. Қарасаңызшы тұрған жеріңізді, тізеңізден де келмейді ғой, – дейді Ахмет шек-сілесі қатып.
«Полтара қазақ» сонда барып өзеннің нақ ортасында тұрғанын байқайды. Көңілі жайланған Сәкең балаша қарқылдап күліп жібереді.
Алып аңқау келеді деген осы да.
Мен үйге жеткенше
Журналист Тәжібай Битайдың жанынан табанда екі шумақ өлең шығару өнеріне қоса, жатыпатар бірқақпайлары да бар. Бірде Тәкең жұмыстан ерте кетіп бара жатса керек.
Мұны көрген қаламдастарының бірі:
– Оу, Тәке, әлі ерте емес пе, – дейді.
Сонда Тәкең сағатына қарап:
– Неге ерте, қазір міне бес болыпты. Мен үйге жеткенде сағат тура алтыны шертеді, – деген екен.
Жылап оқитын нөмір
...Әр нөмірді сәтті әрі оқылатындай дәрежеде шығару оңай емес. Көзіқарақты кез келген жан өзіне қажеттісін теріп алады. Сондықтан бастан-аяқ сүрініп жататын тәуір дүниелер болмаса да, жылтыраған, жілігі татитын екі-үш мақаланың жүруі шарт. Күн сайын ертемен Ерағаңның бөлмесінде бас қосатын нөмірге тікелей қатысты редакторат мүшелері қоржындарында дайын тұрған үлкенді-кішілі материалдарды ортаға сарапқа салады. Күндегі әдет. Бірде бар, бірде жоқ дегендей маңдайынан шертіп жүріп іріктеп алар, елең еткізер мақалалар ұдайы табыла бермейді-ау. Амалсыздан өзімізді-өзіміз алдаусыратып, кей күндері сегіз бетті түгелімен сүреңсіз, әлжуаз бірдеңелермен толтырамыз. Мұндайда мерейтойлық кіл мадақ мақалалар мен алдын ала ақшасын төлеп қойған жарнамалық материалдың тығыны ашылып кететіні және бар. Сөйтсе де қармаққа әлдене іліккендей.
– Жақсы дүниелер әжептәуір секілді ғой, – алдындағы жоспардың нобайына үңіле жанар жүгірткен Ержұман Смайылдың үні жарқын естілген. – Сын мақала да, жазушы толғанысы да, «Әйел әлемі» де бар екен.
– Иә, Ереке, менің қолыма кеше кешкісін келіп түсті... Темір Құсайынның шенеуніктердің қызмет этикасы туралы өткір мақаласын бүгін салып жіберсек қайтеді, – деді Жанболат.
– Мына шағын ғана «Қаның қалай қайнамас?!» пен Әбдірәлі Бөлебайдың «Жемқорлық өршіп тұр» деген сынын да бірінші беттен бастайық, – деді Еркін Қыдыр қолындағысын көрсетіп.
– Жарайды. Ұстап отырмай салып жіберейік. – Ерағаң шырайлы жүзін Жұмагүл Солтиеваға аударып: – Осы жолғы «Әйел әлемінде» оқылатын не бар?
– Жаман емес. Гүлзейнеп те, Айнаш та, Ділдар да оқылады. Авторлардың мақаласы да тамаша. Бірақ... бәрі де шетінен ауыр өмірді, қиын тағдырды, келеңсіз көріністерді тілге тиек етеді. Оның үстіне басқа бөлімдерден ұсынып жатқан дүниелер де өңкей сын, өткір, жылаңқы мақалалар екен, – деді Жұмагүл күдіктене.
– Жұмеке, несіне қиналасыз. Қайта ертеңгі нөмірді оқырмандарымыз жылап отырып оқымай ма? – деді Еркін дереу тық еткізіп.
Бұл пікірді өзгелеріміз жапа-тармағай қолдап кеттік.
– Мүмкіндікті жібермейік. Жылап оқитын нөмірге не жетсін, шіркін!..
– Мейлі.
– Бізге керегінің өзі осындай нөмір емес пе?!
Қаптап кеткен өнеге
Күнделікті кешкі бет қарау кезінде алдында жатқан беттерді сүзіп шолған Сауытбек соңғы бетке үңілген бойда:
– Мына «Өнеге» деген айдарды өзгертіңдер, – деді секретариаттың жігіті Маратқа қарап.
– Сәке, оригиналында солай екен.
– Дұрыс қой, бірақ екінші бетте де, бесінші бетте де «Өнеге» боп жүр ғой. Бұл рубриканы келешекте көрінген материалға, көрінген суреттемеге сыналай бермеу жағын ойластыралық. Жақсы сөздің салмағын жеңілдетіп алмаған жөн. Жазып жатқан адамдарымыздың бәрі бірдей, білетініміз бар, білмейтініміз бар, шетінен өнегелі ме, осы? Ә...
Рас-ау!
«Аяқ кесу»
Бас редактордың бөлмесі. Ертеңгілік макет бекіту кезі. Жанболат Аупбаев, Еркін, Жұмагүл, Самат рет-ретімен сызылған беттердің нобайларымен танысып, әр материалға, әр айдарға жіті үңіліп отырған. Тақырыптарда сөз қайталаулар жоқ па? Күтілетін материалдарға қалдырған орындар жете ме? Ресми дүниелерден не берілмек? Шығып бара жатқан нөмірдің жіп-шуын ықтияттап, түгендеп дегендей редакторат мүшелері өз ойларын ортаға салып пікірлесуде.
– Меніңше бәрі дұрыс сияқты. Ұмыт қалған, күйіп тұрған ештеме жоқ. Бірінші беттің макеті дұрыстау екен. Шамамыз келсе осыны сақтап, бұзбауға тырысайық. «Айтайын дегенім...», «Бір ауыз сөз», «Масқара!» тәрізді айдарлардың бәрі қамтылған көрінеді. Өзге беттердің де ажары мен мазмұны тәуірлеу...
Макетке көңілі толған Жанболат орнынан түрегеліп, қызылды-жасылды сызылған беттерді қайта бір қарап шықты. Осы кезде күн ұзақ үндемей, тыныш отырған Айдарбек күмәнді ойын білдірген:
– Тек, мына бір Жұмагүл апайдың «Сөз бен іс» деген мақаласы сыймай қалуы мүмкін. Сондықтан бірінші беттен бастап, аяғын соңғы бетке шығардық.
– Дұрыс жасағансың. Өзі не туралы еді.
– Баспасөзге жазылу жайында...
– Е-е... жарасы жеңілдеу екен. Онда Айдош, сен былай істе. Жұмагүл апаңның аяғы сыймаса, беттің үстінде ептеп қысқартып көр. Байқайсың ғой, әйтеуір, аяғын шорт кесіп тастап жүрме. Сылтып қалмасын, – деді бас редактор жымыңдап.
– Мейілдерің, өздерің білесіңдер, – деді Жұмагүл де әзіл астарын түсініп.
Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты