Мұндай ұсыныс күтпеген жерден болғасын ә дегенде абдырап қалғаным рас. Көп ойланбай келісім бердім. Сонымен, 1990 жылдың көктемінде Алматыға қоныс аударып, газеттің экономика бөліміне тілші болып орналастым. Шерхан аға жылы қабылдады. Шамалы уақыт өткен соң бөлімнің аға тілшісі, бір жылдан кейін экономика бөлімінің редакторы қызметін атқардым. Шерағаң ол кезде газеттегі бірталай бөлімді ірілендіріп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, әлеуметтік мәселелер бөлімі дегендердің басын біріктірді. Сөйтті де редакцияда ашық дауыспен, баламалы жолмен сайлау ұйымдастырды. Бөлім редакторы болған адам бірден редакция алқасына мүше болды.
Шерағаңның тікелей басшылығымен экономика мәселелерін қаузап жаза бастадық. Егемендік кепілі болып саналатын республикалық алтын-валюта резервін құру, айналымға төл теңгемізді шығару, жекешелендіру тәрізді ірі шаруаларды көтердік. Одақтық байланыстар, қаржы-қаражат, салық мәселелері газет бетінде тұрақты жазылды. Әлі теңге деген ұғым пайда болмай тұрғанда ұлттық валютамыздың қажеттілігі туралы мәселені күн тәртібіне шығарған едік. Шерағаң бізге барлық жағынан қолдау жасады. Жастарды жігерлендірді.
Әбіш Кекілбайұлы редактор болған тұста да экономика тақырыбына баса көңіл бөлінді. Ол кісі Жоғарғы Кеңесте комитет төрағасы қызметін қоса атқарды. Көбінде парламент қабырғасында болады. Мейлінше кең, парасатты басшы болды.
Нұрлан Оразалин ағамыз бас редактор болған тұста мен ол кісінің экономика және коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары болдым. Газет ішінен «Қазақстан» деген қаржылық қосымша аштық. Онда республикамызда жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалардың барысы, тұрғын үйді купондық жекешелендіру, өндірістік нысандарды жекешелендіру мәселелерімен қоса жеке қожалық жүргізу, саяжайды игеру, жер телімдерін дұрыс пайдалану төңірегінде талай мәселе көтерілді.
Газет редакциясы жанынан «Егемен» деген компания ашып, оның құрылтай құжаттарын әзірлеп, редакция қызметкерлерінің материалдық жағдайын жасауға атсалысқан едік. Соның арқасында редакцияға Алматыдан бес бөлмелі пәтер, автобус, КамАЗ, микроавтобус сатып алдық.
Сол КамАЗ-дың газет ұжымы Астанаға қоныс аударғанда барлық жүкті тасып жеткізуге пайдасы тиді...
Айта берсек, «Егемендегі» күндер туралы естелік көп.
2005 жылы «Егемен Қазақстанға» Бас директор болып тағайындалдым. Газетте жұмыс істеген қай кезең де естен шықпайды.
Қара шаңырақ саналатын басылымды, ұжымдағы әріптестерімді 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Егемен елімізбен бірге жасай берсін деген тілектемін.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты