100 • 21 Қараша, 2019

«Егеменде» еңбек еткен жылдарыңыз несімен есте қалды?

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Егеменде» еңбек еткен жылдарыңыз несімен  есте қалды?

Кез келген айтулы дата той­ға ғана емес, ойға жетелеп, өткен кезең­­нің «бәрекелдісі» мен «әтте­ген-ай­ларын» са­раптауға мықты себеп әрі мүм­кіндік деп санаймын. Осы тұрғыдан алғанда «Егеменнің» ғасыр­лық тарихының мен үшін екі үлкен тағылымы бар.

Біріншіден, ағымдағы билік жүйесі қандай болса, ресми БАҚ та сон­дай бол­ғаны – ащы шындық. Сон­­дықтан да өткен кезеңге сын көзі­мен қарап, газеттің өз тұсын­да большевиктік-ком­мунистік жүйе­нің құрамдас бөлігі болып, өзіне жүк­телген рөлін атқар­ғанын ескер­геніміз жөн.

Сонымен бірге қатып-семіп қалған жүйенің тұсында жоғары жақтың тыйымы мен саяси цензураны шығармашылық әдіс-тәсіл­дермен орағытып өтіп, газет және оның редакциясы ұлттық ма­ңызға ие игі істердің басы-қасында болғанын да айтуға тиіспіз.

Әсіресе ол рухани өмірге көп қатысты. Газет өнер мен әдебиет, ғылым мен техниканың дамуына өз үлесін қосқаны рас. Қаншама таланттарға, жаңа есімдерге жол ашылды! Өз басым газетте Шер­хан Мұртаза секілді ұлы редактор тұсында жұмыс істегенімді мақтаныш етемін. Университеттің соңғы курсында жүріп, газетке қызметке шақырылдым. Кеңес Одағы ыдырамай, Компартия үстемдік етіп тұрған шақтың өзінде газетте ұлттық құндылықтар мен қоғамдық мүдде ашықтан-ашық айтыла бастады. Сіресіп қалған коммунистік үгіт-наси­хаттың көбесі сол тұста сөгіле басталған-ды. Газет құрылтайшысы – Компартияның Орталық комитетіне жақ­пайтын сыни мақалалар сол кезде жариялана бастады. Қылышы мен қаламынан қан тамған партиялық бюрократиядан көз аша алмай келген басылымда демократия нышандары пайда бола бастады. Оның бәрі газеттің беделі мен таралымын күрт арттырды.

Екінші тағылым газеттің қазіргі қоғамдағы орнына қатысты. Иә, басылымда оң өзгерістердің нышаны бар, заманауи формалар мен әдіс-тәсілдер енгізіліп, газет бәсекелі нарықтық ортаға бейімделуге бет бұрғандай. Бірақ, меніңше, саяси ерік-жігерді қажет ететін аса маңызды бір қадамға бармай, ол ұмтылыс толыққанды жемісін бере алмайды. Оның мәнісі мынада. Қоғам қандай болса, БАҚ та, соның ішінде, дәстүрлі түрде биліктің бас­ты үні ретінде қабылданатын газет те сондай болуы шарт. Яғни, қоғамда қандай ой-пікір орын алса, ол міндетті түрде газетте өз көрінісін табуы керек. Нарықшаласақ, қоғам тарапынан қандай сұраныс бар, газет тарапынан сондай ұсыныс болуы қажет! Жабық тақырып не тыйым салынған тұлғалар болмауы тиіс. Әйтпесе, оқырман сеніміне ие болуы қиын. Кез келген оқиға бір ғана ресми позиция тұрғысынан емес, балама, оның ішінде тәуелсіз сарапшылар пікірі тұрғысынан талданса, ондай ақпаратқа, ондай басылымға оқырманның көзқарасы да, ілтипаты да басқаша болмақ. Меніңше, осы өзгеріске қоғам да, журналистік қауым да, оқырман да дайын. Ендігі жерде билік қоғамдық санадағы осы метаморфозаны ескеріп, шынайы сөз бостандығына кепілдік беруі тиіс. Сол кезде «билікшіл» және «антибилікшіл» боп қақ бөлінген қоғам да баршаға ортақ мемлекеттік, ұлттық, өркениеттік құндылықтар төңірегінде ашық пікір алысып, сол мүдделер төңірегінде одан сайын ұйыса түсер еді. Ғасырлық тарихы бар газеттің бір миссиясы осы деп санаймын.

 

Әміржан ҚОСАНОВ,

 саясаткер, 1989-1990 жж. «Социалистік Қазақстанның» тілшісі