Руханият • 22 Қараша, 2019

Ақаңның аманаты

322 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бір нәрсе анық. Күнделік те, хат та бір жанр. Кісі баласы басқасын қайдам, бұл бағыттағы жазбаларында жалған сөйлей алмайды. Ол ойдан шығару, қосу, алу емес, нақты ой, деректерге негізделген кісілік келбетінің көрінісі, жүрек лүпілі, жүрек сөзі. Бұл жазбалар үстінде оған шындықпен бетпе-бет болуға тура келеді. Сондықтан арының алдында ақ. Кісінің бір-бірінің бағасын білуі, құрметтеуі де оның өне бойында шүпілдеп тұрады. Тіпті мазмұны, көркемдігі тұрғысынан әңгімеге бергісіз хаттар да болған. Оған мысал келтірсек, алыстап кетеміз.

Ақаңның аманаты

Ойымызға бұдан әрі терең мағы­на, мазмұн бере түссек, ұлттың төл­ту­ма болмысы, аса маңызды тарихи дерек, дәйек заманның әр тұсында жа­зылған хаттар, әсіресе белгілі тұлға­лардың бір-біріне жазысқан хат­тары, тіпті ауызекі әңгімесі арқы­лы да сақталып отырған. Мұндай хаттардың мазмұны сан-салалы, көп мағыналы, тіпті көтерген мәселелері әлі күнге өткір, өзекті күйінде қалуы әб­ден мүмкін.

Айтпағым, жеке архивімде бел­гі­лі тұлғалардың жазған хаттары, ой-толға­ныстары да сақталған. Арнайы бір кітапқа арқау боларлық, парқы алтын­нан да қымбат ол дүниелер жөнін­де жазу келесі күннің еншісіне қалсын. Соның бірі ұстазымыз, аяулы Ақаң – Ақселеу Сейдімбектің жазған бірнеше хаты. Енді соның бірін оқи оты­рып, қалған түсініктемені сосын жалғастырайық.

«Қадірлі Қали! Аманшылық па?

Уәде бойынша даулы күйлердің күй­­табақтардағы (пластинка) көрі­­нісі туралы дерек бермекшімін. Күй­табақтардың бәрі де М.Т.Таш­мұ­хамедов атындағы Ташкент заводынан шыққан.

  1. «Зар қосбасар» («Қосбасар» деп те аталады) күйі Секен Тұрыс­бе­ковтің тартуында Тәттімбеттің күйі деп шықты. Гост. 5289-8. С-32. 26277.002.1988 ж.

«Зар қосбасар» күйі «Қосбасар» деген атпен Төлеген Момбековтің тар­туында Тәттімбеттің күйі деп шықты. Гост. 5289-73. Д-21789.

«Зар қосбасар» күйі «Қосбасар» деген атпен Жапбас Қаламбаевтың тартуында Тәттімбеттің күйі деп шықты. Гост. 5289-61. Д-18571.

  1. «Жолаушының жолды қо­ңы­ры» күйі сегіз күйтабақтан тұра­тын «Қазақтың аспапты музы­ка­сы­ның антологиясы» жина­ғы­ның 1-табағына халық күйі деп берілді. Тар­тушы Төлеген Момбеков. Гост. 5289-80. Д-025563.

«Жолаушының жолды қоңыры» күйі­нің екі варианты Төлеген Мом­бе­ковтің тартуында халық күйі деп шықты. Гост.5789-73. Д-21789.

«Жолаушының жолды қоңыры» Генерал Асқаровтың тартуында Сүгірдің күйі деп шықты. Гост.5289-73. М-31. 37012.

  1. «Қаратаудың шертпесі» сегіз күйта­бақтан тұратын «Қазақтың аспапты музыкасының антологиясы» жинағының 1-табағына халық күйі деп берілді. Тартушы Төлеген Момбеков. Гост.5289-80. Д-025563.

«Қаратаудың шертпесі» Төлеген Момбековтің тартуында шыққан күйтабақта халық күйі деп берілді. Гост.5289-73. Д-21789.

  1. «Бозінгеннің бүлкілі» («Бозін­ген» деп те аталады) сегіз күй­та­бақтан тұратын «Қазақтың аспап­ты музыкасының антологиясы» жина­ғының 1-табағына халық күйі деп берілді. Тартушы Төлеген Момбеков. Гост.5289-80. Д-025563.

«Бозінгеннің бүлкілі» Төлеген Момбе­ковтің тартуында шыққан күйта­бақта халық күйі деп берілді. Гост.5289-7., Д-21789.

«Бозінгеннің бүлкілі» күйі Генерал Асқаровтың тартуында Сүгірдің күйі деп шықты. Гост.5289-73. М-31. 37012.

Бұлардан басқа кейінгі жылдарда шыққан күйтабақтар мен кітаптардың бәрінде дерлік аталған төрт күй де Төлеген Момбековке телініп жүр. Бұл мейлінше жаңсақ, қиянат тірлік.

Мен күй өнеріне әлдекімдер сияқ­ты жол-жөнекей ғана ден қойып жүрген адам емеспін. Күй шір­кін­ге өмірімді арнаған адаммын. Бәрін былай қойғанда, Төлегеннің аруа­ғын сыйлап, о дүниелік болған адамға жала жаппау керек. Бұл төрт күйді де Төлеген өз күйім деп тартпағанда, ол күйлерді өлген адамға зорлап теліп, қолдан «плагиат» жасау аруаққа қиянат болады.

Төлеген марқұм мейлінше шыншыл, иманы көмейінен төгілген адам болатын. 1979 жылы 23 ақпан күні «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының редакция­сында Төлеген Момбековпен кездесу болды. Сонда Төкең тартқан күйлерінің тарихын айта отырып, «Зар қосбасарды» Тәттімбеттің күйі деп, ал «Қаратаудың шертпесі», «Бозінгеннің бүлкілі», «Жолаушының жолды қоңыры» күйлерін халық күйлері деп тартты. Бұл кездесудің жазбалары менде сақтаулы.

Бұдан да қызық дерек айтайын. Жоғарыдағы төрт күйді де кезінде Қарағанды облысының белгілі күйші-домбырашылары Бегімсал, Сейтен, Тайжан деген кісілер тартатын. Бұл кісілер Төлегеннің әкесі құралпы адамдар еді.

Бұдан да ғажап дерек айтайын. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Қарағандының облыстық радиосының қорында жоғарыдағы төрт күйдің төртеуі де сақтаулы болатын. Онда «Зар қосбасар» Тәттім­беттікі, ал «Қаратаудың шертпесі», «Бозінгеннің бүлкілі», «Жолаушының жолды қоңыры» күйлері халық күйлері деп жазылған.

Осы орайда, япыр-ау, бұл күйлер­дің Арқа архивінде сақталуы қалай, Созақ төңірегінде тартылуы қалай деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Ел тарихын білетін адам үшін оның еш құпиясы жоқ.

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы 1926-1927 жылға дейін Асан­қай­ғы ауданы аталып, жер көлемі оңтүстігінде Созаққа дейінгі алапты қамтыған. Ол кезде көшпелі өмір салт, Жаңаарқа жұрты қысқа қарай Бетпақдаланы қиып өтіп, Шу бойын, Созақ өңірін қыстап қайтатын болған. Жаңаарқада туып-өскен Ықылас Дүкенұлының сүйегінің Шу бойында жатуы, сол көшпелілік кезінде қыста дүние салған. Жамбыл облысының Сарысу ауданының атауы да Жаңаарқадағы Сарысу өзенінің атауына байланысты қойылған. Яғни, кәмпеске тәркілеу, 1932 жылғы аштық, 1938 жылғы репрессия жылдарында Жаңаарқа жұрты Қаратау, Талас, Шу, Созақ төңірегіне ауа көшкен. Керек десеңіз, Сүгірдің де туып-өскен жері Жаңаарқа ауданының Жеңіс деген елді мекені. Күні бүгін­ге дейін бұл ауыл да Сүгірдің етжақын ағайындары тұрады.

Мұның бәрін айтып отырғаным, «Ауыл – ауыс, ырыс – жұғыс» деген, ауған елмен бірге рухани мәдениет­тің де бірге жететініне күмән жоқ.

Жаңаарқа төңірегінде репрес­сия жылдарында тек қана күй тарт­­қаны үшін төрт бірдей күйші атылды. Әбікен Хасенов күй тарт­қаны үшін сотталды. Сәкен Сей­фул­лин атылды. Демек, бұл өңір күйшілері Хрущевтің жылымығына дейін домбыра ұстауға қорықты. Одан кейін «тың тарландары» халықты дәстүрлі мәдениетінен жаңыл­дырды. Бұл кезде Созақ өңірінің жұрты қазақы қалыптарын сақтай отырып, ес жиып, етек жапқан тұста күйге ден қоюға мүмкін­дік­тері болды. 1950-1960 жылдары Созақ өңірінен күйдің шалқи көте­ріл­уінің бір сыры осында еді.

Түйін сөзім, «Зар қосбасар» Тәттім­беттің күйі, ал «Қаратаудың шерт­песі», «Бозінгеннің бүлкілі», «Жо­лаушының жолды қоңыры» күйлері еш күмәнсіз халық күйлері деп білемін. Бәрін былай қойғанда, бұл күйлердің өз болмысы халық күйлері екенін, байырғы сарын екенін әйгілеп тұр. Бұл күйлердің бітім-құрылысы, саз-сарыны, әуен-ырға­ғы Сүгірге де, Төлегенге де мүлде кел­мейді.

Менің жағам жайлау болып, шүкір­лік ететінім, ең бастысы күй бар ғой. Күй өлген жоқ қой. Ал халықтың мәртебесін көтеретін өнімсіз дау-дамай емес, өлмес өнер болса керек.

Әзірше осы.

Аманшылық болғай.

Зор құрметпен, Ақселеу.

19.02.2003 ж.».

Ғұламаның бұл хатына не алып, не қосуға болады? Ештеңе де. Енді осы хаттың жазылу жайына қыс­қа­ша тоқталып өтейін. Екі мы­ңын­шы жылдардың басында «Жас Алашта» болмыс-бітімі ерекше, қайта тумайтын Сүгір күйшінің шығар­ма­шы­лы­ғы төңірегінде дау-дамай басталып кетті. Қазақтың айтысы біте ме, осы мәселе шиырланып бара жат­қан тұста бір күні Ақселеу аға теле­фон шалды. «Әй, Қалижан-ау, мына шалды шаршаттыңдар ғой түге. Бұл гәп қашан тоқтайды өзі» деді. «Сіз бір үлкен сөз айтпасаңыз әл-әзір тоқтамайды-ау деймін» деге­нім сол еді, «Онда мен сенің аты­ңа хат жазайын, бірақ оны Арқа жақ­тан, басқа адамның атынан бер» деді. Осыған келістік. Бұл хат өн­­бейтін дау-дамайдың сая­бырсуына бірталай себепкер болды. «Демократия ауыздықталса ғана демократия, ал біздің демократиямыз тұмылдырығы алынған қабаған ит сияқты» деп өзі айтпақшы, ол тұста демократиялық ойлау деңгейі бүгінгідей дәрежеге жете қоймаған (қазір де жетісіп тұрғаны шамалы). Хатты өз атынан бермеген себебі, әлгі дау айтушылардың ішінде сыйлас әріптес ағалары да бар еді. Сірә, солардың да көңіліне қараған болуы керек. Хат басқа адамның атынан шыққанымен, одан бәрібір Ақаңның қолтаңбасы айқын сезіліп тұр еді. Айтпағым, Ақаңның аманаты туралы. Осы бір хаттың өн бойындағы дерек, дәйекпен қоса, күйдің болмысы, елдің тарихы жөніндегі жағдаяттар да айрықша ден қойғызады. Ақаң қан­дай мәселеге ден қоймасын, жан-жақты қамтып, қопарып жазатын еді ғой. Бұл жолы да сол дағ­ды­­сынан жаңылмай, аз дерекке көп ма­ғына сыйғызып, ешкімге бүй­ре­­гі бұрмастан тура сөзін айтты. Бұдан бұрынырақта Ақаң жөнінде жа­зылған бірнеше жарияланымда бұл хат жөнінде шет суыртпақтап айт­қаныммен толық мәтінін пай­да­ланған жоқ едім. Бұл жолы аманат­қа қиянат болмасын деп толық нұс­қа­сын жариялап, аз-кем түсінік­те­ме жазуды мақұл көрдім.

Әрине, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», Ақаңнан да ағаттықтар кетуі әбден мүмкін ғой. Сон­дықтан бұл да тоқтам пікір емес, әр­кімнің өз ұстанымы, көзқарасы, дерек-дәйегі, қисыны болады. Оны да ескеру керек шығар. Сүгір күйші қай кезде де ешкімге ұқсамайтын өз сарынымен өзін ақтап алары сөзсіз. Бұл сараптама оның біртуар болмысына көлеңке түсіре алмайды. Кезінде Әбікеннің «Қоңырын» да Сәкеннің күйі деп айтқандар болған. Сондықтан бұл да ұдайы өзгерістерге түсіп отыратын пікір болуы мүмкін.

Енді бір жазбасында Ақаң былай депті:

«Нұртөре!

Қали!

«Қарынның ашқанынан емес, қадірдің қашқанынан жазылды. Балақтағы бит басқа өрледі. Бассыз үйдің иті осырақ болды.

Мақаланы құп көрсеңдер, кешіктірмей басу керек.

Орайы келмесе өкпе жоқ.

С.Ақселеу.

23.06.99.».

Ақаң тәуелсіздіктің алғашқы тұ­­сында халқымыздың рухани болмыс-бітімі турасында көп тол­ғаныстарға барып, өз пікірін ға­жа­йып дерек-дәйектермен талдап, біртұтас мақалалар шоғырын жа­риялады. Соның бір сағасы ре­тін­де ұлттық арналардың, жалпы Қазақстанға тарайтын ресейлік, со­ны­мен қатар басқа елдердің ар­на­­ла­рындағы жүгенсіздік туралы күн-түн отырып зерттеген ана­ли­тика­лық мақалаларды айтуға болады. Қайсыбір жылы «Алматы ақша­мы­ның» 25 жылдығына Астанадан арнайы келіп, бас редакторлар жинал­ған сол жиында осы мәселе төңі­регінде айрықша тебіреніп сөй­ле­гені де есте. Соншалықты ба­йыбына жетіп, терең зерттелген теле­­арнадағы жаға ұстатар сұм­дық­тар, көптеген келеңсіздіктер жө­­нін­дегі оның озық пікірлері сол тұс­та бізге рухани бағдарлама, ба­ғыт-бағдар болғаны анық еді. Егер жа­ңыл­масам, Ақаң жазбасындағы өтініш осы тақырыптағы мақаланың жайы болса керек. Дейтұрғанмен де, бұл мә­селенің де бүгінде шешімін тауып кет­кені шамалы. Мәселе бәрібір қалды.

Жалпы, Ақаң деңгейіндегі тұлға­лар өміріне дендеп енген сайын оның өзге қырынан жарқырап ашы­ла берері сөзсіз. Ұстаз жөнінде жа­зыл­ған әр кез­дегі ой-толған­ыс­­та­ры­мызда оның ай­рықша біті­мін бедер­леуге, тануға біршама қадам да жасалды. Олар – қазына. Аршып ал да елдің игілігіне пайда­лан. Себебі олардың ой-тол­ға­ныс­тары, көтерген мәселелері қай кезде де маңызды, мазмұнды. Хал­қы­­мыздың рухани-мәдени тегін, төлтума болмысын тарих тереңінен аршып алып, шынайы зерделеп, қолымызға ұстатып кеткен мұндай кемеңгерлердің кеңесіне әрдайым құлақ түріп, оны басшылыққа алып отыру парыз, міндет. Біздің «Алма­ты ақшамының» «Тұлғатану» айда­ры­ның да әу бастағы қасиетті міндеті осы және оны үздіксіз жалғастыра береді.

Қазаққа үш Ақаңды – Ахмет (Бай­тұрсынұлы), Ахмет (Жұбанов), Ақселеуді (Сейдімбекті) берген ХХ ғасырға мың тағзым! Бүгінгі ессіз­деу, кесірлі қоғамның көзімен қарасақ, осылар болмағанда біз руха­ни мүсәпірліктің құрсауында қалға­ны­мыз қалған екен.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ