Аймақтар • 23 Қараша, 2019

Ақмолада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері талқыланды

227 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшелері Ақмола облысында жұмыс бабындағы сапарымен болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмолада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері талқыланды

Сенаторлар Максин құс фабрикасына, «KazBeef Processing», «AgrimerAstyk» серіктестіктерінде болды және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Шараға ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, денсаулық сақтау, сауда және интеграция министрліктерінің басшылары, ҮЕҰ өкілдері, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер қатысты.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан Республикасының мүше болуы ішкі және сыртқы нарықтарда жаңа мүмкіндіктермен қатар бәсекеге қабілеттілікке жоғары талаптар қоятынын атап өтті. Ә.Бектаев осыған байланысты агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеудің рөлі өте маңызды деп санайды. Ол 28 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғанын, ол құжаттың мақсаты агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру және 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі ережелерін іске асыруды қамтамасыз ету екенін хабардар етті.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ағымдағы жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының шикізат бағытының 70%-ға жеткенін, ал қайта өңдеу кәсіпорындары барлығы 40%-ға артқанын ерекше атап өтті», деді Сенат комитетінің төрағасы.

Статистикалық деректерге сәйкес, 2018 жылы ет өнімдерін және сүт өнімдерін қайта өңдеу саласында өндірістік қуаттардың жүктелуі 64%-ға жуық; ұн тарту өнеркәсібінде - 35-38 %; жарма өндірісінде - 43 %; макарон өндірісінде - 51% болып отыр.

Көрсетілген салалардағы негізгі проблемалардың қатарына: шикізат экспортының жоғары үлесі; шикізат сатып алуға айналым қаражатының жеткіліксіздігі; технологиялық жабдықтың тозуы; дайын өнімді экспорттау кезінде теміржолдың жоғары тарифі; ГМО және басқа да өнімдерді әкелуге бақылаудың болмауы жатады.

«Осы және басқа да объективті себептер ауыл шаруашылығында қайта өңдеу саласының дамуына өз әсерін тигізеді», деп атап өтті Ә.Бектаев.

Кездесу барысында осы саланың өзекті мәселелерін талқылау бойынша қызу пікірталас өтті. Сенаторлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын айтты және ол бұдан былайғы жұмыс барысында пысықталып, ескерілетін болады.