Парламентшілер бүгінгі күнге дейін жасаған қызметінің қорытындыларын шығарып, болашаққа жоспар құрды. Сонымен қатар бірқатар үлгі заңдарды қабылдады.
Пленарлық отырыста сөз алған Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин ТМД ПАА-ны – әлемдік парламентаризм жүйесінде ерекше орын алатын ТМД елдерінің парламентшілері арасындағы нәтижелі диалогқа тиімді алаң екенін атап өтті. Сонымен бірге Мәжіліс Төрағасы Ассамблеяның әрбір пленарлық отырысы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында елдердің интеграциялану жолындағы дәйекті қадам екенін баса айтты.
«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінде сол саясатты жалғастыруының арқасында Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы серіктестікті белсенді және өзара пайдалы сипатта бағытынан таймай келеді», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Елбасының ТМД-ның экономикалық негіздерін нығайту және сауда кедергілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдау туралы бастамаларының маңыздылығы туралы айта келе, Нұрлан Нығматулин Достастықтың заманауи өмір шындығына бейімделуінің оң динамикасын атап өтті.
Мәжіліс Спикерінің пікірінше, Достастықты жаңғырту және эволюциялық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың жалғастырылғаны жөн. Қазіргі уақытта ТМД-ны одан әрі қарай дамыту тұжырымдамасы және оны іске асырудың негізгі іс-шаралар жоспары жаңартылуда. Өзгерістер, ең алдымен, посткеңестік елдер ынтымақтастығының экономикалық мәселелеріне әсер етеді. Н.Нығматулин ТМД кеңістігінде өзара ықпалдастықтың терең деңгейімен жаңа интеграциялық бірлестіктердің пайда болуы және өркендеуі енді жаңа құжатта көрініс табуы қажет екенін мәлімдеді. Әйтпесе ТМД-ға кіретін мемлекеттердің өзге интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарының дамуына кедергі туады.
Цифрлы экономика мен электронды сауда сияқты өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттары – ерекше назар аударуды қажет етеді. Елдердің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастығы нығайтуға зәру.
Нұрлан Нығматулин Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясының іске асырылуына байланысты ТМД ПАА-ның күн тәртібі де өзекті боларына сенім білдірді.
– Мемлекеттер басшыларының барлық шешімдерінің орындалуына парламенттік деңгейде барынша қолдау көрсету қажет. Қазіргі уақытта Парламентаралық Ассамблеяның әр пленарлық отырысы прагматикалық сипатқа ие болуы айрықша маңызды бола түсуде. Елдеріміз бетпе-бет кездесіп отырған заманауи сын-қатерлер жағдайында ТМД-дағы интеграциялық процестердің дамуына заңнамалық қолдау көрсететін парламентшілердің рөлі артып келеді. Сондықтан Ассамблеяның маңызды қырларының бірі – үлгілік заңнама. Ол ТМД аумағында интеграциялық үрдістерге заңнамалық қолдау көрсететін және ұлттық заңнамалардың өзара үйлесуін қамтамасыз ететін тиімді құралы болып табылады, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Мерейтойлық жиында ТМД парламентшілері «Мүлікті сенімді басқару туралы және траст туралы», «Міндетті құқық туралы», «Экологиялық шығынды бағалау туралы», «Экологиялық туризм туралы», ұлттық экологиялық қауіпсіздік орталықтарын ұйымдастыру бойынша Ұсыныстар және трансшекаралық ақпарат алмасудағы электронды нотариаттық іс-әрекеттер туралы үлгі заңдарды қабылдады.
ТМД ПАА-ның күзгі сессиясы аясында Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин бірқатар екіжақты кездесу өткізді.