Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың келешегін талқылады. С.Жақсыбеков жоғары саяси деңгейде өзара сапарларды пысықтайтын уақыт келгенін атап өтті.
Сенаттағы Канадамен ынтымақтастық жөніндегі топтың жетекшісі парламентаралық үнқатысуды одан әрі үдету туралы айта келіп, канадалық парламентшілер делегациясының 2017 жылғы қаңтардағы сапарына ризашылығын білдірді және Қазақстан парламенттік делегациясының Канадаға сапарын пысықтау қажеттігіне тоқталды.
Серік Жақсыбеков Парламент Сенатының рөлі мен қызметі туралы хабардар етіп, бүгінгі таңда Қазақстан Парламентінде 36 депутат әйел бар екенін жеткізді.
Тараптар келешекте сауда-экономикалық қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады. Сенат комитетінің басшысы канадалық бизнестің біздің экономикамызға барынша белсенді түрде қатысуына Қазақстанның мүдделі екенін атап өтті. 2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 344 млн долларды құрады, бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 2 еседен көп.
Серік Жақсыбеков Канадамен халықаралық аренада, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық форумдар аясында белсенді ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті. Ол Қазақстанның бітімгершілік әлеуеті едәуір ұлғайғанын, дамуға ресми көмектің ұлттық жүйесі құрылғанын айтты. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының алаңында Президент Қ.Тоқаев біздің елімізде Орнықты даму мақсаттарын ілгерілету жөніндегі өңірлік орталық құруды ұсынған болатын. «Осы салаларда тәжірибе алмасу мен Канадамен бірлескен жобаларды іске асырудың әлеуеті зор деп санаймыз», – деді сенатор.
С.Дион бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға Қазақстанның қосқан қомақты үлесін атап өтті. «2021-2022 жылдары осы лауазымға біз лайықты мұрагер боламыз деп үміттенемін», деді Канада Премьер-министрінің Еуропалық одақ және Еуропа жөніндегі арнаулы уәкілі.