Қазақстан • 25 Қараша, 2019

Картоп және көкөніс өсірушілерінің мәселелерін шешу үшін Жол картасы әзірленеді

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі әр сенбі сайын салалық қауымдастықтармен және ірі өңдеуші кәсіпорындармен кездесуді жалғастыруда. Осы сенбі күні Сапархан Омаров «Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері» одағының басшысы Қайрат Бисетаевпен кездесті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Картоп және көкөніс өсірушілерінің мәселелерін шешу үшін Жол картасы әзірленеді

Кездесу барысында көкөніс шаруашылығын дамыту, оның ішінде картоп өндірісін ұлғайту бойынша бірқатар өзекті мәселелерді, алда тұрған міндеттер мен жоспарларды талқылады. Өз кезегінде Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері одағының өкілдері министрге аталмыш саладағы мемлекеттік қолдау көрсетуді арттыру, инвестициялық субсидиялау, тұқым бағасын біріздендіру және т.б. мәселелер бойынша өз ұсыныстарын жеткізді.

Көтерілген мәселелердің көпшілігі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, Сапархан Омаров кеңес қорытындысы бойынша АШМ-нің бейінді департаментіне «Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілері» одағы және «Атамекен» ҰКП бірлесіп бір апталық мерзімде «картоп өсіру саласын» дамыту бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
 
Айта кетсек, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша кездесуден кейін осы саладағы проблемалық мәселелерді анықтап әрі толық зерделеу мақсатында әр апта сайын салалық қауымдастықтармен және ірі өңдеуші кәсіпорындармен кездесулер ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған болатын. Келелі кездесулер үшін әр аптаның сенбісі таңдалды.

Өткен айда ведомство басшысы Қазақстанның астық өңдеушілер мен нан пісірушілер Одағының, Республикалық қой шаруашылығы палатасының және несиелік серіктестіктер қауымдастығы, сондай-ақ  қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мүшелерімен кездесті.
 
Жақын арада кондитерлердің, құс және жұмыртқа өндірушілерімен, бағбандармен, сондай-ақ Қазақстанның астық, сүт және ет-сүт одақтарының салалық бірлестік өкілдерімен сенбілік кездесулер өткізу жоспарланған.