Бүгінде Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Қазақстанды бар жаһан біледі. Билікке келген сәтінен-ақ, халықаралық бітім саясатын басшылыққа алған Елбасы әлемге пайда тигізер қаншама оң шешімдер қабылдап, тіпті мәмілегерлік үшін диалог алаңын да құрды. Осы орайда Ұлыбританияның 1979-1990 жылдары Премьер-министрі болған Маргарет Тэтчер 1990 жылдардың басында «Қазір әлемде бес-алты ірі және өте ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған толық сенемін және оның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан бастамаларымен келісемін», – деген еді.
Елбасы заманның тынысын дөп баса алатын көреген саясаткер. Заман буырқанған теңіз бетінде жылжыған қайық іспетті болса, ол батып кетпеуі үшін ескекті ұстар қажыр-қайрат керек-ақ. Нұрсұлтан Назарбаев осынау сан қилы сәтте елдің ішкі де, сыртқы да жайына тереңнен көз салып, бағамдай алды. ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған сәтте-ақ, қарқынды өзгерістер болды. Әлем де, адам да өзгерді. Цифрландыру мен жаһанданудың күнделікті адамзат тұрмысына еніп кеткені сонша, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық тіпті бар әлем өмірінің сұранысы өзгеріп кетті. Ел басшыларына тың реформа құруға және оларды кезек күттірмей дұрыс бағыттап отыруға тура келді. Бұл тұрғыда танымал зерттеуші Рой Медведевтің Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Өзге бақылаушылар сынды Қазақстанның табысқа жетуі мен сәттілігін Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырамын. Мемлекет басшысы дағдарыс жылдары маңызды шешімдер қабылдап, бағамдай алды. Оның қабылдаған шешімдері арқасында Қазақстан басқа мемлекеттер еңсере алмаған қаншама қауіптен аман қалды», деген сөзі ойға оралады. Әлбетте, тек ішкі саясатыңды бағамдай берсең, сыртыңнан көз тастар алпауыттар бар. Елбасы осының бәрін уысында ұстап, тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанды бейбіт жолға бастады. Әлем үшін тек соғыс пен қауіптің көзі болған, талай миллиондардың тағдырын жалмаған атом бомбасынан бас тартып, аса маңызды шешім қабылдады. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы шешімі бар жаһан лидерлеріне үлгі болып, Қазақстанның бітімгерлік саясатына деген сенім пайда болды. Бұл шешімді АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама «Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі саналады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүмкіндік берді», деп оң пікір білдірген еді. Тұңғыш ел басшымыз бір халықтың не мемлекеттің ғана емес тұтас әлемнің, онда тұратын адам баласының ертеңіне көз тастады. Себебі жаппай қырып-жоятын ядролық қару соғыс қауіп-қатерін күшейтумен қатар, жымысқы саясаттың да құралына айналып үлгерген еді. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Елбасының осынау кең жүректі қасиетін «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?! Ол – адал да әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол – өз халқының бір бөлігі», – деп бағалаған болатын. Ал Ресей Федерациясының Премьер-министрі Дмитрий Медведев қазіргі Қазақстанның табысты дамуында, Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік пен одақтастықты дамытуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор рөлін атаған еді.
Сирия Араб Республикасында ұзақ жылдарға жалғасқан соғыс тек бір мемлекеттің ғана емес, тұтас әлемнің тыныштығы мен бейбіт өміріне нұқсан келтіре бастады. Мүдделер қақтығысып, саясат қитұрқы ойынға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамыры тереңге кеткен қантөгісті тоқтату үшін тың бастама көтеріп, Қазақстан астанасын Сириядағы бітімге келе алмай отырған тараптарды бір ортаға жинап, диалог құру алаңы ретінде ұсынды. Осылайша Сирия бойынша Астана процесінің оннан аса раунды өтті. Тараптар ақырындап келісімге келе бастады, қызу соғыс өршіп тұрған аймақтардағы жағдай түзелді. Бұл процесс әлі де жалғасуда.
Елбасының кезекті бастамасы бейбіт әлемнің кең тыныс ашуына тағы да түрткі бола алды. Ұлтымызға жат ағымның ықпалымен Сирияға кетіп, адасқан отандастарымызды елге қайтаруды әлемде алғаш қолға алған Қазақстан десек артық айтқандық емес. Өйткені алпауыт державалардың өзі азаматтарынан бас тартып, оларды қоғамға «індет» таратар содырлар ретінде көріп, шекарадан әрі асырмады. Бұл – рас. Оның дәлелі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен осы жылдың басында табысты жүзеге асырылған «Жусан» гуманитарлық операциясы. Операция нәтижесінде жүзге жуық қазақстандық, ең бастысы еш кінәсі жоқ кіршіксіз сәбилер Отанына оралды. Әрине олардың ата-аналарының ісі заң негізінде сотта қаралды. Бірақ туған мекенінде. Міне, Елбасының көреген саясатының арқасында отандастарымыз шетелде өгей тағдыр кешпеді. Себебі жат ағымға еріп кеткен ата-аналарының артынан ерген балалары бар ғой, олардың бұл таңдау еркіндігі емес еді. Елбасы мұнда келер ұрпақтың да қамын ойлап, оларды тамұқ тағдыр апатынан сақтап қалды. Осы арада «сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралған» немесе «жесірін жатқа бермеген, жетімін жылатпаған» деген халық даналығы ойға келеді.
Елбасының сындарлы саяси ұстанымы тек сыртқы саясатта ғана емес, ел ішінде де оң бағыт тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдаған ел тарихындағы ең айтулы да маңызды шешімдердің бірі елорданы Алматыдан Ақмола қаласына (қазіргі Нұр-Сұлтан) көшіру болды. Бұл оңай шешім болған жоқ. Алайда саяси, экономикалық, стратегиялық тұрғыда ең ұтымды шешім еді. Елбасының көрегендігі мен тікелей бақылауының арқасында Қазақстан қысқа мерзімде Еуразияның жүрегіне айналған өркениетті астананы тұрғыза алды. Елорданың құрылысы алғаш басталып, әсем ғимараттары енді бой түзеп жатқан сәтте-ақ, бұл шаһар әлемдік саясатты талқылап, оң шешімге келе алатын орталыққа айналды. Жас қалада Елбасының бастамасымен әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өтіп, жаһандық береке мен бірлікке Қазақстан тікелей түрткі болды. Нұр-Сұлтан қаласының жылнамасына әлемнің 56 елінің басын қосқан, «Астана декларациясы» деген атпен тарихқа енген аса маңызды құжат қабылданған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының айтулы саммиті, 57 мұсылман елінің басын біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының сессиясы, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жазылды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің, Еуразиялық Экономикалық одақтың аса жоғары жауапкершілікті талап ететін форумдарын қабылдады. Аталған халықаралық жиындарда Қазақстан Тұңғыш Президентінің идеяларына негізделген әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер ететін тарихи құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай жарияланған «Елбасы жігерінің жеңісі» атты мақаласындағы (2018 жылғы 3 шілде, «Егемен Қазақстан» газеті) Елбасымызға берілген баға тұтас елдің берген бағасы іспетті: «Астана – Елбасының перзенті. Ол – мемлекет құрушы әрі ғажайып қала – Астананың рухани әкесі, архитекторы. Оның есімі дәуірдің ең белгілі, ықпалды жаңартушыларының қатарында аталады. Ол жаңа Қазақстан мемлекетін орнату кезеңінде қазіргі заманның ең дарынды жасампаз реформаторы ретінде танылды».
Иә, көпжылғы тәуелділіктен кейін егемендігін алған Қазақ елінің өзі таңдаған астанасын заманауи әлемдік сәулет өнеріне сай қылып салу кез келген саясаткердің, Мемлекет басшысының қолынан келе бермейтіні анық. Н.Ә.Назарбаевтың ерекше қасиет иесі екенін белгілі мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы М.Қасымбековтің елорданың тұсаукесер рәсіміне дайындық барысы бойынша Елбасының төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінің стенограммасын негізге алып жазған «Бас қала осылай басталған» (2018 жылғы 18 маусым, «Егемен Қазақстан» газеті), «Как зарождалась Астана» (18 июня 2018 года, «Казахстанская правда»), «Бас қала осылай басталған» (2018 жылғы 19 маусым, «Айқын» газеті), «Как зарождалась Астана» (19 июня 2018 года, и «Литер») атты мақаласындағы мына жолдар дәлелдей түседі: «Мәселенің мәнісін терең білу, аудиторияның өзіндік ерекшелігін ескеру, сенім ахуалын қалыптастыру, стратегиялық тұрғыдан ойлай білу және құбылмалы жағдайда жедел жол табу сияқты қасиеттерді иеленген Нұрсұлтан Әбішұлы өзін тек саяси жетекші, дипломат, менеджер ғана емес, сонымен бірге өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде танытады».
Елбасымыздың тағы бір бастамасы – Қазақстанның әлеуеті мен күш-қуатын, кемел келешегін әлемге танытқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу болды. Көрме – жаһандық масштабтағы ірі іс-шара, оны тек өткізіп қою жеткіліксіз, халықаралық көрме арқылы мемлекеттің ұстанымы мен нақты көзқарасы көрінеді. Қазақстан қашаннан «жасыл» экономиканы қолдайтын мемлекет. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елордада «Болашақ энергиясы» атауымен көрме ғимараты бой түзеп, егемен елдің астанасына көрік қосып, ұстанымын тағы да бекемдеді. Жас Қазақстан үшін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу үлкен жетістік. Себебі осы уақытқа дейін жоғарыда аталған айтулы іс-шараны әлемнің дамыған елдері ғана өткізген болатын. Халықаралық бітімгерлік пен бейбіт өмір жолында Қазақстан тағы да бой көрсетті. Осы орайда АҚШ Президенті Дональд Трамп «Мен Президент мырзаға ЭКСПО-2017 арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі көрегендігі мен көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай нығая түсетініне үміттенемін», деп пікір білдірді.
Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен ЭКСПО қалашығында болашақта Нұр-Сұлтан қаласын әлемге танымал қаржы орталығына айналдыратын «Астана» халықаралық қаржы орталығының да ашылғанын атап өту керек.
Осы арада айтарымыз, егер бүгінде сәні мен салтанаты келіскен әсем елордамыз болмаса, Қазақ жерінде жоғарыда аталған күллі әлемді таңғалдырған айтулы форумдар өтер ме еді?! Сондықтан бүгінгі буын емес, болашақ ұрпақ та осыдан ширек ғасыр бұрын еліміз үшін аса қиын жылдары Жоғарғы Кеңестің алдында астананы Сарыарқаға ауыстырудың ел дамуы үшін қажеттілігін дәлелдей алған, дәлелдеп қана қоймай Қазақстан астанасын қысқа мерзімде салдыра алған Тұңғыш Президентіміздің қайраткерлігін білу керек деп есептеймін.
Қазақстан – талай тағдырларды бір ортаға біріктірген көпұлтты мемлекет. Елбасы көпұлтты елді еш кикілжің, дау-дамайсыз басқарудың тың үлгісін бар ғаламға таныта алды. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, Қазақ елінде әр ұлт өкіліне құрмет танытылатынын, еркіндік пен демократияның барын көрсетіп, зайырлы мемлекет құра алды. Талай мемлекеттің ішкі саясаты ұлтаралық қақтығыстар салдарынан қырғи-қабақ тартысқа ұласып жатқанда, Қазақстан ұлы Абайдың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидатын ұстанатынын дәлелдеді. Қазіргі заманда дінаралық кикілжің салдарынан азамат соғысының оты тұтанып, әлемге лаңкестіктің қаупі төнгенін көрудеміз. Осы тұста Елбасы жаппай қырып-жою қаруынан бас тартып салмақты шешім қабылдаған сәттегідей, тағы бір әлеуетті қадам жасады. Еліміз еңсесін енді тіктеп жатқанда еш сескенбей, әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезін өткізіп, барлық дін өкілдерінің көшбасшыларын елорданың төрінде сұхбат құруға жинай алды. Бір-бірімен жаға жыртысып, жылдар бойы өштесумен ымырасыздықтан көз ашпай келе жатқан бірқатар дін өкілдері бір-бірімен қол алысып, пікірлесе алатын деңгейге жетті. Әрине, бұл дінаралық қақтығыстарды түбегейлі жойып жіберді дегенді білдірмейді, дегенмен бейбіт өмірдің бүр жаруына елеулі үлесін қосты. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Тұңғыш Президентіміздің сенімді серігі болған, Елбасымыз айқындап берген сыртқы саясатты жүзеге асыруда қайраткерлігімен танылған ел Президенті Қ.Тоқаев «Елбасы бастамасымен дүниеге келген съезд бүгінде әр үш жыл сайын шақырылатын бірегей дінаралық диалог алаңы ретінде берік қалыптасты. Форум халықаралық ахуал ушығып тұрған қазіргі уақытта дүние жүзіндегі мәдениеттер мен өркениеттердің арасын жалғап, дінаралық төзімділік пен ынтымақты нығайтуда теңдессіз рөл атқарып келеді. Сондықтан ел ішіндегі конфессияаралық келісімге арқау болуымен қатар, қалың жұртшылықтың санасына әлемдегі күллі діндердің бейбітсүйгіш болмысын сіңіре білген жиынның халықаралық маңызы ерекше», деген болатын.
Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті «қайта құрудың» кері салдарынан пайда болған қақтығыстарды жою бойынша бітімгершілік жұмыстар атқарды. Осыны түбіміз бір Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің мына сөздері дәлелдегендей: «Аймақтағы бейбітшілікке бағытталған Қазақстан басшылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мемлекетке айналды. Сондықтан да аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде, ал біз бұл мемлекеттің жетістігіне әрқашан да қуаныштымыз».
Тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында ел экономикасы күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Осындай жағдайда Қазақстанның лайықты болашағын болжау қазақтың бағына туған азамат Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана бұйырды.
Ғұлама ғалым, кемеңгер ұстаз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзімен үндес Елбасымыздың еліміздің талантты жастарының білім алуына арналған «Болашақ» стипендиясы – Қазақстанның сенімді стратегиялық таңдауы болды. Дүние жүзіне танылған қазақстандық брендке айналған «Болашақ» бағдарламасы туралы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай еске алады: «Біздің болашақты болжау мен стратегиялық көрегендігіміздің бір үлгісі – 1993 жылдың 5 қарашасында бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясы болды. Мемлекеттің қаржылық жағдайы елеулі шығындарды ауырсынатынына қарамастан, мен елдің болашағын ойлай отырып, ең лайықты деген жас қазақстандықтарды әлемнің үздік университеттерінде оқытуға қажетті қаржы бөлуге пәрмен бердім. Менің ойымша, елді дамытуда және оның гүлденуіне ауқымды үлес қосуда жетекші рөл атқаруға тиісті зияткерлер шоғыры солардан қалыптасуға тиісті болатын».
Осыдан түйер ой: XIX ғасырда ұлы Абай «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы...», – деп жырлап, жастарды мектепте білім алуға шақырса, XX ғасырдың басында Алаш зиялылары Мәскеу мен Петербордың белді жоғары оқу орындарында білім алып, Мемлекеттік думаға сайланып, елінің азаттығын ойлады. Ал XX ғасырдың аяғында «ХХІ ғасыр – білім бәсекелестігі ғасыры», деген ұстанымның авторы Елбасымыздың арқасында Америка, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да шет мемлекеттердің әлем таныған университеттерінде білім алған тәуелсіз Қазақстан жастары білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірлемелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге қол жеткізуде.
Еліміз санаулы күндерден кейін осыдан 28 жыл бұрын Елбасымыздың бастамасы бойынша қабылданған «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заң бойынша өткен бүкілхалықтық сайлау өткізілген атаулы күн – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өтеді. Н.Ә.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында «осы тарихи сайлаудың Қазақстанның тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадамы болғанын» атап өткен болатын. Өйткені саяси күнтізбеде ол заңды және символдық тұрғыда Тәуелсіздік күніне ұласады.
Сонымен қатар 1991 жылғы 1 желтоқсаннан бастап тәуелсіздіктің әр жылдары өткен барлық жалпыхалықтық тікелей сайлауларда қазақстандықтар тұрақтылық пен саяси-экономикалық дамуды таңдап, дауыстарын түгелдей Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Яғни, осы жылдары Ел мен Елбасы егіз ұғым болып кетті. Елбасымыз іргесі берік, өзегі мықты, қуатты мемлекет құрды. Кеңес Одағының құрсауынан шыққан Қазақстан күллі әлем мойындаған беделді елге және бейбітшілік белдеуіне айналды. Тұрақтылықтың, татулықтың, тұтастықтың арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болды. Елінің ертеңін ойлаған Елбасы Есілдің бойына жаңа Елордамызды орнатты. Тұңғыш Президентіміз «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын ұсынуының нәтижесінде рухани бай мұраларымыз зерделі ұрпақтың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты. Осының бәрі теңдессіз тұлғаның тегеурінді істері арқылы жүзеге асқанын дана халқымыз жақсы біледі. Осы арада, М.Қасымбековтің «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 21 маусымдағы санында жарияланған «Бастау» атты мақаласындағы мына бір дәйекті сөздерді келтіргім келеді: «Адам уақытты таңдамайды, ол тек уақытпен бірге тыныстайды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл саяси өмірбаяны белгілі дәрежеде бұл нақылды жоққа шығарумен келеді. Өйткені мемлекеттік қайраткер ретінде ол өзіне берілген жағдаяттар жүйесінің ауқымымен шектеліп қалмай, тағдырдың жазғанына сеніп, соның ырқына енжар ілесіп кете бермеді. Керісінше, ол қалыптасқан жағдайға көнбей, бұлқыныс танытып, болмысты өзі белсене қалыптастыра отырып, аса қолайсыз жағдайда және іс жүзінде тақыр жерде жаңа мемлекет орнатумен қатар, республиканы әлемдік қауымдастықтың толыққанды әрі беделді мүшесі деңгейіне көтере алды».
Дегенмен осы жылдың наурызында Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ҰЛЫ ТҰЛҒА, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемде теңдесі жоқ тарихи шешім қабылдады. Елбасымыз өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатты. Бұл тағдырлы шешім жаһандық деңгейде, тарихи ауқымда танылған саяси қайраткердің кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге тағы да танытты, мойындатты.
Осылайша Елбасы іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап берді. Менің ойымша, қазір де, алдағы уақытта да Елбасымыздың бұрын-соңды әлемдік саясатта қайталанбаған осы шешімі лайықты бағасын ала береді және болашақта билікке келетін мемлекет басшылары үшін тұрақтылықты, сабақтастықты сақтау формуласы болып қала береді. Елбасының осы шешімі жаһан лидерлері мен сарапшыларын таңдай қақтырды. Елбасының салып кеткен жолын, бітімгерлік саясатын сабақтастықты негізге алған қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент салып кеткен сара жолды жалғап қана қоймай, Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыруды қолға алды. Қазақстанның жаһандық аренадағы бітімгерлік миссиясы мен имиджі сол қалпы сақталды. Ішкі саясатта Мемлекет басшысының жетекшілігімен тың реформалар мен бастамалар көтерілуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жылы Қазақстан халқына жариялаған алғашқы Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың, халықпен тығыз байланыс жасаудың, қоғамдық келісімді нығайтып, еркін қоғам қалыптастырудың, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар тетігін атап көрсетті. «Ел бірлігі – оның әралуандылығында», деді Қазақстан Президенті өзінің Жолдауында. Елбасының «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген сөзін ту еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ынтымақ пен береке-бірлікке негізделген қазіргі саясаты ел дамуына одан әрі тың серпін беруде.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ел егемендігін бекемдеу жолындағы қажырлы еңбегі «Қазақстан жолы» және «Назарбаев моделі» деген атқа ие болды. Бірегей лидердің сарабдал шешімдері тұтас ұлтты ұшпаққа шығара алды. Осы арада тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Германияның күнделікті «Франкфутер Альгеймане Цайтунг» басылымында жарияланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы мына жолдарды келтіргіміз келеді: «Кеңес Одағының ықпалды саясаткерлерінің ішінде Нұрсұлтан Назарбаевты ең тартымды саясаткер деуге болады. Өзінің сырт келбетімен, әрі сөйлеу мәнерімен назар аудартып қана қоймай, саясаткерлер ішінде бірден көзге түсетін ерекше құбылыс иесі».
Бүгінде Елбасы өзінің мәмілегерлік миссиясын жалғастырып келеді. Күні кеше ғана ел жүрегі Нұр-Сұлтанда өткен Астана клубының бесінші отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі жаһандық саясатта түйіні шешілмей тұрған Украина мен Ресей, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы мәселеге тоқтау салуды атап көрсетіп, Қазақстанның мәміле алаңы болуға дайын екендігі туралы бастама көтерді. Егер тараптар Елбасы ұсынысына келісер болса, Қазақстан саяси шиеліністің оң шешілуіне ықпал етер кезекті келіссөз алаңы болмақ. Сонымен қатар ядролық полигонын жауып, әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен бас тартқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әр екі жыл сайын ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммит өткізу тәжірибесін қайта жандандыруды және Қазақстанның осындай саммиттердің бірін өз астанасында қабылдауға дайын екендігі туралы бастамасы да еліміздің бейбітшілік ұстанымын барша әлем алдында айшықтай түседі.
Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылға жуық уақыт ішінде қаланған әрбір кірпішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолтаңбасы бар. Тек ел іргесін мығым қалауда емес, халықаралық саясатта да қажырлы саясаткердің қосқан үлесі орасан зор. Оны бар жаһан лидерлері мойындады. Бітім мен мәмілеге құрылған саясат, жаңа елорда – өркениет пен келісімнің ордасы, тәуелсіз Қазақстан – тұрақты даму жолына түскен негізі нық мемлекет. Ал Елбасы бірегей саясаткер. Ұлы Қазақ хандарының бітімгершілік жолын жалғап қана қоймай, асқақ армандарын орындаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихты ғана емес, жаңа заман тынысын да жаңғыртты.
Осыдан он бес жылдай бұрын Қазақстан халқымен болған телеэфирде Елбасымыз Қазақстанның ұлттық идеясы қандай болуы керек деген сауалға «Ұлттық идеяны барлық қазақстандық бірдей қабылдайтын болуы тиіс. 75 жыл бойы коммунистік идеямен өмір сүрдік. Бүгінгі мемлекетімізді құрушы қазақ халқы. Қазақ басқа жерде өскен де, өнген де жоқ. Біз ешқайдан көшіп келгеніміз жоқ. Қазақ елінің, Қазақстанның тәуелсіздігі – ол бірінші идея. Мұны болашақ ұрпақтың қолына тапсыруға тиіспіз. Ұлттық идеяның тағы бір тірегі – ел экономикасын бәсекелестікке сай мықты жасау. Үшінші идея – елдің бірлігі. Осы үш мәселенің төңірегінде қазақтың тілін, қазақтың дәстүрін басқа халықты ренжітпей шешетін болсақ, осы үш саладан басқа қандай идея керек», деп жауап берген болатын. Олай болса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік ұлы идеялары тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан еліміздің ертеңгі үміті, сенімді серігі болып табылатын жас буынның бойтұмары болуы тиіс екені сөзсіз.
Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор