«Бүгінгі шара біздің елдігімізді білдіретін, мемлекеттігімізді көрсететін айтулы тарихи шараның бірі болып отыр. Атырауда аспанмен таласқан еңселі ескерткіш қойылды, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілді, енді міне, ақын апамыздың мерейлі белесіне орай Алматы қаласында да дәл сондай шараның куәсі болып отырмыз. Көшеге атау беру бірнеше кезеңдерден тұратын, бірқатар талаптар мен жоралғылармен байланыстырылған өте жауапкершілігі мол шара. Бірақ Фариза Оңғарсынова атына көше берілетін кезде барлық кезеңдері жауапты тұлғалар тарапынан бірауыздан мойындалып, бір кісідей қолдауының арқасында қиындықсыз жүзеге асқанын көрсетті. Себебі қазақтың поэзиясы, оның ішінде қыздар поэзиясы дегенде алдымен ауызға ілінетіні Фариза апамыздың есімі және нәзік те сыршыл ақынның шығармашылығы алдымен ойға оралады. Сондықтан Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен және қалалық мәслихаттың шешімімен шаһардың жүрегіндегі ең ірі магистральды көшелердің біріне Фариза Оңғарсынованың есімі беріліп отыр. Құтты болсын!» деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов.
1960 жылдардың аяғына қарай жазушы Шерхан Мұртазаның шақыруымен Атыраудан Алматыға шақырылған Фариза ақын қырық жылға жуық өмірін осы қалада өткізді. Аспаннан найзағай түскендей жарқылдаған жасын өлеңдерімен дүйім жұртты жалт қаратқан жас ақынның Алматыға келуі әдеби ортада үлкен оқиға ретінде қабылданады. Елде жүріп-ақ қаламгерлік қарымын танытып үлгерген ол Алматыға келісімен кілең әдебиет майталмандарымен бірге шығармашылық қазанында қайнап, тереңдігін танытып, поэзиядағы дара құбылыс екенін дәлелдей түсті. Оқырмандарының жүрегінен орын алған ең таңдаулы өлеңдерін де дәл осы қалада жазды. Жиында сөз алған Қазақстан жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов Фариза ақынның ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғанға дейін қазақтың санасының, намысының оянуына, ел рухының өсуіне осы қалада жүріп, бір адамдай қызмет етіп, тұлға ретінде толыса түскенін, отты өлеңдерімен қазақтың рухани анасы болғанын атап өтті.
Халықтың ілтипатын құжатпен бекітіп, аумағы абаттандырылып, келешектегі инфрақұрылымы кемел болатын көз тартар аудандағы жаңа көшенің бойында ұйымдастырылған жиынды қала әкімдігінің өкілдері Зенков көшесіндегі биік үйдің жанында жалғастырды. Бір әулеттің ғана қызы болып өмірге келіп, өміршең өлеңдерінің ақиқатымен, шынайылығымен тұтас ұлттың қызына айналып кеткен Фариза Оңғарсынова өмір сүрген үйдегі ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, мұнда да әдебиеттегі әріптестері мен сыйлас, сырлас замандастары, ағайын, бауырлары жылы естеліктерімен бөлісті. Соңынан ақын рухына бағышталып Құран оқылып, ас берілді. Ақынның әдебиеттегі, қоғамдағы орны туралы, кісілік қасиеті мен поэтикалық болмысы жайлы парасатпен өрілген естеліктер топтамасын тарқатқан Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет, Смағұл Елубай, Ғайникен Бибатырова, Зейнолла Бейсенғалиев, Қали Сәрсенбай, тағы басқа қанаттас қаламдастары, құрбыларының лебізінен ақын портреті әр қырынан көрініс тауып, қазақ руханиятына із тастап кеткен ірі бейненің ешқашан көмескі тартпайтынына сендіре түсті. Ақынның 80 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар легі М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен салтанатты жиынмен түйінделіп, өнер шеберлерінің концертіне ұласты.
АЛМАТЫ