Президент • 29 Қараша, 2019

Түркістанды түлеткен

1017 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Түркістан қаласы бүгінде күн санап көркейіп келеді. Әсіресе жарыса бой көтерген қала аумағындағы тұрғын үйлер мен көздің жауын алардай көркем ғимараттар өңір экономикасына жаңа серпін беруде. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен бастамасы киелі Түркістанның жандана түсуіне, бүгінгідей ізгілікті істерге басты негіз болғаны елге мәлім.

Түркістанды түлеткен

Түркістанды орталық ету идеясы

Иә, өткен жылдарғы деректер­ге көз жүгіртсек, ең алдымен 1985-1988 жылдары Қазақ КСР Ми­нистрлер кабинетінің басшысы қызметін атқарып жүрген тұста Н.Назарбаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрып, мұндағы атқарылып жат­қан іс-шаралармен танысады. Содан бері Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті тарапынан жаңа идея­лар, тың бастамалар ұсынылып, жүзеге асырыла бас­тады. Еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп, егеменді мемлекет ре­тінде еңсесін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұртының ба­сын қосуға бағытталған жоба­лар­ды бекітті. Тіпті елордаға лайық­ты қалалар қатарында қарас­ты­рылғаны да жуырда жария етіл­гені мәлім. Яғни, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында елорданы көшіретін кандидат қалаларды таң­даған кезде Түркістан да қа­растырылғанын айтты. «Ол көптен ойлап жүрген мәселе еді. Тіпті елор­даны таңдаған кезде де ойым­да болды. Ол кезде кішігірім қала. Елорданы онда апара алмайтын болдық. Себебі ол – біздің рухани орталығымыз, тіпті түркі әлемінің рухани ордасы», деді Н.Назарбаев.

Елбасы бастамасымен киелі мекеннен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. Соны­мен қатар кесененің көрік-кел­бетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түр­кістан қаласының 1500 жыл­дық мерейтойын  ЮНЕСКО дең­гейінде атап өтуге барлық жағ­дайды жасады. Президенттің Әзірет Сұлтан кесенесіне жасаған қамқорлығының арқасында,  «Мә­дени мұра» бағдарламасының аясын­да көне шаһардың шынайы ше­жіресін айқындау қолға алынды.

Жалпы, бүгінде сарапшылар­ Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Түркістан қаласын облыс ретінде танып, оған мәртебе беру арқылы ха­лықаралық деңгейде насихаттауы кеше көтерілген тақырып емес екенін айтуда. Себебі «Түркістан идеясы» алғаш ел астанасын бекіту кезінде пайда болғанын Елбасының жоғарыда айтылған сұхбатындағы өз сөзі де дәлел бола алады. 1500 жылдық тарихы бар Түркістанды қайта жаңғырту, облыстық деңгейде мәртебесін көтеру, бүкіл түркі халықтары ара­сында ортақ мәселе ретінде қарастыру – осының бәрі көне қалаға деген ерекше көзқарастың аясында жасалып жатқан ауқымды әрі маңызды шаралар. Елба­сы халықаралық биік саяси фо­румдарда болсын, өңірлік ма­ңызды жиындарда болсын Түркістан мұратын бір сәт те естен шығарған емес. Мысалы, Әзер­байжан елінің астанасы Баку қаласында өткен Түркітілдес мем­лекеттердің ынтымақтастығы кеңе­сінің жетінші отырысында Елбасы екі ұсынысты ортаға сал­ған болатын: біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс. Осылайша түркітілдес мемлекеттер үшін сырт­қы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін беріледі. Сонымен қатар Елбасы осы отырыста Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласын дамыту, оның маңыздылығы туралы айтып өтті. Ал биылғы қазан айындағы Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында Тұңғыш Президент халықпен кездесуінде көне шаһардың ертеңіне де тоқ­талды.  «Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның 1500 жыл­ды­ғын атап өтеміз деп біраз шаруаны атқарған едік. Сонда осы алаңда кездесіп, сөйлескенбіз. Сол кезде Түркістан орталық болады деп айтқанмын. Мінекей, былтыр Түркістан облыс орталығы болады деген  Жарлыққа қол қойдым. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент – бір мил­лион тұрғыны бар қалалар қатарында. Болашақта осындай үлкен қалаларда экономика, мәдениет – барлығы өсіп-өркендей береді. Алдағы уақытта миллион тұрғыны бар қалалар саны тағы артады. Бүгін шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін. Түркістан шаһары алдағы уақытта ірі мегаполиске айналады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ туризмнің дами түсетініне сенім білдіріп, облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын жеткізді. «Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске елі­міз­дің барлық өңірлері қатысып жатыр. Жұмыстың қандай қарқын­мен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді. Кейін одан сайын көбейеді деп ойлаймын», –  деді Елбасы.

Иә, 1990-жылдардың аяғында Ел­басының ұйғарымымен Түр­кіс­танның 1500 жылдығына байланысты дайындық шаралары басталды. Ал 2000 жылы 22 сәуір­де Н.Назарбаев мерейтойға дайын­дық барысымен танысты. Бұл шараға Тұңғыш Президент айрықша көңіл бөлді, өйткені рухани астана мерейтойының жоғары деңгейде өтуі маңызды еді. Мерейтойды абыроймен өткізуге Оңтүстік халқы белсене атсалыс­ты. Қаладағы Әзірет Сұлтан кесенесі мен оның төңіре­гінде көп іс атқарылып, Түркістан шаһары танымастай түрленіп, сән-салтанат құшағына бөленді. Қасиетті Түркістанның 1500 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Зәулім құрылыстар бой түзеді. Көше, аяқжолдар ретке келтірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болған шын мәніндегі тарихи игі іске халқымыздың жанашыр азаматтары бір кісідей атсалысты. Облыс, аудан, қала басшылары нақты көмек көрсетті. Жан-жақтан құрылыс материалдары ағылып, университет оқытушы-профессорларына арналған соңғы үлгідегі кең де жарық, жайлы коттедждер де бой көтере бастаған еді. Сол үйлерге Алматы, Шымкент қаласы мен Өзбекстаннан, Моң­ғолиядан, өзге де жерден бекем бел буып, біржолата келген атақ­ты профессорлар қоныс­тана бастады. 2000 жылы Түркістан­ның 1500 жылдық салтанатына­ қатысқан Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Қаланың қысқа уақытта жөн­деліп, кесененің қалпына кел­тірілгеніне, ең бастысы, Қожа Ахмет Ясауи рухын қастерлеу атмосферасы сақталғанына қайран қалдым. Түркістан даярлығы – Елбасы Н.Назарбаевтың өз елінің хал­қы мен тарихына, дәстүрі мен­ мәдениетіне деген ыстық ықы­ла­сының жарқын бейнесі», – деді. Осылайша жоғары деңгейде өт­кізілген мерейтойдан кейін де Елбасы Түркістанның дамуын назардан тыс қалдырған жоқ. Жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы жалғасын тапты. Мысалы, Н.Назар­баевтың қолдауымен 2002 жылы Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынды. Елбасы спорт­тық-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Бүгінде аталған нысан жас спортшылардың шеберлігін шыңдауына қызмет етуде. Сондай-ақ Тұңғыш Прези­дент түркітілдес мемлекет басшыларымен Түркістанда кездесу өткізіп отырды.

 Білім ордасы – бауырластық бастауы

Республика халқы, әсіресе Түр­кістанның тұрғындары Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың киелі қаланы қайта­ жандандыру жөніндегі идея­ны өзі көтеріп, оны нақты қам­қор­лығымен жүзеге асырып­ отырғанын жақсы біледі. Елбасының Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университетінің шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Президенттің өзі көтерген идея Түркістанның ұлы қасиетінің жандана түсуіне негіз болды. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуінде кезінде Елбасының өзі үкілі үміт­пен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Білім ордасы күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәде­ниетінің алтын бесігіне айналып­ келеді. Елбасының абырой-беделі арқасында Түркиядан қо­мақты қаржы тартылды. Түркі әлеміндегі тұңғыш халықаралық университеттің ашылу салтанатында Елбасы: «Келешекте бұл Түркі халықтарына ортақ оқу орнына айналады. Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті», деген үлкен міндет жүктеді. Университет ашылған уақыттан бастап, оқу ордасының тыныс-тіршілігі, даму барысы Елбасы назарынан тыс қалған емес. Қасиетті қалаға жасаған сапарларының барлығында университетке арнайы ат басын бұрып отырды.  Сондай іс-сапарлардың бірінде, 2002 жылы университет қабырғасында өткен Дүниежүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің зор рөл атқарып отырғандығын риза­шылықпен айтамын. Бұл білім ордасы Қазақ елі тәуелсіздігінің символына, Қазақстан мен Түр­кия достастығының, білім мен мәдениетінің алтын бесігіне айналды. Университет қысқа мерзімде Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі оқу орындарының қатарына қосылды. Рухани астана – Түркістанда шаңырақ көтер­ген түркі халықтарының ортақ оқу орны – Халықаралық уни­верситеттің қабырғасынан түлеп ұшқан жастардың халықтар ын­тымағы, береке-бірлігі жолында қызмет етіп, бірігу кезеңі аяқ­талып келе жатқан түркі дүниесін қа­лыптастыруға лайықты үлес қоса­тындықтарына кәміл сенемін!»,  деген еді. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тек республика ғана емес, Орталық Азиядағы ірі оқу орындарының бірінен саналады.

Ал 1998 жылы Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласына жасаған сапарында ХҚТУ-да бо­лып, Түркия Президенті Сүлей­мен Демирелмен «Түркістан – Ыстанбұл» телекөпір арқылы тікелей сұхбаттасты. Телекөпір барысында екі ел президенті универ­си­теттің бүгіні мен ертеңі туралы сөз қозғап, Ясауи кесенесін көркейту, жөндеу және болашақта мәдени-рухани орталыққа айналдыру мәселелері жайында пікір алмасты.  Сондай-ақ университеттің студенттер қалашығында болып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Ал 2015 жылы сәуірде Түркия Республикасының Прези­денті Режеп Тайип  Ердоған Қазақ­станға ресми сапары барысында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы ХҚТУ-ға барды. Оқу орнына келген Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоған Уни­верситет қалашығының макетімен танысты және музейді аралап көрді. Сондай-ақ екі ел Президенті Түркістан қаласындағы түрік тарапының қаражатына салынған 2 мың адамдық мешітті аралап көрді, дін өкілдерімен және қала тұрғындарымен әңгімелесті. Міне, осылайша екі елді жақындастыра түскен білім ордасы бүгінде Орта­лық Азиядағы іргелі оқу орын­дарының бірі саналады. Қазірге дейін оқу орнын 80 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Өткен жылдан бастап университет барлық бағыттар бойынша іс-шараларды толық көлемде модернизациялау­ды бастады. Университетті 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Стратегиясы жасалып, ол ХҚТУ-дың Үкіметаралық Өкілетті Кеңесі тарапынан қабылданған. Соның аясында 2018–2019 оқу жылында барлық процестерді жан-жақты қайта құру жүзеге асырылды. Қазіргі таңда университетте 19 елден 40 ұлт өкілі саналатын 10 мыңнан астам жас білім алуда. Оның ішінде түркітілдес  17 мемлекеттен келген 1200-ден астам студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде білім алады. Сондай-ақ барлығы 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік болса,  30 мамандық бойынша магистратура,  4 маман­дық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған. Жыл сайын қазақстандық талапкерлерге Түркия Республикасы тарапынан 500 білім гранты беріледі. Содан бері өткен уақытта кең өріс алған Қазақстан-Түркия ара­сындағы іскерлік байланыс­тар түбі бір туыстықпен тығыз аста­сып жатыр. Соның бір ғана жар­қын дәлелі ретінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қал­пына кел­ті­ру жұмыстарын жүр­гізуді Түр­кия өз мойнына алып, қыруар іс атқарғанын айтар едік. Яғни Түр­кіс­тан қаласы ажа­­рының ашыла түсуінде түрік бауыр­ла­ры­мыз­дың да үлесі мол.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­­денті Н.Назарбаев ерекше мән беріп, мәртебесін өсірген Түр­кіс­танды абаттандыру, көр­кейту ба­ғытында бүгінде ауқымды жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Қала 32 секторға бөлініп, оған жауапты аудандар мен басқармалар өздеріне тиесілі орындарды тазалау, әрлеу жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ «Бір отбасы, бір ағаш» акциясы өт­кізіліп, барша түркістандықтар өз үлесін қосуда. Сонымен қатар, Түркістан қаласы дүниежүзілік ұйымға мүше болды. Тарихи шаһардың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Қала әкімінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта даму жоспары бойынша Түркістан халықаралық деңгейдегі қаланың қатарына қосылмақ, яғни әлемнің Ыстанбұл, Рим, Иерусалим шаһарларының деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр.

 

Түркістан облысы