Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2019

Қызылордада «Orda School» жеке бастауыш мектебі ашылды

975 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қызылорда қаласының сол жағалауынан «Orda School» бастауыш мектебінің жаңа ғимараты ашылды. Білім ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, Парламент Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Нұртөре Жүсіп, Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова қатысты.

Қызылордада  «Orda School» жеке бастауыш мектебі ашылды

Аймақ басшысы жаңа ауданда бой көтерген 700 орындық мектеп мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып отырғанын айтып, өңірдегі осы бағыттағы жұмыстар нәтижесіне тоқталды.

Қазір Қызылорда қаласында 4 жеке мектеп жұмыс істейді. Солардың бірі осыдан 2 жыл бұрын жұмысын бастаған «Orda School» бастауыш мектебі. Алғаш ашылған жылы 25 мұғалім 180 оқушыға білім берсе, былтырғы оқу жылында оқушы саны 320-дан асты, мұғалімдер қатары да көбейді. Мектептің даму стратегиясына сәйкес ауқымы кеңейіп, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған 700 орындық жаңа ғимаратта биыл 500-ден астам бала білім алады. Мектеп құрылтайшысы – «Білім шамшырағы» ЖШС.

– Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім беруге ұдайы көңіл бөлініп келеді. «Келешектің кілті – білімді ұрпақтың қолында» деген қағидат берік қалыптасты. Міне, соның дәлелі – бүгін тағы бір жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Болашағымыз балаларымыз үшін олардың заманауи технологиямен жабдықталған жаңа ғимаратта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Биылғы жылы тамыз айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық тамыз конференциясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алғашқы Жолдауында педагогтардың мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыру, еңбек нарығына сапалы мамандар даярлау, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту мәселелерімен бірге бала тәрбиесіне қатысты нақты басымдықтарды айқындап берді, – деді облыс әкімі.

Шарада Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов қызылордалықтарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтауын оқып берді. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова да лебізін білдіріп, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтауын табыстады.

Жаңа ғимаратта 47 сынып кабинеті, робототехника кабинеті, 5 спорт залы, би залы, бассейн, 24 интерактивті тақта,  500 орындық асхана бар. Оқушылар үшін домбыра, би, қолөнер, шахмат, дзюдо және робототехника үйірмелері ұйымдастырылған. Елу төрт мұғалім қызмет істейтін мектепте оқушылар жаңа бағдарлама негізінде 3 тілде білім алады.  

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45