– Әңгімеміздің әлқиссасын Қазақстанға жасаған сапарыңыздан бастасақ. Біздің елден қандай әсермен оралдыңыз?
– Мен Қазақстанға алғаш рет 2016 жылы ат басын бұрдым. Алматы мен Нұр-Сұлтан сияқты әсем қалалары барын бұрыннан бері естіп жүр едім. Сол жолы бір сәті түсіп ежелгі түркілердің Отанына табаным тиді. Сондықтан ол сапар мен үшін ерекше әрі екі елдің мәдени байланысы жағынан тиімді сапар болды. Қазақстанда алған әсеріме тоқталсам, ең алдымен қазақтардың корей киносы мен музыкасын жақсы көретіні, Кореямен әжептәуір таныс екені қуантты. Аз уақыт ішінде ел астанасын аралап, тіршілігімен таныстым. Азиялық болғандықтан шығар, кездестірген адамдар, яғни қазақтар мен корейлер сырт-пішіні жағынан бір-біріне ұқсас көрінді. Бұған қоса мәдени ұқсастықтар көп секілді сезілді. Содан ба екен, бұл қала өмірімде бұрын бір келген қала сияқты көрінді. Сондай-ақ ұлан-ғайыр далада мемлекеттің үлкен өзгерістерді бастан кешіріп, қоғамы мен экономикасы даму мен өркендеуге бет бұрғанын аңғардым. Түрлі деңгейдегі халықаралық жобалардың жүзеге асқанын, жер-жерде құрылыс қарқынды жүріп жатқанын көрдім. Біздің Оңтүстік Кореяда да бұрын осылай жылдам даму жолына түсіп, түрлі салада өзгерістер мен ілгірілеу байқалды. Әлем елдерімен барынша қарым-қатынасын дамытты.
– Сіз басқарып отырған «Кореяның халықаралық мәдени алмасу қоры» және оның міндеттері мен рөлі, қызметі туралы айтсаңыз.
– Біздің қорға қызығушылық танытқандарыңызға рахмет. Біздің қордың ең басты атқаратын үлкен қызметі – екі елдің арасындағы ынтымақтастықты, яғни, шет мемлекеттермен Кореяның байланыстарын мәдениет саласы арқылы қалыптастыру. Басқа елге біздің мәдениетті, біздің мәдени мұраларды және басқа да дүниелерді таныстыруға, халықаралық мәдени байланысты дамытуға баса мән береміз. Бұған қоса өркениетті елдерде қалыптасқан үрдістерді үйреніп, мәдени жағынан тәжірибе алмасу – бір міндетіміз. Мәдениетте шекара жоқ. Соған сәйкес ақпарат пен тәжірибелерді қарау, жүйелеу, жетілдіру, қалыпқа келтіру, тағы басқа жұмыстар жетеді. Жалпы алғанда халықаралық байланысты нығайту мақсатында таңсық дүниелерді таныстыру, насихаттау, заман талабына сай көпшілікке ақпарат тарату – жұмысымыздың негізгі бағыты. Біз екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың ұдайы жалғасқанын қалаймыз. Халықтар бір-бірін жете түсініп, даму жолындағы өзара ықпалдастыққа сеп болу керек. Мысалы, біз басқа елдің жақсы дүниелерін қабылдаудан тартынбаймыз.
– Кореяның мәдениетін әлемге танытудың қандай жақсы тәсілі бар?
– Алғашқы кездері біз де шетелдік мәдениетті көп қабылдадық. Шетел мәдениетінің дамуына зер салдық. Кейінгі кездері экономикалық жағдай жақсарып, тіршілік деңгейі өскен соң біздің корейлер мәдениетке көңіл бөле бастады. Жалпы, мемлекет дамығанға дейін оның халқы мәдениетке көңіл бөлмейді. Өйткені тіршілік қамы бірінші орында тұрады. Бұл – ақиқат. Әрине, біз де корей мәдениетін әлемге қалай тез танытамыз деген ойда болдық. Бірақ біздің мәдениетті танытудан гөрі қазіргі таңда басқа елдермен тәжірибе алмасып, ынтымақтасу маңызды деп санаймын. Егер өз мәдениетімізді көбірек танытуды ғана ойласақ, онда оған байланысты түрлі көзқарастар мен қарсылықтардың тууы мүмкін. Бұл – орынды нәрсе. Соған байланысты түрлі түсініспеушіліктер де пайда болады. Әлемге кез келген елдің мәдениетін таныту үшін арнайы тәсіл мен амал іздеу қате деп ойлаймын. Өйткені әркімнің мәдениеті – әртүрлі. Әркім өзінің ұлттық мәдениетіне, соның қасиетіне қарай жұмыс істеу қажет. Мысалы, Қазақстанда корей мәдени орталығы жұмыс істейді. Сол жерде аз да болса да корей мәдениетін танытатын мәдени шаралар өткізіліп тұрады.
– Мұндай мәдени орталықтарыңыз әлемнің қанша елінде жұмыс істеп тұр?
– Жалпы, Кореяның мәдени орталықтары отыз шақты елде жұмыс істейді. Бірнеше жыл бұрын Индонезия, тағы бірқатар Азия елінде осындай орталықтар аштық. Сонда мәдениетімізді көрсететін іс-шаралар ұйымдастырдық. Алпауыт елдердің ішінде Қытай мен Ресейде де мәдени орталықтарымыз бар. Үкіметтің негізгі бағытынан басқа, біздің қор корей мәдениетін таныстырудың түрлі бағдарламаларын жасайды.
– Қазақстанда қандай мәдени шаралар өткіздіңіздер?
– Мысалы, Нұр-Сұлтанда 2016 жылы «Feel Korea in Kazakhstan» және бірнеше жыл бұрын «Корей әуені» атты ұлттық музыкалық аспаптар кеші болды. «Feel Korea» мәдени шарасы барысында өнер адамдары тек концерт беріп қоймай, астанадағы балалар үйіне барып, балалармен суретке түсіп, сыйлықтар үлестірді, қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Осындай іс-шараларды өткізу – біздің мекеменің міндеті. Әр елге барған сайын сондай іс-шараны ұйымдастыруға тырысамыз. Осындай кештер арқылы көпшілік басқа елдің мәдениетіне қанығады.
– Біздің елмен қай бағыттағы байланыстың нығайғанына мән берер едіңіз?
– Алдағы уақытта Кореяны Қазақстанға ғана емес, Қазақстанды Кореяға танытуды да ойлап жүрмін. Екі елдің арасында мәдени байланыстар нығая түсуі керек. Мемлекеттер арасында осындай жұмыстар жалғаса берсе, ынтымақтастық жақсы дамиды. Мен тек мәдени саланы ғана емес, спорт саласын да басқардым. Мәдениеттің ішіне бәрі кіреді ғой. Сондықтан мәдениет, спорт, ғылым саласында байланыстарды күшейтсек, екі ел халқына көп пайда келтірер еді. Қазақстанның астанасы маған қатты ұнады. Жаңа ғимараттар бой көтерген. Аз уақыт ішінде біраз мәдени ошақтарды аралап көрдім. Бұрын Сеул қаласы да солай тез дамып, өркендеген. Нұр-Сұлтан – жас қала, одан әрі дами түсетіні сөзсіз. Болашақта жаңа қаланың мәдени өмірінде жақсы жаңалықтар көп болуына тілектеспін.
– Қазақстан туралы оң пікіріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Дастан АҚАШ,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Сеул