Үкімет • 03 Желтоқсан, 2019

Қазақстанда мемлекеттік қызметтер жаңаша көрсетілмек

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібіне өзгертулер енгізілді және заңды түрде бекітілді. Бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мәлімдеді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанда мемлекеттік қызметтер жаңаша көрсетілмек

Заңда көзделген басты жаңашылдықтар қатарында – мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету қарастырылған. Бұл дегеніңіз, ендігі жерде мемлекет азаматтың өтінім беруін күтпей-ақ, қызметтерді өзі ұсынатын болады. Мысалы, өмірге нәресте келгенде оның туғанын есепке алу, бала туу бойынша берілетін жәрдемақының екі түрін тағайындау, тұрғылықты мекенжайына тіркеу және балабақша кезегіне қою бір мезетте ұсынылады. Аталған қызмет бүгінгі күні 120 мың анаға көрсетілді.

Тағы бір жаңалық - «бір терезе» қағидатынан – «бір өтінім» қағидатына көшу. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде «композиттік» тәсілді кеңейту. Яғни, бірнеше ілеспе қызметтер кешенді түрде ұсынылады және ол үшін азаматқа тек бір рет өтініш беру жеткілікті. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары оларды дәрігерлік тексеруден өткізу, оқыту және оңалту бойынша 6 түрлі қызмет түрін алады. Және оларды алу үшін 6 бума құжат жинауы қажет. Ендігі жерде оларға бір рет өтініш беру арқылы қызметтің 6 түрін алу мүмкіндігі ұсынылады. Мемлекеттік қызметтің 55 түрін біріктірген осындай 21 композиттік қызмет енгізілетін болады.

Бұдан басқа, енді көшелер мен елді мекендерді қайта атау кезінде деректер базасындағы мекенжай атауы да автоматты түрде өзгереді. Сондай-ақ эксаумақтық қағидаты енгізілуде, бұл жағдайда азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді азамат елдің кез келген аймағынан  ала алады.

Жалпы, процевсті автоматтандыру және мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда үлкен маңызға ие. Айта кету керек, жаңа тәсіл:

- 124 мемлекеттік қызметті оңтайландыру;

- қызмет көрсету мерзімін 178 күнге қысқарту (орта есеппен әрқайсысы 9 күнге);

- 90-нан астам құжатты қысқарту;

- 82 мемлекеттік қызметті белсенді немесе композитті етуді көздейді.