Қоғам • 04 Желтоқсан, 2019

Су аяғы құрдымға кетпесін десек...

579 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жақында Парламент Сенатында су қауіпсіздігі, осы саладағы мә­селелер тақырыбында парламенттік тыңдау өткен-ді. Баян­да­малардан белгілі болғандай, еліміз тәуелсіздік алғалы бұл салада ешқандай аудит жүргізілмеген, тіпті су нысан­дарының тір­кеуі де жасалмаған екен. Есеп комитетінің төрағасы Н.Году­нова Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүр­гізіл­ген тексе­рістің нәтижелерін ортаға салды. Құбырлардың істен шығуы, ескіруі салдарынан 2018 жылы 218 млн текше метр су зая кетіп, 16 млрд теңге көлемінде шығын әкелгені белгілі болды.

Су аяғы құрдымға кетпесін десек...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Су конвенциясы мү­ше­лерінің сегізінші сессиясында «Су адамзаттың шектеулі қоры жә­не оның жетіспеушілігі әлем аймақтарының тұрақты дамуына кедергі келтіреді» деген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында ауыз су мәселесін шешуге алдағы үш жыл­ға 250 млрд теңге бөлінетінін айт­қан еді. «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында да су көздеріне ие болу геосаясаттың маңызды фак­торы ретінде белгіленген.

Ауыз су мәселесіндегі проб­ле­маның жеткілікті екенін су ре­сурс­тарын басқару мен оның жұмысын қадағалау бірнеше минис­трлікке жүктелгенінен-ақ бай­қауға болады. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі су шаруашылығындағы нысан­дар мен техникалардың қолда­нылуын бақыласа, Энергетика ми­нистрлігі су сапасына жауап­ты. Ал ауыз су мен жерасты су қор­лары Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министр­лігі­не міндеттелсе, ауыз су са­пасын ба­қылау, су нысандары­ның са­­нитарлық жағдайы Ден­сау­­лық сақтау министрлігінің құзы­­ре­тінде. Экология, геология және та­биғи ресурстар ми­нистрлігі болса суды қолда­ну, су қорын қор­­ғау, сумен қам­тамасыз етуді бақы­лайды. Осының барлығы Есеп коми­теті жүргізген тексерісте де еске­рілген. Негізінен, 1995 жылға дейін Су комитеті өз алдына дер­бес мекеме болған-ды.

Парламент Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров бұл құрылымның 8 рет қай­та құрылып, әртүрлі ми­нистр­­ліктердің қоластына өт­­кенін айтады. Сәйкесінше, ұйым­ның міндеттері, страте­гия­сы, тіпті мамандары да өзге­ріс­ке түсуге мәжбүр бол­ды. Жалпы, егемендік алға­лы су мәселелерін шешуге мем­лекет қазынасынан тек бағ­дар­ла­ма­лық құжаттар шең­берінде 790 млрд теңге көлемінде қаржы бө­лінген. Ал 2011 жылдан бері қарай сумен қамтамасыз ету ша­ра­ларына 589 млн тең­ге жұм­салған. «Ақ бұлақ», «Ауыз су» бағдарламаларына 1,2 трлн теңге қарастырылған. 2003 жылы халқымыздың 53 па­йызы ғана ауыз сумен қам­тылса, бүгінде бұл көрсет­кіш 77 пайызға жеткен.

2003 жылы 9 шілдеде Су кодексі қабылданды. Де­ген­­мен бұл құжатта су ша­руа­шылы­ғы құрылғы­лары, мемлекет­тік мониторинг пен бақылау жүргізу ере­же­­лері сияқты қо­сымша 6 акт ескерілмеген. Оған қоса, су шаруашылығына қа­­тыс­­ты жо­ғарыда аталған 6 құ­­­ры­­лым­ның арасындағы өзара бай­ланыс реттелме­ген. Соны­мен бірге су ша­руа­­шы­лығы ны­сандары мен құ­рыл­ғы­лары­ның тір­кеуі де жа­сал­маған. Есеп ко­ми­теті жүр­гіз­ген аудит нәти­жесінде, гидро­тех­ника­лық құрылғылардың көбі ескіргені анықталды. Ги­дро­­тех­никалық құрыл­ғы­лар­дың жөндеуі мен рекон­ст­рукциясында да құрылыс және бюджет заңнамасын бұзу фактілері тіркеліп, 21 млрд теңге тиімсіз қолда­ныл­­ғаны анықталды. Мәсе­лен, Жезқазған қала­сын­­дағы Эс­кулин су жет­кіз­гі­ші­нің құрылысы ке­зін­де тех­ни­ка­лық кеңес поли­эти­ленді құ­быр­ларды шыныплас­тика­лық құбырлармен ауыс­ты­руды ұйғарады. Бұл жөн­деу­лер 385 млн теңгеге жос­парлана­ды. Құрылыс аяқ­талған соң гидравликалық тексерулер кезінде 69 жарылыс тіркеліп, оларды қай­тадан полиэтилен­ді құбыр­лармен ауыстыру қа­жет­­тігі туындайды. Бұған жо­ғары­дағы сомаға қосымша 1,1 млрд теңге жұмсалады. Ал «Астана су арнасы» МКҰ  Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша өздеріне тиесілі 1361 ша­қырым құбырдың 28 пайызы 30 жылдан бері, 32 пайызы 10 жылдан бері қолданылып келе жатқанын айтады. Ал барлық құбырдың 40 пайызы (539 шақырым) жаңа­дан ор­натылған, қол­даныс мер­зімі 10 жылға жет­пеген. Құрылым ақпа­раты­на сүйенсек, елорда­дағы құбырдың 41,5 пайызы ескірген. Бүгінге дейін оның 10 пайызы ғана жөндеуден өтіпті. Сондай-ақ аудит барысында смета бағасын тым жоғары көрсету фактілері де анықталған. Аудит аясын­да тексерілген 10 су шаруа­шы­лығы нысанында-ақ смета баға­сын асыру 5,5 млрд тең­ге болып отыр. Жалпы, Су ре­сурстары комитетінің 2,5 млрд теңге көлемінде қаржы заң­на­масын бұзу, 26,3 млрд теңгені тиімсіз пайдалан­ғаны, 189 техникалық ақау анықталды.

Су ресурстары саласын­да­ғы құрылғылардың ескіруі мен жаңартылмауы себебі­нен су­дың да үлкен шығы­ны бо­ла­тынын ескерген жөн. Коммуналдық желі­лер­дің 57 пайызы ескірген болса, жыл сайын олардың 5 па­йызы ғана жаңартылады. 2018 жылғы су шығынын есептейтін болсақ, бір ғана Алматы қаласындағы көр­сеткіш 33 пайызды көр­сетіп отыр. Бұл дегеніміз жы­лы­на 74 млн текше метр су не­месе 4 млрд теңгенің бос­­қа кет­кені. Жалпы, норма бо­­йынша 1 адам айына 11,7 тек­ше метр су қажет ететі­нін ескерсек, бұл жарты мил­лион­ға жуық тұрғыны бар қала­ның 1 жылда жұмсайтын мөлшері. Суды ысырап ету көрсеткіштері басқа қалаларда да жоғары. Нұр-Сұлтан, Шым­кент қалалары мен Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай облыстарында 13-16 пайыз шамасында. Қорыта айтқанда, 2018 жылы 218 млн текше метр судың зая кеткені, сәй­­­кесін­ше 16 млрд теңге көле­мін­де шығын келгені мәлім болды. Осы салаға жауапты құрылымдардың суды үнем­деу құрылғыларына тиіс­ті назар аудармайтынын да айта кеткен жөн. Респуб­лика­мыз­да­ғы 1117 ұйымның айналымды сумен қамту технология­сын тек 131 ұйым енгізген, бұл – жалпы көрсеткіштің 11,7 пай­ызы. Су шығынының ха­лық­аралық статистикасына қарайтын болсақ, еліміздің жағдайы қуантарлық емес. Қазақ­стан 40 пайыздық көр­сет­кішпен АҚШ (11%), Ресей (21%), Ұлыбританиядан (23%) кейін тұр.

Республикамыздағы су қой­­малары мен су тоған­дары­ның көбі жекеменшікке өткені белгілі. 309 су қойма­сының 89-ы мемлекет, 191-і ком­муналды, 35-і жеке тұл­ға­лардың қарауында. 2006 жылғы дерекке сүйенсек, олар­дың 45-і апаттық жағ­дайда болған. Ал соңғы есеп бойынша, 433 су тоғаны­ның алтауының ғана қауіпсіздік декларация­сы бар. Олардың қолданыс мер­зімі 40 жылдан асқанын да ес­керген жөн. Әу баста су шаруа­шы­лығы нысандарын жеке тұл­ға­лар­дың меншігіне беру арқылы олардың жағдайын жақсарту көзделген-ді. Алай­да, тоған мен қойма иелерінің оларға инвестиция тартпай, пай­даны өздері иемденіп кел­гені белгілі. Оған 43 адам­ның өліміне себеп болған Қызыл­ағаштағы оқиға дәлел.

Судың зая кетуі бір мәселе болса, еліміздің су қоры – екін­ші мәселе. Өйткені жерасты су қорының көлемі тек 30-50 жыл бұрын анықталған. Содан бері жаңартылған ақ­­парат жоқ. Жерасты су қоры­ның да жағдайы мүшкіл. Өйткені гидрогеологиялық саңы­лаулар су қорларына үлкен қауіп ту­ғызып отыр. Ал олардың саны аз емес, Есеп комитетінің тек­серісі нәти­­жесінде 1740 еке­ні анық­тал­ды. География инс­ти­туты­ның ғалымдары респуб­лика­ның су қоры жыл сайын төмендеп келе жатқанын айтады. 1960 жылдары су қоры 120 текше километр болса, қазір­де оның көлемі 101-дің ша­ма­сында. Су қорының 56 па­йызы ғана Қазақстанда орна­ла­сып, қалған 44 пайызы транс­шекаралық өзендер арқылы келетіні мәлім. Осы орайда Дүниежүзілік банк судың жетіспеушілігінен 2050 жылы ІЖӨ көрсеткіші 6 пайызға төмендейтінін хабар­лайды. Ал Дүниежүзілік ресурс­тар институты бүгін­де 2 млрд адамның су тап­шы­лы­ғы бар жерлерде өмір сү­ріп жатқанын айтады. Жер шарының 70 па­йызы су еке­нін ескерсек, су тап­шылы­ғы­ның болуының өзі парадокс. Технология мен жа­сан­ды интеллектінің дамуы да ауыз су мәселесінің түйі­нін таппай отыр. Ал соңғы 50 жыл­­дағы әлемде болған 507 қақ­тығыстың себебі – су. Оның 21-і әскердің араласуымен аяқталды.

Судың да сұрауы барын тек тұрмыста емес, мем­лекет­­тік деңгейде қара­мауы­мыз­дың салдарынан мем­лекет бюджетінің де, су қоры­ның да тиімсіз пайда­лан­ға­ны анық­талып отыр. Қыс­қа­сы, су­дың айналасында шу кө­бе­йіп тұр. Аз судың өзін үнем­­мен пайдалану былай тұр­сын, суға қа­тыс­ты қар­жы­ның ая­ғын құр­дымға жібе­ру де халық­тың қазы­насына үл­кен сал­мақ түсіреді. Есеп коми­теті­нің тексерісі осының ай­ға­ғы. Ендеше, мемлекет су ре­­сурстарын тиімді пай­­дала­ну­­мен қатар, оған бө­лін­ген қар­­жыны да қатаң қада­ғалау қажет.