Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Ерлікті ұмытпаудың тағы бір шарасы

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Келер жылы мамыр айында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толады. Мил­лиондаған адамның қанын төккен мұндай ала­­пат со­ғысты та­рих бұрын білген емес. Майдан даласында кеу­де­сін оқ­қа тос­қан боз­дақтар ерлігі ұмытылмайды. Жақында қос­та­найлық­тар ерлікті ұмыт­паудың тағы бір шарасына куә бол­ды.

Ерлікті ұмытпаудың тағы бір шарасы

Қостанай қаласының Жеңіс саябағындағы бейіттен алынған бір уыс топырақ салынған қалта Ресейдің Қазақстандағы елші­лі­гі өкіліне салтанатты түрде табыс­талды. Ол биыл Мәскеу облысында бой көтеретін Жеңіс храмының іргетасына салынады. Мұндай бір уыс топырақ бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған барлық республикалардан жеткізіледі. Майдангерлер жерленген бейіттің топырағын алу Ресейдегі «Естелік жолы» жобасы аясында жүзеге асты. Қазір Ресей­дегі «Патриот» тарихи-мемори­алдық саябағында «Естелік жолы» атты мемориалдық галерея құрылып жатқан көрінеді. Оның аумағы сұрапыл соғыстың созылған уақытына орай, 1418 қадамнан тұрады. Галереяда соғысқа қатысқан 30 миллионнан астам жауынгердің фотосуреті, олар туралы деректер, жеке заттары және майданнан жолданған хаттары сақталады. Ресейдің Қазақс­тандағы елшілігінің хатшысы Даниил Лапачтың айтуына қара­ғанда, келер жылы 9 мамырда осы аумақтағы Жеңіс храмы салтанат­ты түрде ашылады.

– Қарашаның қара суығында Жеңіс паркіндегі мәңгілік алау басында бұл шараның өтуі менің кәрі жүрегімді шымырлатты. Мен майдан даласында боздақтардың бетін өзім жапқан адаммын ғой. Маған бейбіт күн бұйырып, өмірдің осынша қызығын көрдім, ал менің майдандас достарым уыздай жас күйінше бір-бір төмпешікке айналды. Ресейліктердің бастамасына шексіз алғысымды айттым. Кейінгі ұрпақ аталар ерлігін ұмытуға болмайды, – дейді бүгінде 96 жасқа келіп отырған майдангер Қасымхан Алдабергенов ақсақал.

Елшілік өкілі қостанайлық жауынгер Нәшен Иманалиннің атына тағайындалған «Ерлігі үшін» медалінің куәлігін батырдың ұлы Сапар Иманалинге тапсырды . Нәшен Иманалин 1945 жылы 30 сәуірде ұлы Жеңіске санаулы күндер қалғанда ғана қаза болған еді. Қанша уақыт өтсе де соғыс қасіреті жаңғыра береді, аталар ерлігі ұмытылмайды.

 

ҚОСТАНАЙ