Естеріңізге салсақ, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және «Baur Development Group» ЖШС арасында 2016 жылдың қыркүйек айында Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенін салуға байланысты инвестициялық келісімшарт жасалған еді. Нысан биылғы наурыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған болатын. Алайда құрылыс ұйымы тиісті міндетін уақтылы орындамай, бұл салымшылардың алаңдауына әкеліп соқты. Осыған орай акционерлік қоғам жоғарыдағы компаниямен келісімшартты бұзуға шешім қабылдады. Сәйкесінше, биыл шілде айында «Samruk-Kazyna Construction» Berkut Development ЖШС-мен аяқсыз қалған құрылысты соңына дейін жеткізуге байланысты келісімшартқа қол жеткізді. Салынатын 16 үйде 1008 пәтер бар. Алдын ала сату шарттары аясында соның 477 пәтері сатылып қойған. Үлескерлердің ақшалай қаражаты эскроу шоттарда сақталады.
– Біз Алматы қаласының әкімдігімен және құрылыс салушы компаниямен меморандумға қол қойдық. Желтоқсан айының ортасына дейін қаржыландыруды ашуды жоспарлап отырмыз. Жаңа шарттарға сәйкес кесте құрдық, 9 ай ішінде құрылысты толығымен аяқтаймыз. Нысандар кезең-кезеңмен тапсырылатын болады. Атап айтқанда, 5 ай ішінде 4 үйді, тағы 7 баспананы 7 айдың ішінде, қалған 3 үйді 9 айдың көлемінде тұрғызамыз. Яғни, үйлердің басым бөлігі мамыр айында, сондай-ақ маусым-шілде айларында пайдалануға беріледі. Барлық сатып алушылар үйді бастапқыда жасалған шарттармен алатын болады. Бұл мәселе шешілді деп санаймыз. Желтоқсан айының ортасынан бастап құрылыс жұмыстарын бастаймыз, – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Арман Жетпісбай.
Өз кезегінде жаңа мердігер құрылысқа кірісіп, көркейту жұмыстарын қолға алғандарын жеткізді.
– Біз 16 үйді, сол секілді сыртқы және ішкі алаңдағы барлық кешенді, желілерді тарту мен абаттандыру ісін аяқтаймыз. Бірқатар тұрғын үйді әрлеу мен ішкі жұмыстарын, сондай-ақ бөлме құрылысы жұмыстарын өз қаражатымызға салуды бастап кеттік, – деді Berkut Development директоры Мадияр Бухтарбаев.
Қалалық әкімдік «Восточка» тұрғын үй кешеніне сыртқы су құбыры желісін тартуға, кәріз және электр жүйелерімен жабдықтауға, сондай-ақ қазандық салуға уәде берді. Тиісті жұмыстарды желтоқсан айының соңына дейін аяқтаймыз деп сендірді.