27 қараша мен 12 желтоқсан аралығында өтетін аталған кезеңге 400 үміткер жіберілді.
Сарапшылық комиссия тұрақты және тұрақты емес мүшелерден тұрады. Оның құрамында Президент Әкімшілігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және «Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік университетінің өкілдері бар.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанованың айтуынша, алдыңғы кезеңдердегідей әңгімелесуде барынша ашықтық қамтамасыз етілген. «Комиссия мүшелері үміткерлерді онлайн-жүйеде бағалайды. Ол келесі түрде іске асырылады. Комиссияның әрбір мүшесі қатысушымен әңгімелесуден кейін сол мезетте үміткерге бірден беске дейінгі шкала бойынша өзінің бағасын қояды. Бағалауды жүргізу үшін әрбір белгіленген шкаланың тиісті өлшемдері мен дескрипторлары әзірленді. Олар бойынша ол (комиссия мүшесі – еск.) бағалауды қояды, содан кейін баға автоматты түрде базаға түседі және генерацияланады. Осылайша бағалау үдерісі 2-3 секундтан аспайды. Басқаша айтқанда, комиссияның барлық мүшелері онлайн баға енгізгеннен кейін, олар бірден базаға түседі. Ең бастысы, бағаны түзетуге ешқандай мүмкіндік жоқ», деді А.Жайылғанова.
А.Жайылғанова, сондай-ақ комиссия мүшелері әңгімелесудің нәтижелерін дауыстап талқыламайтынын, соның арқасында комиссияның басқа мүшелеріне өз пікірімен ықпал ету мүмкіндігі жойылатындығын айтты.
Онлайн-жүйеде әрбір комиссия мүшесінің бағалауы негізінде үміткердің жалпы орташа бағасын шығарудың қарапайым формуласы қолданылады. Ағымдағы күн ішінде әңгімелесулер аяқталғаннан кейін комиссия хатшысы – жүйе әкімшісі хаттаманы дереу басып шығарады және комиссияның әрбір мүшесі өзінің бағалауының дұрыстығына көз жеткізуге мүмкіндігі бар және оларды қолтаңбасымен куәландырады.
«Сонымен қатар процестердің объективтілігіне ешкімнің күмәні болмауы үшін сол күні үміткерлердің жеке кабинеттерінде деректер жариялануда. Сарапшылық комиссиясында әңгімелесуді қоса алғанда, әрбір алдыңғы кезеңдер бойынша үлес салмағын ескере отырып, үміткерлердің жалпы рейтингі барлық кандидаттар әңгімелесу кезеңінен өткеннен кейін pkrezerv.kz сайтында қолжетімді болады», деп хабарлады МҚІА төрағасы.