арқасында есту қабілеті өте нашар балалар байрақты бәсекелерде топ жарып жүр
Өңір басшысы С.Ескендіров облыстық есту қабілеті төмен балалар мектеп-интернатына арнайы келді. Оған мына жағдай себеп болған еді. Мұның алдында білім ұясының қабырғасында көп жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Sensitive» бал биі ансамблінің көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова «Нұр Отан» ХДП жергілікті филиалының қабылдауына келген. Соңғы үміт жібін үзіп алғысы келмегендей Самат Сапарбекұлының алдына имене кіріп, ата-аналардың аманатын баяндап берген. Филиал төрағасының мәселемен әбден танысып алғаннан кейін «қам жемеңіз, көмектесеміз» деген бір ауыз сөзі оған қанат бітіріп, қабылдаудан төбесі көкке жеткендей көтеріңкі көңіл-күймен шыққан. Жүрекжарды қуанышын әріптестерімен бөліскенше асыққан. Енді ше... еліміздегі бірегей балдық би тобы Болгарияда өтетін додалы бәсекеге қаржы таппау салдарынан қап-қараңғы түнек құшағында тұншыққандай күй кешіп жүргенде, самала жарық нұрландырып сала берді емес ме. Осы кезде біздің ойымызға Дидар Малаев деген өнерлі азаматтың мектеп жасына тола қоймаған ұлын София қаласындағы халықаралық әндер байқауына апару үшін иелігіндегі көлігін банкке кепілдікке қойып, әбден әуре-сарсаңға түскені оралды.
Облыс әкімі уәдесінде тұрды. Келісілген мерзімде мектеп-интернатқа келіп, 150 балаға тәлім-тәрбие беріп жатқан 90-ға жуық ұжым мүшелерінің халімен, оқу орнының материалдық-техникалық жағдайымен танысты. Болгарияның Несебр қаласында халықаралық «Славянский путь» ұлттық мәдениет, өнер және қолөнер жазғы мектебінің ұйымдастыруымен өтетін «Солнечный танец» конкурсына жолдама алған би ансамбілінің өнерін тамашалап, естімейтіндеріне қарамастан, би өнерін әбден игеріп алғандарына, оның тылсым құдіретін жан-тәнімен түсінетін сезімталдықтарына тәнтілігін жасырмады. Елімізде мұндай санаттағы би ансамблінің жалғыз екеніне бастапқыда сеніңкіремегенім рас. Қарап отырсам, атақ-даңқтарың жер жарады екен. Ресейдің Чебоксары қаласында ұйымдастырылған «Национальное достояние-2013- NATIONAL. PROPERTY» конкурсында бірінші орын алыпсыңдар. Осы жарыс жолын Еуропа төрінде жалғастыруға, он екі мүшесі сау өрендермен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, жүлдемен оралуға тілектеспін.
Осылайша, ағынан жарылған Самат Сапарбекұлы балдық би тобына бұдан былай да тұрақты қамқорлық жасалатынына сендірді. Сөзінің аяғында сендердей жеткіншектердің толыққанды азамат болып ержетуіне елімізде барлық жағдай жасалған. Елбасының сендерге жүктеген аманатын абыроймен орындаңдар дей келіп, әрлі-берлі жол шығындарын өтеу және шеберлік сыныптарына қатысу үшін қаржылық демеу көрсетті. Қазақстанның атын шығара жүріңдер деп, биші балаларға еліміздің Елтаңбасы бейнеленген футболкалар сыйлады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.