Руханият • 06 Желтоқсан, 2019

Димаш Құдайберген «Виктория» сыйлығының екі аталымында жеңіске жетті

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әнші Димаш Құдайберген Ресейдің «Виктория» музыкалық премиясында «Жыл жаңалығы» және  «Классикалық музыкадағы жыл әншісі» номинациялары бойынша жеңіске жетті. Бұл туралы dimashnews.com хабарлады.

Димаш Құдайберген «Виктория» сыйлығының екі аталымында жеңіске жетті

Әр жылдың соңында үздік музыканттар, орындаушылар, композиторлар, ақындар, продюсерлер, музыка сыншылары, журналистер және ірі медиа холдингтердің басшылары «Виктория» сыйлығымен марапатталады. Биылғы қатысушылардың ішінде қазақстандық әнші Димаш Құдайберген де бар.

«Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайының сахнасында сыйлық жеңімпаздарының есімдері жазылған арнайы конверттер салтанатты жағдайда ашылды. Олардың қатарында қазақстандық эстрада жұлдызы, әлем халықтарының сүйікті әншісі Димаш Құдайберген де бар», делінген хабарламада.

Ресей Федерациясының ұлттық музыканы қолдау қорының сарапшыларының тағайындауы бойынша Димаш Құдайберген «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша үздік деп танылды. Бұған дейін бұл номинацияны 2015 жылы Юлианна Караулова мен Егор Крид иеленген болса, 2016 жылы Ростислов Мудрицкий алған болатын.

4

Сондай-ақ әншіге «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисті» номинациясы да бұйырды.

«Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ресейдің «Виктория» музыкалық сыйлығының «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисті» номинациясын «Olimpico» әнімен ұтып алды. Димаштың бұл номинациядағы қарсыластары осал емес. Ол қазіргі опера әншілері Ильдар Абдразаков, Аида Гарифуллина, Хибла Герцмава, Анна Нетребко және Ольга Перетятко сынды өнерпаздармен бәсекеге түсті», делінген хабарламада.

Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда «Классикалық музыкадағы жылдың вокалисті» атағы ресейлік және австриялық опера жұлдызы Анна Нетребкоға берілген.

9

4

74