Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2019

Алматыдағы тәуелсіздік жарияланған ғимаратта жастармен кездесу өтті

312 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған тарихи ғимаратта 6 желтоқсан күні «Қазақстан тәуелсіздік жолында» деген тақырыпта жастармен кездесу өтті.

Алматыдағы тәуелсіздік жарияланған ғимаратта жастармен кездесу өтті

Кездесуге белгілі қоғам қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев келді. Студентер тәуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымыз жайындағы ұлағатты әңгімелерге қанықты.

Бұл шараға Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша «Заман»  парасатты және салауатты өмір» қоғамдық қоры ұйытқы болды.

Аталмыш қордың директоры Тілеубек Дөрбетханұлы қазіргі таңда Қазақстан-Британ техникалық университеті орналасқан бұл ғимараттың кездесу орны ретінде кездейсоқ таңдап алынбағанын атады. Сондай-ақ тәуелсіздік жарияланғаннан кейін өмірге келген қоғамдық ұйымдардың бірі саналатын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі және онда 1992-2017 жылдары қауымдастық төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған Сұлтанәлі Базарбайұлын  кездесуге келген студенттер қауымына таныстырып, сол кездегі тарихи оқиғаларды баяндап беру үшін сөз тізгінін қонақтың өзіне тапсырды.

–Тәуелсіздік жемісін бүгін сіздер көріп отырсыздар. Егемендік алмасақ,  болмағанда мұнда отырмайтын едіңіздер. Бұл Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің үйі болған. Студент тұрмақ, аудан, облыс басшыларының өзі зорға кіретін.  Мұнда көп жылдар бойы Дінмұхамед Конаев отырды. Елдің қалыптасуы мен дамуындағы үлкен мәселелер шешілген жер. Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі  сендердің жоғары оқу орындарында қазақша оқып жатқандарың. Оған дейін жоғары оқу орындарының 80-90 пайызы орысша оқытатын. Қазір олардың 70-80 пайызы қазақ бөлімдерінде оқиды. Ал енді өзімнің жұмысыма оралсам тәуелсіздіктің ең алғашқы жетістіктерінің бірі – шетелдегі қазақтарды жинағаны. Оған дейін Қазақстандағы халықтың 37 пайызы ғана қазақ болған. Қазір 70 пайыз болды, – деді С.Балғабаев.

Сұлтанәлі Базарбайұлының айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаушы қайраткер ретінде Тұңғыш Президенттің айрықша көңіл бөлетін 2-3 нәрсесі бар. «Оның біріншісі шетелдегі қазақтарды жинау. Оны тәуелсіздіктен кейін бірден қолға алынды. Алғашқы құрылтайды өткізді. Соның нәтижесінде 1 млн қазақ елге оралды. Олар өсімімен 2 млн болды. Егер олар болмағанда республика халқының саны 16 млн ғана адам болатын еді. Мұндай жұмысты көрші елдердің ешқайсы қолға алған жоқ. Мәселен, 6-7 млн өзбек шетелде тұрады.  Өзбекстан әлі күнге дейін бірде-бірін ресми түрде әкелген жоқ. Ал Қырғызстан Ауғанстанның Памир деген жерінде жүрген 2 мың қырғыздың өзін әлі әкеле алмай жүр. Н.Назарбаевтың екінші жасаған ісі астананы көшіруі болды. Бір кезде көшеден қазақша сөйлетін адамды табудың өзі мұң боп кеткен бұл қала тұрғындарының 79 пайызын қазақтар құрайды. Үшіншісі, Түркістанның мәртебесін көтеріп, облыс орталғына айналдырғаны».

Жалпы мәдениет пен руханияттың өзекті мәселелері талқыланған бұл кездесу пікірталмасу түрінде жалғасып, студенттер өздерін толғандырып жүрген жағдайлар бойынша сұрақтарына жауап алуға тырысты. Тәуелсізідік тағылымына қатысты ой көкжиектерін кеңейтіп, шарадан соң естелік суретке түсіп, үлкен әсермен тарқады.