Қоғам • 09 Желтоқсан, 2019

Ізі айқын, ісі мығым

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есімі екі күннің бірінде ерекше аталып жатпаса да, елге сіңірген еңбегін есе­леп өлшеуге тұрарлық жандар бо­ла­­ды. Сондай есімнің бірі, мемлекет қайраткері, Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөнін­де­гі есеп комитетінің бұрынғы мүшесі Ерлан Тұрлыбеков.

Ізі айқын, ісі мығым

Кәсіби өмір жолының қырық жылдан астам уақытын елімізге адал қызмет етуге арнаған азамат жайлы айта отырып, ертеңгі болашақ жас ұрпаққа оның өнегелі істерін үлгі еткен дұрыс.

Алдымен Е.Қабыкенұлының туған топы­ра­ғын айта кеткен жөн. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген Ерлан мектепті үздік бітіріп, Алматы халық шаруашылығы инс­тит­у­тына оқуға түседі. Еңбек жолын Қазақ ССР Әлеуметтік қамсыздандыру минис­тр­лігінде бухгалтер-ревизор ретінде бас­тай­ды.

Жалпы, Е.Қабыкенұлы 30 жылға жуық Қаржы министрлігі мен Парламент Мә­жілісінде жұмыс істейді. Бұл ретте оның ұйымдастырушылық және іскер­лік қасиет­те­рінің арқасында жауапты қыз­мет­терді абыроймен атқара білуі – көпке үлгі етерлік дара қасиет. Жоғары заң шығару органында консультант лауазымынан Қаржы және бюджет комитетінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі бөлім меңгерушісіне дейін көтеріліп, Мәжіліс Төрағасының кеңесшісі болады.

Дос-жарандарының айтуынша, Ерлан Қабыкенұлы кішкентайынан сертке берік, алғыр әрі зерек болып өседі. Ол өзінің туған ауданы Тарбағатай өңірінің дамуы­на елеулі үлес қосып, ауылдастарының өз­ек­ті мәселелерін шешуге үнемі атсалы­са­ды. «Туған жерге туың тік!» деген сөз­­ді іскер­лік­пен дәлелдеу оңай шаруа емес. Әсіресе өзі туған өңірдің маңыз­ды әлеуметтік нысандарының құры­лы­сын жандандыруға көмектесе жүріп, еткен еңбек, екен дәннің нәти­же­сін­де ауданның Құр­мет­ті азаматы атанады.

2006 – 2016 жылдары Ерлан Қабыкенұлы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі болады. Осы жауапты әрі жоғары лауазымға ол Парламент Мәжілісінің қаулысымен екі мәрте тағайындалып, он жыл қызмет етеді.

Осы кезең ішінде мемлекеттік аудитпен айналысатын ең жоғары органның жұмысы барынша жетілдіріле түсті. Сондай-ақ рес­пуб­ликалық бюджет қаражатының, мемлекет активтерінің, салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімді пайдаланы­луын бағалауға бағытталған бақылау және сарап­та­малық жұмыстың заманауи әдіс-тәсілдері енгізіледі.

Е.Тұрлыбеков сондай-ақ есеп коми­те­ті­нің мүшесі ретінде денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қор­ғау, ақпарат, мәдениет, спорт және құқық қор­ғау салалары үшін жауапты болады. Ең бастысы, өзіне сеніп тапсырылған жұмыс­тарды тиянақты орындап, әрдайым мемле­кет мүддесін жоғары қоя білген сыйлы азамат. Оның жетек­ші­лі­гімен жүргізілген аудиторлық тексеру жұмыстарының қоры­тын­дысы бо­йынша қаржылық және өзге де құқық бұзу­шы­лық­тар анықталып, ондаған миллиард теңге бюд­жетке қай­та­рыл­­ғанын да айта кеткен дұрыс.

Бүгінде жетпістің желкенін көтеріп отырған Ерлан Қабыкенұлы осы уақытқа дейін кәсіби жетістіктері, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық қызметі, елі­міз­­дің әлеуметтік-экономикалық және мә­де­ни дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Құрмет» орденімен және көптеген медальмен марапатталды.

Ерлан Қабыкенұлының тағы бір айта кететін жақсы қасиеті – өзі тәрбиелеген шәкірттеріне деген ерекше қамқорлығы мен ілтипаты деуге болады. Үлгілі ұстаздың бұл қасиеттерін шәкірттері үнемі айтып та жүреді. Білуімізше, оның бойында қатаң талап та, жұмысқа жұмылдыра білу де, шыдам­ды­лықпен түсіндіре алу да, өз қате­лік­теріңді түзеуге және білімің мен қарым-қабілетіңді жетілдіре түсуге ынта­ландыру да жақсы үйлесім тапқан. Бірақ, ең бастысы, ол шәкірттерін өзінің өмір­лік тәжірибесі негізінде тәрбиелеп, адал әрі тынымсыз еңбек етуге үйретеді. Тіпті, жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсін­ді­руден жалықпайтын қамқорлығы нағыз қазақ азаматына тән дара қасиет шығар.

Мерейтой қарасаңы – белгілі бір қоры­тын­­ды жасайтын кезең. Ерлан Қабыкенұлы еңбек­қор әрі кәсіби маман ретінде өз саласында зор жетістікке жеткенін жоғарыда атап кеттік. Оның табысты қызметі мен тағы­лымды ғұмыры өскелең ұрпақты тәрбие­леу, мемлекет пен қоғамға адал қызмет ету ісінде көпшілікке әрқашан үлгі-өнеге бола алады.