Астана тұрғындары медициналық көмек көрсетуге, әлеуметтік қызметтерге, тұрғын үймен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге, еңбекке орналастыруға қатысты және басқа да проблемалық мәселелерді көтерді.
Егде тартқан мүгедек анасына күтім жасап отырған Елена Солоник әлеуметтік көмек органдары ұсынатын оңалту және гигиена құралдары сапасының төмендігіне және оның өзі уақтылы қамтамасыз етілмейтініне шағымданды.
«8 жыл бұрын сатып алған арбамыз бізге биыл берілген мүгедектер арбасынан әлдеқайда сапалы. Гигиена құралдарын біз кеше ғана алдық, оның сапасы да тым төмен», деді Е. Солоник.
Вице-премьер қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына осы мәселені шешуді және мүгедек жандарды сапалы оңалту мен гигиена құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Біз бұл проблема туралы білеміз. Бұл тек сіздің отбасыңызға ғана емес, еліміздегі барлық мүгедектерге қатысты. Сондықтан келесі жылдан бастап біз Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосамыз. Ол қазірдің өзінде Ақтөбе облысында қанатқақты режімде жұмыс істеп жатыр. Осы портал арқылы мүгедек жандар өз бетінше көрсетілетін қызметтер мен техникалық оңалту құралдарын таңдай алады», деді Б. Сапарбаев.
Н.Ақан өзінің ұлына мүгедектік тобын беру мәселесін шешуде көмек көрсетуді сұрады. Жас жігіттің жүрегіне күрделі операция жасалған, оған тағы ота жасату керек.
Қажетті тексерулер жүргізіп, қолданыстағы заңнама шеңберінде осы мәселені шешу денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарына тапсырылды.
Бұл күні вице-премьер барлығы 12 азаматты қабылдады. Жүгінген азаматтардың барлық өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған соң Бердібек Сапарбаев түсінік беріп, тиісті мемлекеттік органдарға заңнама аясында мәселелерді шешуде ықпал көрсетуді тапсырды.