Қоғам • 11 Желтоқсан, 2019

Зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар күшейеді

1191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданы­латын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген болатын. 

Зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар күшейеді

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында депу­таттар тобы отбасындағы зор­лық-зомбылыққа нақты қар­сы тұруға, әйелдерге қатысты кем­­сіту­шіліктермен күресуге мүм­­кіндік беретін заң жобаларын әзір­леді. Атап айтқанда, оның ал­ғаш­қысы – «Отбасылық-тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы. Онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл субъектілерін кеңейту, уәкілетті органдардың нақты өкілеттіктерін бекіту, алдын алу субъектілері арасындағы өзара іс-қимыл тетігін айқындау, қорғау нұсқамасының мерзімін ұлғай­ту, құқық бұзушының түзету бағдарламасынан өтуін енгізу ұсынылмақ. Екінші заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отба­сылық және гендерлік саясат мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» деп аталады. Бұл заң жо­басын­­да еңбек қатынастары сала­сын­­дағы кемсітушілік ұғымы нақ­­тыланып, жұмыс беруші­лер­­дің кемсітушілік факті­лерін жа­сырғаны үшін жауапкершілігі, от­басының экономи­ка­лық, тәр­биелік, тұрмыстық және басқа да фун­к­цияларын орын­дауда ата-ана­ның жауапкер­шілігі заң­на­ма­лық түрде бекі­тіліп отыр, бұған қоса әйелдердің эко­но­ми­ка­лық және саяси ілгерілеуіне ықпал ететін нормалар да енгізілген.

Биыл қазан айында Ұлттық комиссия бірқатар мем­лекеттік органдардың өкіл­дерімен бір­ле­сіп Женева қала­сында БҰҰ-ның бейінді коми­тетінде Әйел­дер­ге қатысты кемсіту­ші­лік­тің бар­лық нысандарын жою тура­лы конвенция ережелері­нің орын­­далуы туралы Қазақстан­ның бе­сінші кезеңдік баяндама­сын қорғады. Орталық коммуни­ка­ция­лар қыз­метінде «Зор­лық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы ая­сын­да өткен баспа­сөз мәсли­ха­тында Парламент Мә­жі­лісі­нің Әлеуметтік-мәде­ни даму ко­ми­­тетінің төрайымы, Пре­зи­­дент жанындағы Әйелдер іс­тері және отбасылық-демогра­фия­­лық саясат жөніндегі ұлт­тық комис­сияның төрайымы Гүл­шара Әбдіқалықова зорлық-зом­былыққа қарсы іс-қимыл бойын­ша мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.

БҰҰ-ның Даму бағдарлама­сының есебіне сәйкес, Қазақ­стан 2018 жылы «гендерлік даму деңгейі өте жоғары» елдердің рейтингіне еніп, гендерлік даму индексі бойынша 160 елдің ішінде 58-орынға ие болған. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша, 149 елдің арасында гендерлік алшақтық рейтингі бойынша білім беруден 30-орынға, әйел­дердің экономикалық мүм­кіндіктерін іске асыру бойынша 32-орынға жайғасқан.

Қабылданып жатқан іс-шара­ларға қарамастан отбасы­лық-тұр­мыстық қылмыстар саны өсуде.

Осы жылы полиция отба­сылық-тұрмыстық құқық бұзу­шыларға қарсы 58 мың қорғау нұс­қамаларын шығарып, 6 мың­нан астам ерекше талаптар қойған. 15 мың әйелге консультациялық көмек көрсетіліп, 1500 әйел дағ­дарыс орталықтарына орналас­тырылды.

Жиын соңында спикер Отба­сылық және гендерлік саясат тұ­жы­рымдамасының 2020-2022 жыл­дарға арналған іс-шара­лар жоспарын іске асыру, Тұ­жырым­даманың нысаналы индикаторларына қол жеткізу, Мемлекет басшысының әйелдер мен балалар құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмыс жалғаса беретінін айтты.

 

Соңғы жаңалықтар

Ақтауда көпқабатты тұрғын үйде өрт шықты

Төтенше жағдай • Бүгін, 09:49