Алматы телестудиясының құрамындағы телеоператорлар мен телережиссерлер алпысыншы жылдардың басында-ақ өздеріне бейтаныс деректі фильм жасау ісін табандылықпен қолға алды. 1958 жылы республикада кинотүсірілім небәрі 1,3 сағат болса, ол 1968 ж. 356 сағатқа дейін өсті. Сол кезеңде хроникалық сюжеттер 16-мм киноүлдіріктерге түсірілетін. Телехроника түсіретін техника қолға 1967 жылы ғана тидi. Ендi негативтi үлдірік арқылы түсiрiп келген көрiнiстердi асықпай көрсетуге қол жеттi. Сол арқылы толыққанды телефильмдер түсiрiле бастады. Қазақ телевизиясының жылдық қуаты екi жүз толық метражды телефильм түсiруге жеттi. Бұл республиканың барлық аймақтарын қамтып, еңбек адамдары мен өнер қайраткерлерiнiң жарқын iстерiн көрсету жолы едi.
Алғашында деректі фильм жасау жұмысын телестудияның әдеби-драмалық хабарлар редакциясы жанынан телефильм жасайтын бөлім атқарса, кейін бұл жұмысты 1967 жылы ҚазССР Мемлекеттік телевидение және радиохабарларын тарату комитетіне бағыныштағы «Қазақтелефильм» студиясы атқарды. 1968 жылы «Қазақтелефильм» студиясының құрылымында екі шығармашылық бірлестік құрылды. «Хроника» шығармашылық бірлестігі телевизияның барлық редакцияларына 16 мм киноүлдірікке күнделікті түсірілімдер жасаумен айналысты. Ал «Шығармашы» бірлестігі кино мен концерттік бағдарламалар түсіру ісімен шұғылданды. Ол төрт шығармашылық сала бойынша кинотуындылар жасады: деректі телефильм, көркем және мультфильмдер, театрды экрандау; киноконцерттік бағдарламалар жасау. 1967 жылы «Қазақтелефильм» студиясының бас редакторы болып Т.Мәткәрімов, бөлім редакторы Б.Ғабитов-Жансүгіров, фильм жасаудағы жетекші мамандар О.Дүйімбаев, Б.Теткин,Т.Ибраев, Қ.Ахметов, кинооператорлар Г.Смирнов, А.Федулов, Ю.Дубровин бекітілді. Редакциялық бөлім өз жұмысын алдымен деректі туындылар жасаудан бастады. Б.Ғабитов-Жансүгіровтің авторлығымен «Мен – Қазақстан» деп аталатын деректі екі сериялы тұңғыш фильмді режиссер Б.Теткин түсірді. Мұнан кейін көркем фильмдер мен концерттік кинотуындылар жасау жұмыстары студияда жүйелі түрде жолға қойылды.
1969 жылдың 3 қарашасында ҚазССР Мемлекеттік телевидение және радиохабарларын тарату комитетінің арнайы бұйрығымен «Қазақтелефильм» студиясы өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Оған жылына 327 сағаттық өнiм шығаратын техникалық жабдық алынды. Ол шақта негатив лента өте қат және қымбат болатын. Оны Орталықтан алып келуге сол кезеңдегі комитет төрағасы, медиаөндірістің көреген әрі батыл ұйымдастырушысы Кенжеболат Шалабаев бар беделiн салатын. Сол кезеңде студия мамандары даярлаған Кенен Әзiрбаев туралы телефильм көрерменнің есiнде қалды. Фильмде 80 жасқа толған қарт жыраудың ауылдағы өмiрi кеңiнен қамтылды. Телефильмнiң сценарийiн белгiлi әдебиеттанушы М.Қаратаев жазды. «Мың жолдар түйiскен түбек» атты деректi телефильм Маңғыстаудағы мол мұнай көздерiн игеруге арналды.
1970 жылдары «Қазақтелефильм» құрамында 300-дей қабілетті, талантты телесценарийстер, телережиссерлер, телеоператорлар, монтаждаушылар қызмет істеді. Студия ширек ғасыр мерзім ішінде 3 000-ға тарта түрлі бағыттағы фильмдерді шығарды. «Қазақтелефильм» шығарған кинотаспалар телевизиялық фильмдердің Бүкілодақтық фестивальдарында әлденеше рет жүлделі орындарға ие болды. «Сынақ» фильмінің авторларына (сценарийін жазған Ғ.Шалахметов, реж. М.Голдовская) Бүкілодақтық комсомол сыйлығы берілді. Өндірісті білгірлікпен ұйымдастыру, мамандардың әрбірінің техникалық және шығармашылық бағыттағы қабілет-қарымының молдығы, нәтижесінде «Қазақтелефильм» одақтас студиялар арасында РСФСР мен Украинадан кейінгі үштікке мықтап табан тіреді.
Кеңес өкіметі жылдарында республикамыздың қарыштап өсу жолын баяндайтын «Қазақтелефильм» жасаған «Менің – Қазақстаным» атты 10 сериялы деректі фильм 1969 жылы Ленинградта өткен телефильмдердің Бүкілодақтық ІІІ фестивалінде диплом алғаны фильм жасаушылар шеберліктерінің өскендігін паш етті. «Менің Қазақстаным» – «Қазақтелефильм» студиясының көпсериялы алғашқы ұлттық деректі телефильмі. Мұнда республиканың барлық облыстары қамтылып, материал ең алдыңғы салалардан жинақталды. Жаз айында бірнеше кинотоп белгіленген нысандарға аттанды. Құрамында режиссер Б.Ғабитов-Жансүгіров, операторлар Ю.Кулик пен А.Коптев Алматы – Талдықорған – Өскемен – Семей – Павлодар – Омбы бағытына сапарға шықса, батыс аймақ Маңғышлақ – Гурьев – Орал – Қызылорда бағытына сценарийст А.Ботпаев бастаған топ, режиссер Ә.Дүйімбаев, оператор Ю.Монашев аттанды. Оңтүстік аймақ Алматы – Жамбыл – Шымкент бағытына режиссер Қ.Ахметов пен оператор Ю.Дубровин сапарға шықты. Режиссер Т.Ыбыраев пен оператор В.Покладов бастаған топ Орталық Қазақтан өңірі – Жезқазған – Қарағанды – Целиноград – Көкшетау бағытына бет алды. Аса ауқымды мемлекет жылнамасы есебіндегі ірі жоба К.Шалабаевтың батылдығы арқасында жүзеге асты. «Қазақтелефильм» студиясының деректі ленталары «Ертіс бойымен», «Тас-таулар құйылысында», «Кіріспе», «Гүлдер мен мұнай», «Менің Сыр-Дариям», «Оңтүстік жұлдыздары», «Ескі керуен жолымен» картиналары сыншылар назарына ілініп, көрермендер тарапынан жылы қабылданды. Бұл Қазақстан теледокументалистикасының биік шыңы болатын. Әрі ол қазақ телестудиясы үшін одақтық және халықаралық экранға тыңнан жол салды.
«Қазақтелефильм» студиясы – республика өмірінің тыныс-тіршілігін, ондағы жаңарған өлкені, тамаша адамдарын, өндіріс ошақтарын көрермендерге таныстыруда аса ауқымды жұмыстар атқарды. Кинотаспамен жұмыс істеген студия өнімінің дені деректі фильмдер болғанымен, студияда көркемсуретті және мультипликациялық кинотаспа да түсірілді. «Қазақтелефильм» хроникалық-документтік, ғылыми-көпшілік, көркем-сауықтық, мультипликациялық фильмдер түсіріп, музыкалық киноконцерттер жасады. Сондай-ақ Орталық және республикалық телевизия бағдарламаларында көрсету үшін хроникалық-деректік сюжеттер мен әртүрлі хабарларды киноүлдірікке түсіріп, әзірледі. Жыл сайын 30 шақты фильм түсірілді. «Қазақтелефильм» киноленталары телевизиялық фильмдердің Бүкілодақтық фестивальдарында бірнеше рет жүлдеге («Ең қуанышты күн», сценарийін жазған С.Морозов, реж. А.Лаптев, 1979; «Рекламация», сценарийін жазған С.Мулин, реж. Ю.Дубровин, 1979; «Мұғалім», сценарийін жазған П.Бортник, реж. Н.Әлпиев, 1982; «Домбыра шегі», сценарийін жазған С.Морозов, 1983) ие болды.
Сол бір алғашқы кезеңнің студиядағы күнделікті қарбаласқа толы өмір картиналары да дәл бүгінгідей көз алдымда. Студия бой көтерген орында бұрын автобаза кәсіпорны болған. Жаңа, жас ұжым жылдар сілемінде мотор майлары сіңген және тозығы жеткен техникалардың қоқысын тазартып алған соң, білекті түрініп, ескі ғимаратты қайта бұзып, кейбір жерлерін қайта жөндеп, сырттан көмек күтпей-ақ аз уақыттың ішінде, бір қабатты ғимарат тұрғызды. Бір топ күн-түн, қыс-жаз демей кино-телехроника түсірсе, өзгелері болашақ студияның ғимаратын тұрғызып жатты. Құрылыс жұмысын таспалаған кадрлар күні бүгінге дейін студия операторы В.Задарновский мұрағатында сақтаулы. Не деген энтузиазм, өмірге, еңбекке деген құштарлық. Аз мерзімде алуан ұлттың өкілдері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» салған, талай баға жеткісіз дүниелерді өмірге әкеліп, болашаққа мұра етіп қалдырған қымбат орда 90-жылдардың орта тұсында әлдекімдердің жемсауына жұтылды. Ол жерге көпқабатты үй тұрғызылды. Ел мен жердің тарихы мен шежіресінен де мықтылардың тоқпағы салмақты болып шықты.
1993 жылы студияны мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін, фильм түсіру жұмысы да тоқтады. Алайда, студия кинотаспасында республикаға танымал Халық әртістері Р.Жаманова, Ш.Бейсекова, К.Кенжетаев, Ғ.Құрманғалиев т.б. фильм-концерттері жас ұжымның алғашқы қарлығаштары болып өмірге қанат қақты. Бүгінде Мемтелерадиокомитеттің мұрағатында 14 жасында «Ана туралы» әнді шырқаған Р.Рымбаеваның қайталанбайтын кадрлары сақтаулы. 1970 жылдан бастап ойын түріндегі картиналарды түсіру басталды. Алғаш рет экранға шыққан толық метражды «Сенім» фильмінің ізін ала «Кешкі көкжиек», «Құрманғазы», «Кездесу», «Оның домбырасының үні ашық» фильмдері де көпшілік көңілінен шықты. Қысқа метражды ленталар да экранға жол тартты. Режиссер А.Лаптев жастар делегациясының құрамында Вьетнамда болған сапарында өзінің «Қарлар кеткен шақтарда» атты көркем фильмін экраннан көргендігін айтады. Оған себеп, ол кезде экранға жолдама алған студия өнімі Мәскеуде көбейтіліп, кейін социалистік елдерге жіберілетін. Режиссер Сон-И-Сон, оператор С.Тәжімұратов екеуі 30-дан астам мультфильм – «Бұлақ басындағы оқиға», «Үш дос», «Нашақор мысық», «Күмпиген мақтаншақ», «Сатылған көлеңке» және «Алдар көсені» экранға шығарды.
Телестудияның түрлі жанрлар мен тақырыптардағы деректі ленталары – бүгінде елдің тарихына айналған кезең тынысын, уақыт үнін бүгінге жеткізді.
Кезең тұлғалары атанған өнер адамдарының толыққанды галерея фильм-портреттері өмірге келді. Олардың арасында «Қалибек Қуанышбаев», Серке Қожамқұлов туралы «Сер-аға», Елубай Өмірзақов жайлы «Сахнада жарты ғасыр», Қапан Бадыров туралы «Бәрі өзімдікі», Сәбира Майқанова өмірінен «Талант сыйы», Камал Қармысов хақында «Оның мамандығы – актер», Әзірбайжан Мәмбетов туралы «Режиссер», Әмина Өмірзақова жайлы «Әмина» т.б. өшпес туындылар бар. «Қазақтелефильм» алаңында танымал режиссерлер мен операторлар С.Қожықов, Г.Емельянов, А.Нұғыманов, М.Айманов, Е.Болысбаев, А.Нилов, Р.Сабиров т.б. іздері күні бүгін де сайрап жатыр. 80-жылдардың соңында студияға бір топ талантты жастар Т.Ахметов, Б.Иманбаев, А.Қарабаев, Қ.Омаров т.б. кезең тынысымен үндес картиналарды өмірге әкелді.
Жарты ғасыр. Студияның іргетасын қалап, шаңырағын көтеріп, уығын қалаған аға топтың көпшілігі, оның ішінде басшылық құрамдағы тұлғалар – Т.Мәткәрімов, Қ.Ахметов, К.Танаев, М.Рахманбердиев, Ә.Жақсыбеков өмірден ерте өтті. Ұлты бөлек, кәсіби мамандар шетел асты. Ал биыл отандық деректі фильм бастауында тұрған Ескендір Тынышпаевқа 110 жыл толса, режиссура алыптары Әсман Дүйімбаев, Тұраш Ибраев 90, Кәрім Танаев, Николай Велитченко сынды тарландар тірі болғанда 80 жылдығын атап өтер еді...
«Көзден кетсе, көңілден кетеді» демекші, соңында іздеушісі жоқ, ұмыт бола бастаған ұжым жайлы ардагерлер Сұлтан Оразәлі, Ғаділбек Шалахметов іс-шараны өз деңгейінде өткізуге атсалысты. Бұл өмірлерінде өрнекті із қалдырған тұлғаларға деген тағзым, игілікті іс болды. Қашанда өткенді еске алып, тірілерін тіршіліктерінде ардақтап, құрмет көрсеткенге не жетсін...
Құдайберген ТҰРСЫН,
телетанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор