Қоғам • 11 Желтоқсан, 2019

Түркістан адалдық мекеніне айналады

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістанның рухани негіз­дерін ескере отырып, қоғам арасында адалдық және парасаттылық құндылықтарының негіздерін насихаттау мақсатында бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен бірқатар тың идеялар қолға алынды. Соның бірі ретінде «9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» күніне орай Түркістанда алғаш рет халықаралық деңгейде өткен форумды атар едік.

Түркістан адалдық мекеніне айналады

Жемқорлықтың жолын кесу­дегі үздік тәжірибелердің тиімді жолдарын қарастыру және оның алдын алудың ұтымды тәсілдерін ортаға салу мақсатындағы фо­рум­ға мемлекеттік қызмет сала­сындағы Астана хаб басқару­шы комитетінің төрағасы Ә.Бәй­менов, Республикалық арнайы мониторингтік топ басшысы А.Соловьева, ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Қоғамов, Кеңес Одағының батыры Н.Кре­мениш, «Еріктілер лигасы» қо­ғамдық қорының төрайымы А.Ерниязова, Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсе жетекшісі М.Қарғабай, Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Б.Халилов, Түркия Республикасы Мармара (Ыстанбұл) универ­ситетінің профессоры И.Аттила, Нью-Йорк (АҚШ) полициясының үздік қызметкері Д.Ниязов, ха­лық­аралық сарапшылар, ға­лым­дар мен құқық қорғау ор­ган­дарының ардагерлері, ор­талық және жергілікті атқа­рушы органдардың лауазымды тұл­ғалары қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев Елбасының тарихи шешімімен облыс болып құрылған Түркістан жерін жемқорлықтан тазартып, адалдықтың мекеніне айналдыруда халықаралық форумның қосар үлесі зор екенін атап өтіп, өзінің пайымды ой-пікірін білдірді. Ал Әлихан Бәйменов жемқорлыққа қарсы күресті агенттіктің, про­куратураның немесе соттың жұ­мысы деп қарамау керектігін, бұл бүкіл халықтық іс екендігін және батпандап кірген дертті шығару үшін әрбір азамат, соның ішінде әрбір басшы тазалықтың, адалдықтың үлгісін көрсетуі тиіс екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ форумға АҚШ-тан арнайы келген Нью-Йорк полиция департаментінің үздік қызметкері Д.Ниязов Түркістанның бола­шағы жарқын әрі келешегі кемел боларына сенім білдіріп, отан­дық полицияның штат санын оңтайландыру арқылы еңбек өнімділігінің сапасын арттыруға болатындығын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлық – ел экономикасының кемелденуіне ке­дергі келтіріп, мемлекеттің межелі мақсатқа жетуіне тұсау болатын қауіпті кесел. Жең ұшы­нан жалғасқан жемқорлық кез келген қуатты елдің әлеуетін құл­дыратып, халықтың билік институттарына деген сеніміне сел­кеулік түсіреді. Бәсекелестік қабі­летін бәсеңдетіп, мемлекеттің өркениет көшіне ілесуіне орасан зор нұқсан келтіреді. Қоғамдық ін­детпен бүкіл әлем болып кү­ресу мақсатында Біріккен Ұлт­тар Ұйымының ұйғаруымен 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып белгіленіп, бүгінгі күні көлеңкелі қылмыстың жолын кесуде жалпы қоғамға тән ортақ бас­тамалар жүзеге асырылып келеді.

Тағылымды тарихқа толы ру­хани мекен Түркістан өңі­рінде алғаш рет өткізілген тәжі­рибе алмасу жиынының өзін­дік ерекшелігі де сыбайлас жем­қорлықсыз адал қоғамды қалып­тастыру. Мұндай игі бастамаға құрылған халықаралық форум­ның түркі жұртының асыл бесігі – Түркістан қаласында өтуіне барлық рухани негіздер бар. Бұл форум алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, шетелдік сарап­шылардың белсене қатысуымен тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады. Осы орайда ІІМ Қо­ғам­дық кеңесінің төрағасы М.Қо­ғамов мұндай халықаралық фо­румды кем дегенде екі жылда бір рет Түркістанда өткізу қажет деген ұсынысын жеткізді.

Қоғам індетімен қарқынды күресудің жолын қаузаған фо­рум соңында Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Түркістан облысы бойын­ша департаменті қызмет­кер­лерінің және департамент қам­қорлығындағы Арыс қала­сын­дағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» тәрбиеленушілерінің қаты­суымен түсірілген «1424» көркем фильмі алғаш рет көрсетіліп, қатысушыларға терең ой салды. Халықаралық форум тарихи өлкені жемқорлық кеселінен арылтып, өркениет ошағы мен адалдық мекеніне айналдыруға бірден-бір негізгі қадам болмақ.

 

Хаким КӨШҚАЛИЕВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі