Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған Нұрлан Балғымбаев Үкімет басшысы лауазымына дейін көтерілді. Адал еңбегімен, азаматтық келбетімен халыққа қадірлі бола білген азамат дүниеден озғанымен, жақсы ісі жалғасын тауып жатыр. Соның бір дәлелі – осы орталық. Еліміздегі мұнай-газ саласы мамандарын дайындайтын жетекші жоғары оқу орнына қазіргі заманғы ең озық жетістіктермен жабдықталған нысанды сыйға тарту Балғымбаевтар әулетінің жомарттығы ғана емес, жастарға деген жақсылығы да. Қазір бұл оқу орнында 4 мыңнан астам студент 29 мамандық бойынша білім алып жатыр. Бұған дейін ТМД елдері бойынша Ресейдің екі қаласында ғана болған орталықтың мұнайлы Атырауда ашылуы – мақтаныш. Виртуалды жаттығу бөлмесінен бөлек мұнда лингафон, оқу залдары, интерактивті музей, виртуалды кітапхана да бар. Сол арқылы студенттер Ресейдегі Губкин атындағы университеттің кітапханасына қол жеткізе алады. Бұл талмай талаптанамын деген жасқа үлкен мүмкіндік.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында еліміздің экономикасы қарқынды дамыды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасы бастамасымен әлемдегі ең ірі компаниялармен байланыс орнады. Осы жұмыстардың бәрінде Нұрлан Балғымбаев Елбасының сенімді көмекшісі болды. Оның білімі, іскерлігі инвесторларды мұнай-газ саласының болашағына сендіруге ықпал етті. Бар күш-қайратын, тәжірибесін еліміздің өркендеуіне арнаған Нұрлан Өтепұлының отбасына алғыс айтқым келеді. Оны жадында сақтап, игі істерін жалғастырып қана қоймай, мамандардың жас буынын қолдау мақсатында осындай жобаны ұсынып отыр», деп атап өтті.
Жастар жылы жүзеге асқан жарқын жоба мұнай-газ саласында білімді де білікті отандық мамандардың қатарын арттыруды мақсат етеді. Үш қабатты үлкен ғимаратта студенттермен қатар мұнайшылар да арнайы тренингтерге қатысып, геология, геофизика бағытында, кен орындарын игеруді басқару, мұнай-газ жүйесін модульдеуге арналған лицензиялық бағдарламалармен жұмыс істейтін болады. Н.Балғымбаев атындағы қордың өкілі Асқар Балғымбаев: «Бұл жерде білім алған маман кез келген компанияда жұмыс істей алады. Орталықты жобалаған кезімізде қазіргі заманғы ең озық технологиямен қамтуға айрықша назар аудардық», дейді.
АТЫРАУ