Жиынға басшылық еткен бейінді комитет төрағасы, Nur Otan партиясы жанындағы Құқықтық кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіров отырыстың мақсаты мен маңызына тоқталды. Сондай-ақ депутат өткен жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуын назарға ала отырып, білікті заң көмегін көрсету жүйесін одан әрі дамыту, жетілдіру аясында заңнамалық жаңалықтардың практикалық маңызын түсіндіру, заң консультанттары институтын одан әрі жетілдіру, адвокатура мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру басты міндет екенін атап өтті. Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев халықтың заң құқықтарын білуде осындай басқосулардың маңызы зор екендігін айтты.
Еске сала кетсек, аталған Заңмен құрамында 6 адвокат, қоғамның 3 өкілі және отставкадағы 2 судья бар тәртіптік комиссиялардың екі деңгейлі жүйесі көзделген, бұл азаматтардың шағымдарын объективті және жан-жақты қарастыруды, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етеді. 2020 жылдан бастап адвокаттардың, заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі, бұл сенім білдірушілерге білікті заң көмегін алуға және сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда келтірілген зиянды өтеуге кепілдік береді. Сондай-ақ әлеуметтік және қаржылық қиын жағдайдағы азаматтар үшін адвокаттан немесе заң консультанттарынан, өзінің құқықтық жағдайын толық сүйемелдеумен ақысыз заң көмегін алу көзделген.
Жыл бойы осы және басқа заң талаптарының орындалу деңгейіне қатысты арнайы мониторинг жүргізілген. Отырыс барысында осы мониторингтің қорытындысы жарияланып, ашық пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Оның барлығы алдағы уақытта Парламент Мәжілісінде өтетін Үкіметтік сағатта және келесі жылға жоспарланған Парламенттік тыңдауда тақырыпқа арқау болмақ.
Түркістан облысы