Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы:
– Біз егемен еліміздің ең мәртебелі, ең ұлы мерекесі тәуелсіздік күні қарсаңында Мәжілісте халықаралық шахмат турнирін өткізіп отырмыз. Бұл енді еліміздің абыройын көтеріп жүрген даңқты спортшылармен жыл сайын ұйымдастырлатын дәстүрлі шараға айналады. Ал алғашқы кездесудің әлемнің 4 дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың қатысуымен шахматтан басталуы – ол ең алдымен осы танымдық ойын түрінің дамуына үлес қосумен қатар, өскелең ұрпаққа үлгі ете отырып, жас ұрпақ арасында, мектеп қабырғасында кеңінен насихаттауға жол ашатыны сөзсіз. Себебі шахмат – спортта да, өмірде де дұрыс қадам жасауға үйретеді, – деді Н. Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, аталған турнирге шетелдік әріптес-депутаттардың Нұр-Сұлтанға арнайы келіп, қатысуы парламентаралық ынтымақтастықтың да жоғары деңгейін көрсетеді.
Шара барысында Динара Сәдуақасоваға Палата Спикері елеулі еңбегі үшін Парламент Мәжілісінің атынан арнайы алғыс хат табыс етті.
Динара Сәдуақасова 18 тақтада бір мезгілде ойын сеансын өткізді.
Өз кезегінде Динара Сәдуақасова мерейлі мереке қарсаңында Мәжіліс ұйымдастырған ауқымды шараға зор қуанышпен қатысқанын және оның егемендікке деген ерекше құрмет ретінде бағалайтынын атап өтті.
Ойын қорытындысында бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік ойын» бойынша Мәжіліс депутаттары Аманжан Жамалов, «Үздік жүріс» аталымында Владислав Косарев, «Жеңіске деген жігер» аталымы бойынша Қуаныш Сұлтанов марапатталды.