Руханият • 12 Желтоқсан, 2019

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы басталды

760 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақ тілін үйрену үшін ынта керек пе, уақыт керек пе? Тіл үйренуге не кедергі? Төл мерекеміз тәуелсіздік күніне орай елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форумында дәл осы мәселелер көтерілді. Тіл туралы әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткен форум жұмысында қазақ тілін ана тіліндей меңгерген азаматтар емін-еркін ой-пікір алмасып, тіл үйрену жолын өзгелерге үлгі ете отырып, баяндап берді.

«Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы басталды

Форумға Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынба­сары – Хатшылық меңгеру­­шісі Жансейіт Түймебаев, Пар­ла­мент Мәжілісінің депутатта­ры, мәдениет және өнер қайрат­кер­лері, филология мен лингвисти­ка саласының сарапшылары, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен ҚХА мүшелері, этномәдени бірлес­тіктер мен жастар ұйымының өкіл­дері қатысты. Жиында сөз алған Ж.Түймебаев жүк­телген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді мақсат етіп отырғанын алға тартты.

– Бүгінгі жиынды Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Тілге деген көзқарас – шын­дап келгенде, елге деген көз­қарас» деген ұлағатты сөзі­мен бастағым келіп тұр. Елба­сы жыл сайын ҚХА сессиясында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жас­тарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып келеді. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы халыққа арнаған Жол­дауында «Қазақ тілінің мемле­кет­тік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын. Мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігін де еске салғаны белгілі, – деген ол форумға еліміздің барлық облысынан қазақ тілін жатық білетін, күнделікті тұрмыста қолданып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген жүзден астам ұлыс өкілі қатысып жатқанын жеткізді.

– Бүгін ортамызда отырған аза­матт­ардың арасында түбі бір түркі тілдес елдерге қарағанда, славян тектес халықтардың өкіл­дері көптеп келіп отыр. Яғни, орыс, украин, неміс, беларус, поляк, латыш, тағы басқа ұлт жас­та­ры­ның арасында қазақ тілін жетік меңгергендердің көптігіне көз жеткіздік. Бұл қуа­нарлық жағ­дай, ауыз толтырып айтуға тұрар­лық көрсеткіш, – деді Ж.Түй­мебаев. Ол форум жұмы­сын ашық деп жариялап, жастар мен де­легация өкілдерін ашық алаңға пікір алмасуға шақыр­ды. Бұдан соң мемлекеттік тілді меңгер­ген өзге ұлт өкілдері мен этномә­дени бірлестіктердің мүше­лері бірқатар сауалдарға жауап беріп, тіл үйренудегі жеке тәжіри­бе­сімен бөлісті. Атап айтсақ, қазақ тілін білу арқылы қалай жетіс­тікке жетуге болатынын егжей-тегжейлі баяндап, тіл меңгеруде қандай әдістерге сүйенгенін, сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін не істеу керектігіне кеңінен тоқ­талды. Мәселен, Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Құл­сары қаласының тұрғыны Юлиана Новикова қаладағы «Өркен-2» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып қызмет етіп келеді. Қазақ отбасына келін боп түскен Юлиана қазақтың салт-дәстүрлерін ұстанып қана қоймай, дастарқанынан ұлттық тағамдарды үзбейтін көрінеді.

– Жұбайым Шерхан үйдің кен­жесі болғандықтан, қарашаңы­рақтың иесі. Қазақ тілін мектепте оқып жүргенімде үйрене бастадым. Бұл ретте көп көмегін берген достарыма, көршілеріме, ұс­тазыма көп алғыс айтамын. Үйде сәлем саламын, ал үйдің үлкендері «бақытты бол, қоса­ғыңмен қоса ағар» деп батасын береді. Осы ақ тілекті естімей жүр­ген келіндер қанша ма? Сәлем салудан кішірейіп қалмайсың, үлкеннің батасын алып, сәлем беруге асығайық, – деді ол. Ал Чешенстандағы соғыс уақытында отба­сымен Ақтауға жер ауып келген Жамалайл Элимханов өзі­нің қызықты да тағылымды әңгі­месімен көпке үлгі болды.

– Отбасымыз 1995 жылы Қазақ­станға қоныс аударды. Балалық шағым Ақтау қаласында өтті. Орыс мектебінде білім алдым. Бейжіңдегі Қытай саяси университетінде ағылшын, қытай тілдерінде білім алған соң, 2014 жылы туған қалама оралып, мұнай компаниясына жұмысқа орналастым. Бірақ мені бір ой үнемі мазалап тұрды. Әлемнің 4 тілін үздік меңгердім, бірақ мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмейді екенмін. «Мен қазақ тілінде сөйлей алған кезде ғана өзімді қазақстандық деуге құқығым бар» деп өзіме серт бердім, – деп  еске алды Жамалайл. Осылайша небәрі екі жылдың ішінде қазақ тілін жетік меңгеріп алған азаматтың ерік-жігері кімді болсын қайран қалдырары анық.

«Мен осы қоғамда өмір сүріп, елімнің дамуына өз үлесімді қосып отырмын. Мен үшін мемлекеттік тіл – менің екінші ана тілім. Осы тілде ойлаймын, осы тілде сөйлеймін. Бұл тілге деген құрметім бала кезден оянған. Араласып жүрген жолдастарым да осы тілде сөйлейді. Меніңше, мемлекеттік тілде сөйлеу дегеніміз – патриоттықтың белгісі», деген Петропавл қала­сындағы Манаш Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемле­кеттік университетінің магистранты Богдан Петров келелі пікірімен көптің көкейіндегісін тап басты. Қазақ тілінің көсегесін көгертіп жүрген жастарға риза болған Қазақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі Қа­зыбек Иса, қоғам қайраткері Өте­ген Оралбай сынды ел ағала­ры ризашылығын білдіріп, бата­сын берді. Форум аясында кон­церттік бағдарлама ұйымдасты­рылып, мемлекеттік тілді жетік мең­гер­ген этномәдени бірлестіктердің бел­сен­ділері Президенттің Алғыс ха­тымен марапатталды. Мемле­кет көздеп отырған меже бойын­ша, 2025 жылға қарай қазақстан­дық­тардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Осы орайда Ж.Түймебаевтың бастауымен этнос өкілдерінің арасында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» эстафетасы ашық деп жария­ланды. Ескендір Хасанғалиев пен Қадыр Мырза Әлінің туындысы «Атамекен» әнін салтанатты түрде барлық қатысушылар орындап, эстафета Ассамблеяның Алматы қалалық хатшылығына жолданды. Шарт бойынша мемлекеттік тіл насихаты әлеуметтік желілер арқылы кеңінен қолданысқа ие болады.