Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес ақционерлік қоғамының волонтерлік бастамаларды дамыту мақсатында екі күнге жоспарланған шара аясында еліміздің үздік волонтерлері марапатталды.
Жастарды Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтауға келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ең алдымен, Қостанай қаласында өткен форумда 2020 жылды Волонтер жылы деп белгілеуді ұсынған Вера Ким ханымға айрықша алғысымды білдіремін. Жалынды жастардың жылын тәмамдап, Волонтер жылына қадам бастық. Ал осы сәтте «Media-волонтер» аталымының жеңімпаздарын марапаттау мен үшін аса маңызды болып тұр. Себебі волонтерлер атақ-абырой үшін емес, жүрек қалауымен жұмыс істейді. Сондықтан бұқара халықты осындай игі іске бастауда медиа саласының маңызы жоғары. Мedia-волонтер қашан да алдыңғы қатарда, көш басында болуы тиіс», деді.
Ал БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура өз кезегінде волонтерлерді марапатымен құттықтай отыра, «Жуырда Қазақстаннның бір аймағында жұмыс сапарымен болдым. Онда да осыған ұқсас кездесу ұйымдастырылды. Сол кезде бұған дейін еш жерде алмаған энергия алып едім. Бүгінгі алған энергиям одан да асып түсті. Ең жоғары энергия – осында! Қазіргі таңда мен қызмет ететін Біріккен Ұлттар Ұйымында әлем бойынша 8 мың ерікті жұмыс істейді. Соның ішінде Қазақстан азаматтары да бар», деді.
«Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырған шара жұмысы бірнеше секцияларға бөлінген. Қазақстанның барлық өңірлерінен 200 квотаны, сондай-ақ 60 халықаралық квотаны қоса алғанда, 1000-ға жуық қатысушы болады. Сонымен бірге «Қазақстанның Қызыл Жарты Ай» қоғамы, «Beeline Қазақстан», БҰҰ Волонтерлер бағдарламасы, БҰҰ Әйелдер құрылымы, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық ұйымдардың сарапшылары шақыртылған.
Мамандар білім, экология, ұжымдық еріктілік тақырыптарында баяндама жасап, шеберлік сыныптарын өткізді. Форум тақырыптары халықаралық және ұжымдық еріктілікке де арналған. Ұйымдастырушылардың ақпаратына сүйенсек, жиынға 14 пен 82 жас аралығындағы азаматтар келген. Әрқайсысы осы саладағы өзінің тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, Қазақстандағы шет мемлекеттер елшілерінің жұбайлары ассоциациясының вице-президенті Хитоми Шимомура Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын өтетін жаңажылдық жәрмеңке туралы айтып берді. Хитоми Шимомура Қазақстандағы елшіліктер ұсынған лоттарды сатқаннан келген ақшаны мұқтаж отбасыларға керек-жарақтарын, мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектер арбасын алуға жұмсайтынын айтты. Биылғы шараға 53 елшілік пен 16 ұйым атсалысқан. Сондай-ақ БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар биыл алғаш рет қатысыпты.
«Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк «Бүгін халықаралық мамандардан тәжірибе жинауға зор мүмкіндік туып отыр. Мәселен, осы шарада ерекше күтімді қажет ететін адамдармен жұмыс істеуді, театрлық қойылымдарға қатыстыру туралы біраз сабақ алдық», дейді.
2019 жылдың үздік волонтерлеріне келсек, «Ethno-волонтер» аталымы бойынша халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеуге атсалысқан Бекболат Төлегенұлы, «Ұжымдық волонтер» аталымы бойынша «Green Tal» серіктестігінің құрушысы Эмин Әскеров, «Socio-волонтер» аталымы бойынша «Жеңіс», «Талант сыйлаушылар» әлеуметтік жобаларының волонтері Бекжан Әлішер, «Жануарлармен жұмыс» аталымы бойынша Светлана Матюх көш бастады. «Төтенше жағдайлар бойынша ерікті» – Татьяна Косарева, «Халықаралық волонтер» – Динара Саранова, «Event-волонтер» – Фархат Макышев марапатталып, медицина саласына үлес қосқан ерікті Арман Қасымов пен «Eco-волонтер» Алан Бесен, «Media-волонтер» аталымы бойынша Диас Камериданов та үздіктер қатарынан көрінді. Аталған волонтерлер ТМД елдері аумағын аралау мүмкіндігіне ие болды.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Рауан ҚАБИДОЛДА,
«Egemen Qazaqstan»