Ұлттық анимация саласына өлшеусіз үлес қосқан режиссер-аниматор Әмен Қайдаровтың атымен аталған шараның қызыл лентасын қию шарасына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Нұрпейісов Үкібай, «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігінің жетекшісі Мақпал Жұмабай, анимация майталмандары Эрнст Бейсеитов, Галина Дусенко, Тамара Муханова қатысты.
Кинофестивальдің мақсаты – қазақ анимациясының дамуына ықпал ету және жас дарындарға қолдау көрсету болды. Шара аясында анимациялық киностудиялардың көрмесі қалың көпшілікке таныстырылды.
Ámen Animation film festival қоржынына 80-нен астам өтінім келіп түсіп, байқауға 51 жұмыс іріктеліп алынғанын айта кеткен жөн.
Шараға «Dala animation», «САҚ» киностудиясы, «Ara studio», «Anyz film», «Rio animation», «Qazart», «Astana film», «Glen» анимациялық академиясы және «Qgoo» графикалық оқыту орталығы қатысты. Шара барысында сондай-ақ белгілі тақырыптар бойынша комикстер байқауы да өткізілді.
Үміткерлер «Үздік кәсіби анимациялық фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік сценарий», «Үздік қоюшы суретші», «Үздік студенттік жұмыс», «Үздік мультхикая», «Әділқазылар жүлдесі», «Көрермен көзайымы», «Үздік комикс» номинациялары бойынша марапатталды.