Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Нұрбек Дайырбеков, АҚИҰ Бас директоры Ерлан Байдәулет, сондай-ақ Бангладеш, Буркина-Фасо, Гамбия, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы Ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшы қызметкерлері және Қазақстанда аккредиттелген ИЫҰ мүше елдердің елшілері қатысты.
Ш.Нұрышев өз сөзінде Қазақстан АҚИҰ қызметіне және осы Ұйымның мүшелік құрамын кеңейту бойынша жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.
Іс-шара аясында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен АҚИҰ арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Осы күні АҚИҰ штаб-пәтерінде АҚИҰ Атқарушы кеңесінің кезекті 4-ші отырысы ашылды, онда кездесуге қатысушылар ұйымның ИЫҰ-ға мүше елдердің Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы практикалық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған ағымдағы қызметі талқыланады.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында АҚИҰ құру туралы бастама Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Қазіргі уақытта Ұйымның құрамына Ислам әлемінің 34 мемлекеті кіреді және оның қызметі Ауыл шаруашылығы мен Азық-түлік әлеуетін дамыту саласында мұсылман әлемінің күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған.