Парламент • 12 Желтоқсан, 2019

Сенат комитетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер қаралды

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат комитетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер қаралды

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында әзірленді.

Заң жобасына енгізілетін өзгертулер:

-азаматтық-құқықтық немесе тәртіптік негізде реттелетін қатынастарды қарау мүмкіндігіне байланысты жекелеген әкімшілік құқық бұзушылықтарды алып тастауға;

-әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдарының көлемін азайтуға;

-қазіргі әкімшілік шараларды төмен жазалауларға алмастыруға;  

-ескерту түріндегі әкімшілік жазаларды қолдануды кеңейтуге;

-санкцияларды тек сот тәртібінде берілетін әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірқатарын соттың ведомстволық бағыныштылығынан мемлекеттік органдарға беруге;

-санкциялары қызметтің немесе оның жеке түрлеріне рұқсатты алып тастауды, уақытша тоқтатуды немесе тоқтатуды қарастыратын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот және соттан тыс инстанциялар арасындағы өкілеттіктердің аражігін біртіндеп реттеуге;

-жалпыға ортақ нормативтік-құқықтық қағидаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті көздейтін әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамын нақтылауға;

-әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауды біртіндеп электрондық сипатқа көшіруге;

-Кодекстің құқық қолдану тәжірибесінде анықталған құқықтық кемшіліктер мен қайшылықтарды жоюға бағытталған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында оған өзгерістер мен толықтыруларды енгізудің ерекше тәртібі реттеледі.

Заң жобасы Палата қарауына берілді.