Президент • 13 Желтоқсан, 2019

Президент ел азаматтарын марапаттады

396 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстауға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Жиын барысында бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Президент ел азаматтарын марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егемендік еліміздің баға жетпес байлығы екенін айтты.

– Біздің буын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында халқымыздың асқақ арманын ақиқатқа айналдырды. Байрақты бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырды. Олардың аманатына адал болу – баршамыздың киелі парызымыз. Азаттық үшін алысып, ел үшін жанын пида еткен батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы 2019 жылдың еліміз үшін ерекше маңызды болғанын атап өтті.

– Біз мемлекеттілігіміздің мызғымас­тығын және демократиялық жолмен дами­тынын, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын са­бақтастық дәстүрімен жалғайтыны­мызды дәлелдедік. Тұңғыш Президент – Елбасының баға жетпес тәжірибесі мен білімі халқымыз үшін аса қажет және ел игілігі үшін пайдаланылады. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, тарихи масштабтағы тұлға және мемлекетіміздің негізін қалаған Елбасының ерен еңбегін құрметтеу – біздің парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін жүзеге асыру туралы атап өтті. Бұл мақсатқа 3,5 триллион теңге қаржы бөлінгенін, аталған қаражаттың 530 миллиард теңгеден астамы көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға жұмсалатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті халық экономикасын құрудың маңыз­дылығына назар аударып, оны дамыту нәтижесінде еліміздің әрбір азаматы пайда табуы тиіс екенін жеткізді.

– Біздің басты міндетіміз – әр азамат­тың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік сая­сат­ты іске асыру жөнінде айта келіп, «ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» құру үшін орындалатын міндеттерге тоқталды.

– Мемлекеттік құрылыстың заманауи үлгісі қазірдің өзінде элитарлық, өзгешелік тұжырымдардан алыс. Әр шенеунік өзін халықтың бір бөлшегі ретінде сезініп, халық үшін және халық арасында жұмыс істеуі тиіс екенін ұмытпауы қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет дегеніміз – бюрократиядан мүлде ада болып, цифрландыру негізінде жүзеге асырылатын барлық рәсімнің ашықтығы, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бүкіл ха­лықтың мықты күш-жігерінің арқасында биік белестерді бағындырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, ел тарихындағы барлық жетістіктер – әр азаматтың ерен еңбегінің нәтижесі.

Қазақстан Президенті салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде мемлекеттік награда алған азаматтардың сіңірген еңбегін жоғары бағалады.

Сонымен Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемле­кетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан ай­рық­ша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін әнші Роза Рымбаеваға берілді. Өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Макишевке берілді.

«Отан» орденімен жазушы И.Жа­қанов, «Alageum Electric» холдингтік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы С.Қожабаев, Ақтөбе облысы «Казхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту ком­бинатының директоры В.Тиль, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев» орденімен Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы­ның көмекшісі – Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Іс басқарушы­сының бірінші орынбасары А.Бисем­баев марапатталды.

Ал І дәрежелі «Барыс» ордені Пар­ламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрах­мановқа, ғалым және қоғам қайраткері Ә.Ах­метовке, жазушы Т.Әбдікұлына, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Кеңсесінің басшысы М.Қасымбековке, «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті» РМК бас ғылыми қызметкері М.Мырзахметұлына, «Бөбек» балалар қорының президенті С.Назарбаеваға, опера әншісі Б.Төлегеноваға, ІІ дәре­желі «Барыс» ордені «ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық маман­дан­дырылған мектеп-лицей-интернат» КММ мұғалімі Р.Әзімбаеваға, ақын М.Айтхожаға, Ұлттық ғылым академия­сының академигі Ғ.Есімге, мемлекет­аралық су шаруашылық үйлес­тіру ко­мис­сиясы жанындағы Су шаруашылық мә­селелері бойынша ғылы­ми-ақпараттық орталығы Қазақ филиалының директоры Н.Қып­шақ­баевқа, ІІІ дәрежелі «Ба­рыс» ордені ақын, «Сәкен Сейфул­лин­нің мұражайы» МКҚК директоры Н.Айтұлына, Президент Іс бас­қар­масы Медициналық орталығының «Оқ­жетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ пре­зиденті Қ.Беркінбаевқа, тарихшы М.Қой­гелдиевке, Парламент Сенатының депутаты Т.Мұқашевқа, жазушы Қ.Сал­ға­раұлына және басқаларға берілді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 36 көрнекті өкіліне берілді, олардың ішінде белгілі әншілер Т.Асар мен Д.Құдайберген, ғалым А.Жұ­ма­діл­даев, киноактер Н.Есімғалиев, дири­жер Р.Салаватов, балет әртісі Н.Се­ме­нова және басқалар бар.

Белгілі ғалымдар, мәдениет қайрат­керлері, өндірістік сала өкілдерінің ең­бек­­тері «Парасат» орденімен бағаланды. Олардың арасында «Шымкент қала­лық орыс драма театры» МКҚК бас­шы­сы И.Вербицкий, «Айтыс ақын­дары мен жыршы, термешілердің ха­лық­ара­лық одағы» РҚБ төрағасы Ж.Ер­ма­нов, «Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлт­тық университеті» РМК про­фес­соры С.Қасқабасов, «Ақтөбе металл құ­рас­тыру зауыты» ЖШС директоры Қ.Қой­­­лы­баев, Солтүстік Қа­зақ­стан об­лы­сы «Ақселеу» ЖШС директоры С.Ма­­лаев, «Қазақ ұлттық аграр­лық уни­­вер­ситеті» КЕАҚ профессоры Қ.Сәб­­­денов, «Б.Римова атындағы Талды­қорған драма театры» КММ әртісі К.Те­мір­байұлы, қоғам қайраткерлері Е.Саке­нова мен Е.Тарасенко, Атырау облыс­тық Қоғамдық кеңесінің төрағасы М.Өте­шов, «М.Өскінбаев атындағы Маңғыс­тау облыстық филармониясы» МКҚК солисі С.Шакрат, Қарағанды облысы «Алтай Полиметалы» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Р.Юн бар.

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы Төраға­сы­ның орынбасары, «Вайнах» чешендер және ингуштер қауымдастығы бас­қармасының мүшесі Ю.Келигов, айтыс ақыны Ә.Қалыбекова, «Айнұры» та­тар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ төр­ағасы А.Халиков, Қарағанды қаласы «LITUANICA» ҚБ төрағасы В.Тварионас жә­не басқалар ие болды.

«Құрмет» орденімен марапат­тал­ғандар қатарында ақын О.Әбділдаев, Түр­­кістан облысы «Жетісай қосалқы мектеп-интернаты» КММ мұғалімі Ү.Әб­­диев, «Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті» РМК доцен­ті А.Әбиденқызы, Ақмола облысы «Ал­тын дән» ЖШС директоры Қ.Байза­­қов, Алматы қаласы «Қазақстан дүнген­дерінің қоғамы» ҚБ төрағасы А.Войнце, «Абай атындағы Қазақ мемлекет­тік академиялық опера және балет теа­тры» РМҚК солисі Г.Дәуірбаева, Қоста­най облысы «Мелитопольское» ЖШС ди­ректоры Э.Двуреченский, таны­мал боксшы В.Демьяненко, «Т.Жүр­генов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер ака­демия­сы» РММ оқытушысы Ш.Има­шев, Қы­зылорда облысы «Еңбек жер» ЖШС директоры Ш.Ысқақов, Петро­­павл қаласы «Кардиологиялық орта­лық» КМК бас дәрігері А.Мағзұмов, Шым­кент қаласы «Болашақ» №66 бала­бақшасы» МКҚК меңгерушісі Т.Мар­тыненко, «Шығыс Қазақстан ауыл­ша­руа­шылық тәжірибе стансасы» ЖШС механизаторы А.Назин, әнші С.Нұр­ма­ғамбетова, «Милосердие» ерікті қоғамы» қайырымдылық қорының директоры, Қазақстан Республикасының ба­лалар құқықтары жөніндегі уәкілі А.Саин, «М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі Ү.Сейтімбет, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» РМК кафедра меңгерушісі Ә.Төлеубаев, Нұр-Сұлтан қаласы «Наз» мемлекеттік би театрының директоры С.Сраилов, Қарағанды қаласы «Жас сұңқар» спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушысы Е.Шынкеев бар.

Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды, атап айтқанда, Ақмола облысы «Хлебороб» ЖШС механизаторы М.Боранбаев, Маңғыстау облысы «Жайлау» ЖШС бас шопаны Е.Өтесов, «ҚТЖ Жүк тасымалдау» АҚ филиалы Жамбыл пайдалану локомотив депосының жөндеушісі Н.Хо­мутенко және басқалар.

Әскери және қызметтік борышын үл­гілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін ны­ғайтуға қосқан үлесі үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы І және ІІ дәрежелі «Даңқ», сондай-ақ І, ІІ, ІІІ дә­режелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Лебіздер легі

Роза РЫМБАЕВА,

Қазақ КСР-інің халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек Ері»:

– Бүгін әріпте­сім Тамара Асар, дирижер Ренат Салаватов, сим­фо­ниялық оркестрдің концерт­мейстері Дамиля Махпирова бар, барлығы­мыздың еңбегімізге жоғары баға беріліп отыр. Оркестр құрамындағы әртіс­терді сирек бағалай­ды. Сондықтан бүгін – ерек­ше күн. Бұл – барлық музыканттарға көрсе­тіл­ген құрмет. Ал біз өз кезегімізде халқымыздың мәдениетін, бірлігін одан әрі халықаралық аренада насихаттап, Қазақстан мәдениетінің жоғары деңгейде екенін көрсетуге еңбек етеміз.

 1

Клара ЖҰМАБАЕВА,

еңбек ардагері, «Парасат» орденінің иегері:

– Бүгін осындай марапатқа жеткеніме мақтанамын, ризамын! Барлығына ризамын. Әсіресе Әбішке көрсетілген құрметке ризамын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығын тойлауды бастаған еді. Одан кейін республикамыздың бірнеше қаласында атап өтілді. Халық та риза деген ойдамын. Әбіштің анасы да 90-ға келіп қайтыс болды. Оған 40 жыл келін болдым, жағдайын жасадым. Осы еңбегімнің арқасында бүгінгі күнге жетіп отырмын деп ойлаймын. Халқыма, ел азаматтарына алғысымды айтқым келеді.

 

Ербол МАХАМБЕТОВ,

«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ бөлім меңгерушісі, «Құрмет» орденінің иегері:

– Дәрігерлердің еңбегі бағаланғанына шын жүректен қуаныштымын. Бұл марапатқа лайық дәрігерлер елімізде көп. Әр азаматты ел үшін адал қызмет етуге шақырамын. Дәрігер мамандығын таңдағанымда да мұндай абыройға ие боламын деп ойламадым. Сүйікті ісіммен айналыстым, міндетімді орындадым. Басшылығымның, одан кейін Мемлекет басшысының ұйғарымымен осындай құрметке бөленіп тұрмыз. Ел Президентіне дәрігерлер еңбегін елеп, ескергені үшін алғысымды білдіремін.

 

Марат БОРАНБАЕВ,

«Хлебороб» ЖШС механизаторы, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері:

– Бір апта бұрын хабарды естігенде, шыны керек, қатты қуандым. Мұндай құрметті тіпті армандамадым да. 5 балам бар, отбасымызбен шын жүректен қуаныштымыз, ризамыз. 33 жыл диқан болып қызмет етемін. Ақорданы көргеніме қуанып тұрмын. Басшылығым ұсынып, осындай марапатқа ие болып отырмын. Жастарға жұмыс істеуден қашпаңдар дегім келеді. Ниеті бар адам қашанда жұмыс табады, ауылда да жұмыс бар. Барлығымыз еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек етейік.