Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Құшағы кең, жүрегі жұмсақ

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1969 жылы өңірде Мәскеуге тікелей бағынатын «Союзцелинвод» тресі құрылғанда басшылыққа лайық үміт­кер ретінде Қаттай Кеншінбаев ұсынылып, кандидатурасы бірауыздан қолдау тапқан болатын.

Құшағы кең, жүрегі жұмсақ

Қамал бұзар жасқа жеткен аза­мат­тың ұйымдастырушылық қабілеті, тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқаратын іскерлігі, қайрат-жігері бірінші кезекте ескерілген. Ол өзіне көрсетілген сенім үдесінен көріне біліп, одақтық деңгейде сумен жабдықтау мәселесімен тікелей айналысатын мекемені көшбастаушылар қатарына қосты. Ширек ғасырға жуық жетекшілік еткен тұста 16 мың шақырым су құбыр­лары тартылып, Қазақстанмен қоса Тәжікстан, Өзбекстан, Краснодар, Уфа, Түменге дейін 2 мыңға жуық елді мекеннің тұрғындары сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді. Дүние жү­зіндегі ең ұзын су магистралі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Қаттай Бектасұлының есімі білікті, көреген, сауатты басшы ретінде рес­пуб­ликаға танылып, өнертапқыш жа­ңа­лықтары үлгі етілді. Трест инженер маман­дарының күрделі құры­лысты тиімді жүргізу, суды алыс қа­шықтықтарға жеткізу, тазарту, құ­бы­р­ларды ішкі таттанудан қорғау технологиялары, әдістеме-ұсыныстары бойынша іс-тәжірибелер кеңінен таратылды. Озық жаңалықтар өндіріске енгізіліп, мәселен, құм аралас цемент қоспасын пайдалану тәсілі өзінің өміршеңдігін көрсетті. Іле-шала су құбырларын тазалау агрегаты іске қосылды. Осылайша алып кәсіпорынның тынысы кең ашылып, оны ұршықша үйірген басшы тек өндірістік мәселелермен ғана шектеліп қалған жоқ. Сонымен қатар қадау-қадау әлеуметтік проблемалар да біртіндеп шешіліп, көрсе көз қызығатын елуден астам еңселі елді мекен бой көтерді. Келешегі жоқ деген сылтаумен дамуы кенжелеп қалған Еңбек, Ақсу, Жаңасу секілді қазақ ауылдарын қамқорлыққа алып, адам танымастай өзгерткенін айтуға болады. Облыс орталығында екі зауыт, 150 мың шаршы метр тұрғын үй, «Маталар», «Универсам» дүкендері, «Лалочка» балабақшасы, «Водник» санаторийі, «Балдырған» балалар лагері, тағы басқа ондаған нысан халық игілі­гіне пайдалануға берілді.

 Тумысынан алғыр, зерек Қаттайды қиындықтарға қарсы күресуді өмірдің өзі үйретті. 1929 жылдың 17 желтоқсанында дүниеге келген ол жетімдіктің ащы зарын ерте татты. Бір жасында әкесінен, алты жасында анасынан айырылып, ішер асқа, киер киімге жарымай аштықтан бұратылған, дірдектеп тоңған кездері аз болмады. Бұ­ғанасы қата қоймаған ойын баласы соғыс жылдары үлкендермен бірге ұжымшардың ауыр жұмыстарына жегілді. Сонда да сабаққа деген ынтасын жоғалтпады. Оқуын жақсы аяқтағаннан кейін жолдамамен Ресейге келіп, Алтай ауыл шаруашылығы машина жасау институтына қабылданды. Алғашқы еңбек жолын Том қаласындағы подшипник зауытынан бастап, саналы ғұмырының 12 жылын жат елде өткізді.

Бар ойы атамекенге оралу болды. 1959 жылы арманы орындалып, туған жер­мен қауышты. Атажұртқа деген шө­лір­кеген сағынышын осылайша бас­ты. «Жетім көрсең жебей жүр» деген халық нақылын өмірлік ұстанымына айналдырған ол Петропавл қаласындағы жетім сәбилер үйін қамқорлыққа алып, жетім балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне де жан жылуын арнады. Жүректі елжірететін сәбилердің шат күлкісін ешнәрсеге теңгермейтін. «Есіл» балалар қоғамдық қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі ретінде еліміз бойынша отбасылық балалар үйін салу жөнінде бастама көтеріп, 12 жетім баланы асырауына алған Дудниковтар отбасына екі қабатты коттедж бен «Нива» көлігін сыйлады.

«Мен бақыттымын. Жетімдіктің зардабын көп көрсем де, халқыма адал қыз­мет атқардым. Оқыдым, білім алдым. Тіршіліктің көзі – су. Сол сумен елді көр­кейттім. Көшелерді түзедім, үйлер салдым. Дүкендер мен балабақшалар тұрғыздым. Көшеде тұрғындар жылы шыраймен амандасады. Осыдан артық бақыт бар ма? Қайсысы болсын, үлкені, кішісі, орысы, қазағы қандай көмек сұраса да аямадым», деген еді әр кез сабырлы, кө­шелі мінезінен айнымайтын марқұм бір сұх­батында. «Мәдениеттілік, адалдық, тау бұла­ғындай тазалық оның бойына біткен ерекше мінез болатын. Қайырымдылық қасиеттерін алдымен аңғаратын едік», деп тебірене еске алады замандастары мен қызметтес інілері.

Қазақстан Республика­сының ең­бек сіңірген гидро­технигі, КСРО өнер­тапқышы, Петропавл қаласының құр­метті азаматы, төрт орден мен көптеген медальдың, басқа да марапаттардың иегері Қат­тай Кеншінбаевтың ерен еңбе­гін, зор беделін, айшықты аза­маттық келбетін жерлестері еш ұмытпақ емес. Орталық көше­лердің бірі осынау тұл­ғаның есімімен аталады. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған. Өзге де ұлықтау шаралары 90 жылдық мерейтойы қарсаңында жалғасуда.

Жарықтық құрметті еңбек демалысында жүрсе де, өзі іргетасын қалап, өшпестей қолтаңбасын қалдырған треске анда-санда келіп тұратын. Әлем­нің алтыдан бір бөлігін иемденген алып империяның құлауы салдарынан бұрынғы әлеуетінен айырылып, материал­дық-техникалық базасы сол­ғын тартқан мекеменің мүш­кіл халіне іші удай ашитын. Қол­дан келер дәрмен жоқ, бармақ тістейтін. Бүгінде «Союзцелинвод» тресінің заңды мұрагері саналатын «Есіл су» мем­лекеттік кәсіпорны ағамыздың сол бір өкінішінің орнын толтырып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қам­тудың оңтайлы жолдарын тынбай қарастырып келеді. Қазір мұнда 830 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы 160 мың теңгені құрайды. Өңірде – 214, Қостанай облысында 19 елді мекенге тіршілік нәрін жеткізеді. Магистралды су құбырларын жөндеу, қалпына келтіру шаралары тиянақты атқарылып, бұл мақсат үшін қомақты қаражат бөлінген. Бұдан құшағы кең, жүрегі жұмсақ асыл азамат салып кеткен игілікті істер өз жалғасын тауып жатыр деген ой түюге болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы