Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Автокөлікті айдап кеткендер – күзет қызметкерлері

38 рет көрсетілді

Ақтөбеде желтоқсан айының алғашқы онкүндігі ішінде орын ал­ған келеңсіз жайт қойды қасқырға бақтырғандай әсер қалдырады. Мәселенің мәнісі мынада.

Таңғы сағат бес кезінде Ақ­тө­бе қаласының тұрғыны полиция бөлімшесіне қоңырау шалып авто­көлігі ұрланғанын хабарлайды. Со­даң соң осы дерек бойынша ізге түс­кен сақшылар Қонаев көшесі бойын­дағы №9 үйдің жанынан төрт жас азаматтың «ВАЗ-2114» ав­токөлігін айдап алып кеткенін анықтайды.

 Біраз уақыттан соң кезекші патруль қала сыртында қарға мал­тығып қалған «ВАЗ-2114»-тің салонында отырғандарды қолға түсіреді. Осы кезде олар дәл жауап беруден жалтарып сырғақси береді. Мұнда бір гәп бар екенін сезген патрульдер әрі-беріден кейін автокөлікті айдап кеткендер өзде­рінің әріптестері екенін біліп, айран­асыр күйге түседі. Яғни, бұлар Ақ­­төбедегі мамандандырылған күзет басқармасының қызмет­керлері болып шығады. Аз-кем уа­қыт сөзбен ырғасып, тәжі­келескеннен кейін ұсталғандар патрульдік байланыс кезек­ші­леріне өздерінің әріптес екен­­діктерін алға тартып, босатып жіберулерін сұрайды. Әрі автокөлікті ұрлау немесе тонау үшін емес, жәй қы­зық көріп сейілдеп қайту үшін айдап кеткендерін айтып ақталады. «Бұл жерде біз қылмыс жасадық деп есептемейміз. Бар айыбымыз – әуес­қойлық сезімнің жетегінде кетіп қалғанымыз. Міне, автокөлікті өзде­ріңіз кө­ріп тұрсыздар. Мұрты да бұ­зылған жоқ», деп ақталады төртеу.

Алайда олардың бұл уәж­дері на­зарға алынбай, па­труль­дік­тер көлік салонында отыр­ған­дардың қолдарына кісен салып, по­лиция бөлімшесіне алып кетеді. Қазіргі күні Ақ­төбе облыстық по­­лиция департаментінің мен­шік­ті қа­уіпсіздік басқармасы атал­ған дерек бойынша тиісті тек­­се­рулер жүргізуде. Авто­мо­биль­ді қымқырып «сейіл» құр­­ғы­сы келгендердің төртеуі де қыз­меттерінен босатылған.

 

АҚТӨБЕ

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар