Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Тарихи-мәдени мұраны сақтау – ұлттың сәйкестендіру коды

2312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобалары қаралды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады. 

Тарихи-мәдени мұраны сақтау – ұлттың сәйкестендіру коды

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң жобасының мақсаты - тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, ғылыми-қалпына келтіру және археологиялық қызмет саласындағы қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыру.

Заң жобасы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, зерттеу, сақтау, пайдалану және кеңінен танымал ету саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу жүйесін құруды, тарих және мәдениет объектілерін анықтау, есепке алу, тарихи-мәдени сараптама өткізуді көздейді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Құжат бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтыру енгізеді.

Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Түркістан облысы мен сыртқы туризмнің дамуына жаңа қарқын беретін Сығанақ, Отырар және Сауран тарихи қалаларын қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу туралы ұсыныс айтты.

Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешовтің айтуынша, Сығанақ қаласын қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыру 2020 жылға жоспарланып отыр.  

Сенатор Динар Нөкетаева өз сөзінде «тарихи-мәдени мұраны сақтау – ұлттың сәйкестендіру коды» деп атап өтті. Депутат сондай-ақ аталған заң жобасында 25 мыңға жуық тарихи-мәдени объектілерді, соның ішінде 11 мыңнан астам жергілікті, 248 республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етудің жаңа талаптары мен тетіктері ұсынылатынын айтты.

Заң жобалары Палата қарауына берілді.