Қоғам • 15 Желтоқсан, 2019

Әжетхана күзеткен мұғалімнің беделі қалай артады?

1285 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен айдың соңында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы Парламент Мә­жі­лісінің жалпы отырысында жан-жақты талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. Талқылауда депутаттар мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғайтын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Заң қабылданып, оның қаншалықты нәтиже берерін уақыт көрсетер. Ал әзірге күштік құрылымдар мен жергілікті басқару органдары мұғалімді «қолбала» ретінде санап, оқушылар алдында беделін түсіруін тыймай келеді. Мұғалім ұлттың ұрпағына тәлім берер ұлық тұлға. Алайда оның әжетхана күзетуге жегілуі бүгінгі мәртебесі мен қадірінің қандай деңгейде екенін  аңғартады, өкінішке қарай...

Әжетхана күзеткен мұғалімнің беделі қалай артады?

Түркістан қаласының М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясында болған оқиға бүгінде қоғамда қызу талқыға түскен. Мектептің оқушылар әжетханасы түзде орналасқан. Міне, сол әжетханаға арнайы жасалған кесте бойынша кезекшілік ету мұғалімдерге міндеттелген. ХХІ ғасырда күзеттің бұл түрі жайында айтуға ұят, әрине. Бұрнағыдан бері еленбей келген әжетхана мәселесіне осылайша екпін беріліп, күн тәртібіне шығуына Тараз қаласындағы №6 мектепте болған сұмдық оқиға себеп болғаны мәлім. Дегенмен оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің күзетші қоюдан басқа жолы көп емес пе еді? Оған түркістандық жауаптылар бас қатырмаған секілді. Айтқанды екі етпейтін мұғалімді жұмсаудан жеңіл жол жоқ деп шешкен секілді. Алайда олардың бұл «жаңашылдығының» қоғамдық талқыға түскен соңы келеңсіз оқиғаның орын алуына себеп болып отыр.

Ашық дерек көздеріндегі мәліметтерге қарағанда, жұма күні сағат 10:25-тер шамасында Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған полицейлер мектеп ауласында орналасқан әжетхананың кезекшілігін тексеруге келген. Сол кезде үзілісте кезекшілікте болуы тиіс 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, жоғары санатты дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бахыт Каукенов аяғынан су өткен соң ішке кірген көрінеді. Әжетхана маңында кезекшілікте тұрмауының себебін сұраған подполковникке ұстаз мән-жайды айтқан. Бірақ полиция өкілінің дөрекі сұрақтарына Каукенов те тиісінше жауап берген. Ақыр аяғында полицейлер Бахыт Манасұлының жеке куәлігін тартып алып, әріптестері мен оқушылардың көзінше қолын қайырып алып кеткен. Мұғалімдердің ара түскеніне қарамастан, күштеп алып кетіп бара жатқан оқиғаның бейнежазбалары әлеуметтік желілерде кеңінен тарап та кетті.

Мектепте орын алған келеңсіз оқиға туралы мектеп директорының міндетін атқарушы К.Әбдіқадырованың қалалық Білім бөлімінің басшысы А.Батырбековаға жазған мәліметі де әлеуметтік желіде тарады.

Мектеп басшылығының әкімдікке жолдаған мәліметіне қарағанда, «әжетхана қасынан уақытша кеткен» ұстаз ішкі істер бөліміне жеткізілген соң хаттама толтырып, оған 12 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Осы оқиғаға байланысты Түркістан облысы Білім басқармасының өкілі Р.Жолаев «полиция қызметкерлерінің рұқсатсыз рейд жүргізгенін», басқарма жариялы түрде кешірім сұрайтынын, жауаптыларға тиісті шара қолданылатынын жеткізді. Келеңсіз оқиғадан кейін Бахыт Манасұлының қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Бүгінде көпшілік жаңбырлы күні қалалық Полиция басқармасы бастығының тәртіпті тексеруді ауладағы әжетханадан бастағанына таңғалып, ұстаздардың кезекшілік етуіне қарсылықтарын білдіруде. «Тексерді екен, неге мектеп инспекторлары жұмысынан бастамайды» деген сұрақты қоюшылар да аз емес.

Көпшілік талқысына түсіп, полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдірушілер көбейген соң ба, әлде өзінің артықтау кеткенін кеш болса да түсінді ме, Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұрады. Бұл туралы қала әкімі Рашид Аюпов өзінің «Facebook» парақшасында жазды. 

«Түркістандағы №15 мектепте орын алған жағдай баршамызды алаңдатты. Бұл жағдайды өз бақылауыма алып, мән-жайын анықтадық. Келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Бірақ, ұстаздың орны бөлек, әрдайым беделі биік. Балаларға білім беретін жандар қашан да біздің қолдауымыз бен қамқорлығымызға жүгіне алатынына сенімді болуы тиіс. Қалалық ішкі істер басқармасының бастығымен бірге ұстаз алдына бардық. Ұстаз үйінде полиция басшысы кешірім сұрады, ұстаз кешірімін берді. Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін барлық шаралар жасалатынын хабарлаймыз», деп жазды қала әкімі Рашид Аюпов. 

Сондай-ақ Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімді қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

«Аталған оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапкершілікке тартуды талап ететін боламыз. Оның ішінде, мектеп әкімшілігі мен білім бөліміне де қатысты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ыңғайлы және қауіпсіз жағдай жасау арқылы жүзеге асырылуы тиіс деп санаймын. Егер осындай фактілер қайталанатын болса, қатаң шаралар қолданылады. Орын алған жағдайдың себептерін жан-жақты түсіну үшін мұғаліммен телефон арқылы сөйлестім. Жағдай менің жеке бақылауымда», - деп жазды министр.  

Бұл оқиғаға байланысты  тексеру жұмыстары Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың да жеке бақылауында. Сондай-ақ қызметтік тексеру жүргізілуіне байланысты Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы Д.Мейірхан облыстық Полиция департаменті бастығының бұйрығымен қызметінен уақытша шеттетілді.

Осы арада айта кетелік, жауапты сала мамандарының айтуынша, Түркістан қаласындағы 32 мектептің 25-інің ішінде әжетхана бар. Бірақ көбінің аты бар да, заты жоқ. Дені күрделі жөндеуді талап етеді. Қаладағы барлық мектепте 408 бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда оның 349-ы жұмыс істейді. Ал шаһардағы Ататүрік мектеп-гимназиясында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылған. Бұл әзірге балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ететін қаладағы жалғыз қанатқақты жоба.

Түркістан облысындағы ауылдық жердегі мектептердің барлығының әжетханасы ғимарат сыртында, яғни мектеп ауласында орналасқан. Облысқа қарасты қалалардағы жағдай да мәз емес. Қала мектептерінің жартысынан астамында оқушылар да, мұғалімдер де әжетін өтеуге аулаға шығуға мәжбүр. Облыстық Білім басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі 905 мектептің 6-ы жекеменшік иелігінде. 109 мектеп қалада, 796 білім ошағы ауылды жерде орналасқан.

Жалпы, деректерге жүгінсек, елімізде әжетханасы далада 2352 мектеп бар. Ондағы тізімді Түркістан облысы бастап тұр. Яғни 500-ден астамы Түркістан облысында, 415-і Алматы өңірінде, ал Жамбыл облысында 260-ы орналасқан. Сондай-ақ елімізде 1928 мектеп инспекторы жетіспейді.

 

Түркістан облысы