Медицина • 16 Желтоқсан, 2019

Арғы артефакт құпиялары – нейтронды радиография және томография арқылы зерттеледі

543 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күнделікті медицинада пайдаланып жүрген рент­ген радиографиясы мен томографиясынан айыр­ма­шылығы нейтронды әдіс қатты денелерді түбегейлі зерттейді. Жақында Ядролық физика институты мамандары материалтану, ядролық технологиялар, геофизика, археология, палеонтология саласында қолданылатын нейтронды радиография және томография қондырғысының мүмкіндіктерін жария етті.

Арғы артефакт құпиялары – нейтронды радиография және томография арқылы зерттеледі

Заманауи қондырғы Ресейдің Дубна қаласында орналас­қан Ядролық зерттеулер біріккен институтымен ғылыми-техникалық ықпалдастық аясында өн­діріске енді. Нейтронды радиография және томография әдісі нысанның ішкі құрылысын сипаттайды. Жаңа қондырғы ССР-Қ зерттеу ядролық реакторының бірінші көлденең каналында жасалған. Бүгінде Мюнхен техникалық университеті (Германия), Лауэ-Ланжевен (Франция), Пауль Шеррер институттары (Швейцария) және Ядролық зерттеулер біріккен инс­титуты (Ресейде орналасқан ха­лықаралық ұйым) сияқты әлемнің ірі нейтронды орталықтары нысанды бүл­дірмей бақылау мен ішкі құрылысын зерттеу әдісін ғылымда да, инженерлік бағытта да қолданып келеді. Енді осы тізімді Алматыдағы Ядролық физика институты толықтыратын болады.

Институттың бас директоры Ерғазы Кенжин атап өткендей, отандық ядролық физиканың өзіндік жолы, даму тарихы бар. Ғылымда ғажайып жаңалықтарымен ерекшеленетін АҚШ, Еуропа елдерімен тереземіз тең келмегенімен де, отандық ғалымдардың табанды еңбегі арқылы стратегиялық маңызды бағыт ядролық физика саласында соңғы жылдарда алға жылжу­ байқалады әрі ТМД елдері ішінде Ресейден кейінгі орында тұр. Оған Clarivate Analytics жарияланымдарында ғалымдар еңбектерінің жоғары деңгейде бағалануы негіз бола алады. Ал нейтронды радиография және томография жаңалығы ғалымдардың жылдар бойғы ізденісінің нәтижесі.

Жансыз денелерді зерттеуге арналған нейтронды радиография зерттеулері таяу жылдарда-ақ жоғары нәтиже беретіні анық. Қазба байлыққа толы қазақ даласында нейтронды радиографияны институт мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында да қолдануды жоспарлап отыр. Ал ғылыми ықпалдастықты нығайту мақсатындағы ықпалдастық әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев университет сияқты отандық оқу орындарымен қатар әлемнің көптеген ғылыми орталығымен нығая түсетін болады. Десек те ғылымның қарыштап дамуы­ үшін жас ғалымдарға заманауи зертхана алаңдары керек әрі еңбекақысының да жоғары болуы маңызды. Соңғы бес жылда ғылым саласына бөлінген қаржы ІЖӨ шаққанда 0,13 пайызға төмендеп кетті. Десек те, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бірқатар зертхананы жарақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта ел Үкіметі уәде еткеніндей, ғылымға бөлінетін қар­жының үлесі артатын болса, ғылымда зор серпіліс болары сөзсіз, – деп атап өтті Е.Кенжин.

 Қатерлі ісік ауруларын емдейді

Институтта бүгінде бірнеше зертхана жұмыс істейді. Ғылыми тәжірибе көрсеткендей, Ядролық физика институтында қатерлі ісікті емдейтін радиофармпрепараттар еліміздің медицина саласында ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие бола бастады. Ал өнер­­кәсіпке арналған радиоизотоптар өн­дірісі заманауи жетістіктер қатарында. Институт радиопрепараттары GMP халықаралық стандарт сертификатына ие. Ал өткен жылдан бастап Қазақ Радиология және онкология институтында позитронды-эмиссиялық томограф орнатылып, онда онкологиялық, сондай-ақ басқа ауруларға диагностикалық зерт­теулер жасала бастады. Ал алдағы уақытта қатерлі дертті емдейтін препараттар өндірісі дамыса, Израиль, Корея, т.б. елдердің клиникаларында дертіне дауа іздеп жүрген жандардың жанына үлкен демеу болары сөзсіз. Ал Президент Іс басқармасы Медициналық oрталығы базасында ашылатын онкологиялық клиникада қолданылатын радиофармпрепаратар және радиоизотоптар Ядролық физика институты мамандарымен жасалатын болады.

Қазіргі кезде институт изотоптары Германия және Ресей нарығына экспортталуда, алдағы уақытта басқа да бәсекеге қабілетті өнімдерді өзге елдерге шығару жоспарланған. Сонымен қатар отандық радиоизотоптар өнеркәсіпте яғни, мұнай, металлургия саласында да қолданыс табуда. Дефектоскопия саласы үшін гамма сәуле шығаратын радиоизотоптар нарықта үлкен сұранысқа ие.

 Уранды бейбіт мақсатта пайдалану мүмкіндігі

Отандық ғылымның дамуына саналы ғұмырын арнаған, физика ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Қадыржанов институтпен біте қайнасқан маман ретінде соңғы жиырма жылда ядролық физика саласында айтарлықтай жетістіктер бар дейді. Ядролық зерттеулер біріккен институтына Қазақстаннан ­арнайы өкіл ретінде тағайындалған Қайрат Қамалұлы бірлескен тәжірибелерге тоқтала келе, орталық жайында азды-көпті ақпарат беріп өтті. 1956 жылы Швейцарияда Еуропа елдері мен Америка, Канада бар 24 мемлекет Еуропалық ядролық зерттеулер орталығын (CERN) жасақтаса, дәл осы жылы Мәскеудің Дубна қаласында құрамына 18 мемлекет кіретін Біріккен ядролық зерттеулер институты құрылған. Оның құрамында алғашқы жылдарда қазақстандық 5-6 ғалым жұмыс істесе, бүгінде олардың саны жүзден аса­ды. Ал ғылыми ізденісте жүрген ма­мандардың қатары бес жүздің айналасында. Қайрат Қамалұлының айтуынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен жыл сайын Дубнаға физик-мамандарды жіберу дәстүрге айналған. ТМД елдерімен қатар Польша, Румыния, Болгария, Германия ғалымдары осы Дубнадағы ядролық орталыққа біріксе, бұл тізімді жақында Оңтүстік Африка толықтыратын болады. Алдағы уақытта Қытай, Ауғанстан, Мысыр елдері қосылуға ниет білдіріп отыр.

– Ядролық физика басымдығы жоғары сала. Ал атом энергетикасын күнделікті өмірімізге дендеп енгізудің пайда­сы ұшан-теңіз, – дейді ғалым. Чернобыль және Фукусима атом электр стансаларында болған апаттар әлі күнге дейін қоғамның алаңдаушылығын туғы­зып, атом энергетикасына деген теріс көзқарас қалыптастырды. Ғалымның айтуынша, атом энергетикасы сенімді энергия көзі. Ал күн, жел энергия­сын пайдаланудағы технологияларды игеру ұзақ жылдарды қажет етеді. Осы тұста ғалым «Кезінде Фукусима апатына дейін АЭС-те 54 ядролық реактор жұмыс іс­тесе, қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру мақсатында оның барлығы тоқтатылды. Ал қазіргі уақытта 9 реактор қайтадан іске қосылды. Сон­дықтан да уранды бейбіт мақсатта пайдаланудың жолы көп», дейді Қайрат Қамалұлы. Бүгінде МАГАТЭ Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауы­тындағы уран банкін адамзат игілігі үшін бейбіт мақсатта қолдануды қолдап отыр. Ғалымның айтуынша, уран өндіруден әлем бойынша алғашқы орында тұрған Қазақстан шикізатын шетелге жібермей, ел игілігіне пайдаланса игі. Ал одан алынатын энергия адамзат өмірінің барлық саласына қажет. Қайрат Қамалұлы ядролық физиканың құрылыс, медицина саласын дамытудағы пайдасының зор екенін айтады. Бүгінде саладағы жетістіктер су өткізбейтін шатырлар, бассейндер, өнеркәсіптік бұйымдар жасауда қолданыс табуда. Мысалы, Курчатовта осы су өткізбейтін мығым материалдар өндірісі іске қосылған. Ауыл шаруашылығында зиянкестерді, арам­шөптерді жоятын технологиялар да осы ғылымның жетістігі. Сонымен қатар медициналық бір реткі шприц, хирургиялық қолғаптар, халаттарды залалсыздандырып, қайта өндіріске жіберетін ізденістер де ядролық физи­каның жемісі.

ССР-Қ реакторындағы нейтронды радиография мен томография қондырғысы мен оның ғылыми тәжірибесімен таныстырып өткен институттың ғылыми қызметкері, философия докторы Бақ­даулет Мұхаметұлы рентгенмен салыс­тырғанда оның бейтарап бөлшек ретінде тереңдете зерттейтін ерекшелігін атап өтті. Яғни, 3D моделі арқылы 3-4 см қалың­дықтағы болатты, 10 см темірді, сондай-ақ тасты да зерттеуге болады. Кен орындарынан табылған бұйымдарды зерттеу де қиындық туғызбайды. Нейтронды томография арқылы инс­титут мамандары алғаш рет Есік қорғанынан табылған Сақ дәуіріне тиесілі адамның жақ сүйегін түсіріп, тісінде судың қалдықтары бар екенін анықтады. Оны басқа әдістермен бүтіндей, бүлдірмей анықтау мүмкін емес болатын. Бұл әдіс Орталық Азияда алғаш рет қолданысқа еніп отыр, деген ғалым ядролық физикадағы жетіс­тіктердің бірі ретінде литий ионды бата­рея­лардың ерекшелігіне де тоқталып өтті. Б.Мұхаметұлы атап өткендей, литий ионды батареялар ұзақ уақытқа жетеді әрі жылдам қуаттау үшін ұялы телефондарда пайдалануға болады. Ал оның өзгерісі радиография арқылы зерт­теледі. Дамып келе жатқан бұл бағыт жасыл энергиядағы жетістік. Ал ядролық физикадағы тың жаңалықтар отандық ғылымның дамуына ғана емес, табыс тауып, Қазақстан ғылымын әлемдік кеңістікте насихаттауға зор мүмкіндік береді, дейді ғалым. Сондықтан да ғылымға жастардың көптеп келуіне барынша мүмкіндіктер қарастыру тың жаңалықтардың өрістеуіне жол ашады.

 

АЛМАТЫ