Руханият • 17 Желтоқсан, 2019

Алматыда Олег Беляловтың «Қарқаралы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Туған жер» тармағы мыңдаған игі істің мұрындығы болды. Туған жер мен елге сүйіспеншілікті оятатын көркем дүниелердің көші толассыз тұсауын кесіп жатыр. Соның бірі Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың кинозалында өткен режиссер Олег Беляловтың «Қарқаралы» фильмінің тұсаукесері. «Қазақстанның табиғаты» циклы бойынша түсірілген бұл туындының көрсетілімінде бос орындар болмады. Деректі фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Алматыда Олег Беляловтың «Қарқаралы»  деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Олег Беляловтың жаңа туындысы Орталық Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі – Қарқаралы ұлттық саябағы туралы баяндайды. Бұл фильм

көрермендерге құпиясын бүгіп жатқан Қарқаралының  ғажайып табиғатын ашып, ұлттық саябақта мекендейтін жабайы жануарлар мен құстар туралы көп мағлұмат береді. Картинаның режиссері Арқаның хас сұлуы – Қарқаралы саябағын жылдың төрт маусымында түсіргенін айта кеткен жөн. 

Көрсетілімнен кейін фильмнің шығармашылық тобы түсірілім барысындағы ерекшеліктерімен бөлісті. Режиссер Олег Белялов картинаны жасауға қатысқан түсірілім тобына алғысын айтты. Тұсаукесерге «Қазақфильмнің» президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов және өзі басшылық еткен жылдары киностудияда документалистиканың мықты мектебін қалап, «Қазақстанның табиғаты» циклы бойынша фильмдерді түсіруді қолға алған авторлардың бірі, ақын Бақыт Қайырбеков қатысты. 

Фильмнің түсіру тобын оның премьерасымен құттықтаған Арман Әсенов бүгінгі күні де Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында деректі фильмдерге үлкен көңіл бөлінетінін айтты.

«Документалистика – кино өнеріндегі ең күрделі жанр. Белгілі бір көріністі түсіріп алу үшін өте көп уақыт жұмсалады. Ал көркем фильмде бәрі басқаша, керек кадрды алдын ала қойып, актерлерге тапсырма бересің де, түсіре бересің. Деректі кино – бұл үлкен жұмыс», - деді Арман Әсенов.

АЛМАТЫ