Руханият • 17 Желтоқсан, 2019

«Абай» – қуыршақ бейнесінде

27 реткөрсетілді

Бір ғасырға жуық ұлт мәдениетіне мен руханиятына зор үлес қосып келе жатқан Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театрында «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклі сахналанды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының алтын өзегіне негізделген ұлттық мұраттың бірі әрі бірегейі – ұлы тұлғаларымыз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне шамшырақ етіп алып, барша әлемге паш ету арқылы елдік, халықтық тұғырымызды биіктете түсу.  Жаһанды жауһар жырларымен, таусылмас қазынасымен рухани байлыққа, адамгершілікке, қарапайымдылық пен оқу-білімге жетелеген ұлы Абай туралы сахналық туынды бұл жолы балалар тілінде сөйледі.  Бұл – Алматы қуыршақ театрының ұлттық өнер әлеміне әкелген тың жаңалығы әрі мәдени табысы.

Рухани шөліркеген халықты асыл мұрасымен сусындатқан ақын тағдыры мен шығармашылығын өзге қырынан көрсеткен Алматы қуыршақ театры мағынасына сай детальдар арқылы, әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерді арқау еткен өлеңдері мен қарасөздеріне, сонымен қатар, М.Әуезовтің «Абай жолы» романына негіздеп көрсетуді мақсат еткен. Мұнда терең философия да, жалпыадамзатқа ортақ ұлттық құндылықтарды қадірлеуге жасалған қадам да бар. Жанға жылы тиетін әзіл де, махаббат пен нәзіктік те осы спектакльден көрініс тапқан. Күрделі ойға, саналы көрерменнің зердесіне құрылған спектакль көрерменнің көңіл пердесін ашпай қоймайды.

Режиссер А.Зайцевтің «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» бір жағы, фестивальдық бәйгеге арналған спектакль. Қазақтан өзге жұртқа, түркіменге, тәжікке, әзірбайжанға, армянға, алыстағы Еуропа жұртына, басқа халықтарға Абайды таныстыруды, оларды Абай әлеміне бойлатуды мақсат еткен. Себебі бұл Абай арманы, қазақ мұраты туралы спектакль. Адам болып қалу, адамдық жоды ұстану. Күллі адамзатқа ортақ құндылықтар мен мәселелер. Тұлға тағдыры және ұлт келешегі. Мұның бәрі қойылымның өн бойына тоғысқан. Режиссердің Абайдың қарасөздерін, өлеңдерін бүгінгі күнмен үйлестіріп өре отырып, көрерменге ой салғысы келген міндеті кәсіби түрде орындалған. Қуыршақ бейнесіндегі ақын образының сәтті ашылуына режиссер көп еңбек сіңірген. Әрбір көрермен қойылымнан өзінше ой түйеді. «Абай» спектаклі кезекті рет талғамы озық көрермен ықыласына ие болып, зор қошаметке бөленді. Ақынның 175 жылдығымен тұспа-тұс қойылған спектакль қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпасы анық.

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Шымкент: Цифрлы отбасының бір күні

Оңтүстік Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар