Руханият • 20 Желтоқсан, 2019

Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы

1006 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттың әдеби мұрасын зерттеумен айналысатын бас ғылыми орталық М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясы» он томдығының 5 томын, «Ұлы даланың көне сарындары» үш томдығының 1 томын және «Ұлы дала жауһарлары» бес томдық антологиясының алғашқы томын көпшілік қауымға таныстырды.

Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы

Сирек қорлардағы қолжазба мұраларды ғылыми айналымға енгізіп, әсіресе өскелең ұрпаққа таныстыруды мақсат еткен институт ғалымдарының бір жылға жуық жинақтаған осынау еңбектері мазмұндық тұрғыдан алғанда  аса құнды болып табылады. Институт директоры Кенжехан Матыжанов атап өткендей, осы жылы 5 томы жарық көрген «Дала фольклорының антологиясы» батырлар жыры, дастандар, ғашықтық және тарихи жырлармен ерекшеленеді. Жинаққа «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзінің» 100 томдық антологиясындағы ең таңдаулы жазбалар іріктелген. Республика бойынша жинақталған қолжазбалар мен тың деректерді де осы жинақтан табуға болады. Ғалымдар заманауи қоғамның цифрлық сұранысын да басшылыққа алған. Ұлттық эпостың таңдаулы үлгілері алғаш іріктеліп, түпнұсқасымен салыстырылып, текстологиялық зерттеуден өткен. Бірінші томына көне эпос және батырлар жыры енсе, екінші томында «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші томында тарихи жырлар, төртінші томында ғашықтық жырлар, бесінші томында дастандар қамтылған.

Кенжехан Ісләмжанұлы бүгінде институтта 5 мыңнан астам папкіге жинақталған қолжазба деректер бар екендігін айтады. Әртүрлі кезеңді қамтитын деректердің ішінде араб қарпі, латын, бертіндегі кириллицада жазылған қолжазбалар бар. Антологияға «Қобландының» 20-дан астам  үлгісінен жырдың ең көркемі таңдап алынса, қолжаба қорындағы 700 мың метр магниттік таспадағы әндер де іріктеліп, ән мақамдары қалпына келтіріліп, цифрлық жүйеге көшірілген. Кеңестік кезеңде өзгеріске ұшыраған халық әндерін түпнұсқа мәтінге келтіріп, жаңа нұсқасын ұсынуда ғалымдардың көп еңбектенгені белгілі. Ал бұрын-соңды жинақы, жүйелі түрде жарияланбаған «Ежелгі дәуір әдебиетіне» енген Финляндия, Монғолиядан табылған жазба ескерткіштерінің өзі күні бүгінге дейін әртүрлі нұсқада оқылып келген. Сирек қорлардағы қолжазба мұраларды сараптай келіп, мамандар халық әдебиетінің жанрлық түрлері бойынша ең таңдаулы үлгілерін жүйелеп, бүгінгі аудиторияға қолжетімді етіп ұсынып отыр.   

«Ұлттық эпосқа арналған бұл томдардың кітап түріндегі нұсқасы еліміздің қолжазба қорлары мен бұрын жарияланған жинақтардың, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдердегі қазақ диаспораларының материалдарын жете саралап, іріктеу негізінде дайындалды. Жырлар текстологиялық тұрғыдан қайыра салыстырылып, ғылыми сарапшылар арқылы іріктеліп, тілі көркем, сюжеттік құрылымы шымыр, мазмұны бай, жырлауға лайықты сарындарымен бірге таңдалды. Әрбір том түрлі-түсті суреттермен, ноталармен, иллюстрациялармен, фотолармен т.б. безендірілді, сондай-ақ эпостық жырлардағы басты қаһарманның суретшілер салған халыққа танымал бейнелері ұсынылды», - дейді К.Матыжанов.

Ұлт руханияты үшін аса құнды болып табылатын басылымдардың әр томы қысқаша аңдатпамен басталып, түсініктемелер, орыс, ағылшын тілдеріндегі түйінсөздермен толықтырылған. Этнографиялық сөздік түрлі-түсті безендірілген суреттерімен ерекшеленеді. Он мың данамен жарық көрген басылымдар электронды форматқа көшіруге қойлайлы әрі QR коды көрсетіліп, CD диск түрінде де берілген.

 

АЛМАТЫ