Әлем • 23 Желтоқсан, 2019

Дональд Трампқа импичмент жариялануы мүмкін бе?

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Дональд Трампқа бірнеше айып тағып, олардың дұрыс-бұрыстығын нақтылау үшін дауысқа салды. Осылайша ол АҚШ тарихындағы Өкілдер палатасы импичмент жариялаған үшінші президент болып отыр. Оның өкілеттігіне қатысты нақты шешімді жоғарғы палата 2020 жылдың қаңтарында жариялайды.

Дональд Трампқа импичмент жариялануы мүмкін бе?

Конгрессмендер президентке би­лік­ті шектен тыс қолданды және Кон­гресс жұмысына кедергі келтірді деген айып тағуда. Саясаткерлер екі мәселені дауысқа салып, алғашқы айып бойынша 230 адам импичментті қол­дап, 197-сі қарсы болды. Конгресс жұ­мысына қатысты айыппен 229 конгрессмен келісіп, 198-і қарсы болды. Өкілдер палатасы бұл шешімді Сенатқа жіберді. Ендігі кезекте сот процесі бас­талады. Мұнда Конгрестегі өкілдер айыптаушылар болса, сенаторлар алқа билер ретінде қатысады. Істі жүргізу АҚШ-тың Жоғарғы сотына міндеттелген. Импичмент жариялануы үшін сенаторлардың үштен екісінің келісімі керек, бұл шамамен 67 дауыс­ты білдіреді. Осы жерде Конгрестің жоғарғы палатасындағы 100 орынның 53-і республикашыларға тиесілі екенін ескерсек, импичменттің жариялануы екіталай. Ал демократтар бұл істі соңына дейін жеткізетініне сенімді. Алайда АҚШ заңына сәйкес, президенттің келесі сайлауға қатысуға құқы бар. 

Конгрестегі демократтар бұл іске жақсылап дайындалған сыңайлы. Олар өткен дүйсенбіде 658 беттен тұратын баяндама дайындап, таратты. Құжатта президентті пара алды, Украина мемлекет басшысын АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденге қатысты тергеу бастауға үгіттеді деген айыптар көрсетілген.

Бұған дейін Конгрестің Заң комитеті билікті шектен тыс пайдалану мен құрылым жұмысына кедергі келтіру деген тармақтарымен келіскен болатын. Бұл жердегі билікке қатысты дау биыл 25 шілдедегі Украина президенті Владимир Зеленскиймен әңгімесінен туындап отыр. Дональд Трамптың айтуынша, бұрынғы вице-президент Байденнің ұлы Хантер Байден Украинадағы бірнеше заң бұзушылыққа қатысқан. Нақты айтқанда, президент оны 2014-2019 жылдар арасында украиналық Burisma компаниясының директорлар кеңесінің құрамында жүріп пара алды деп есептейді.  Бұған негіз жоқ емес. Өйткені дәл осы кезде Джо Байден Президент әкімшілігінде Украина бо­йынша әкімшілік басшысы болып қызмет атқарған-ды. Оның Украина құқық қорғау қызметкерлерінің жұмыстан босатылуына қатысы барын Конгрестегі республикашылар да айтып жүрген. 

Өзіне тағылған айыптармен Дональд Трамп келіспейді. Президент Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелосиге хат жолдады. Онда тағылған айыптардың мүмкін еместігін айтып, Пелосиді Аме­рика демократиясына соғыс ашты деп кінәлайды.

Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, АҚШ тарихында бұған дейін екі президент­ке импичмент жарияланған. Өкілдер палатасы 1868 жылы Эндрю Джонсонға, 1998 жылы Билл Клинтонға қатысты іс қозғаған. Дегенмен, Сенат екі пре­зи­дентті де ақтап шыққан болатын. Негізінде президент сайлауы жақын­даған кезде импичмент жария­лау мем­­лекеттегі демократтар үшін де қа­уіпті. Өйткені Дональд Трампты қол­дайтын аймақтардың Конгрес­тегі демократтардың қайта сайлануын қиын­датуы мүмкін. Мұндай стратегия­ны қолдануының себебі көбіне әлі де түсінік­сіз болып отыр.  

Елдегі жағдайға қатысты халық та екіге жарылғандай. Өткен аптада Washington Post пен ABC жүргізген сауал­дамаларының нәтижесін жариялады. Қатысушылардың 49 пайызы импичментті қолдап, Трамп билік басынан кетсін десе, респонденттердің 46 пайызы тағылған айыптармен келіспейді. Джордж Вашингтон университетіндегі саяси менеджмент бағдарламасының директоры, профессор Тодд Белт өз сұхбатында сенаторлардың көбі Дональд Трампты қолдайтынын айта келе, импичмент жарияланбайды деп болжам жасайды. Ал конгрессмен Дэвид Скисиллин «Егер президент жауапкершілікке тартылмаса, Сенаттағы әріптестерім өз міндеттерін орындамаса, онда бұл жағдай демократиямызға қауіп төнгенін білдіреді», деді.