Қоғам • 23 Желтоқсан, 2019

Елордалық еріктілер ардагерлерге тегін азық-түлік таратты

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана жастары» мемлекеттік мекемесінің еріктілері жаңа жыл қарсаңында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елордалық еріктілер ардагерлерге тегін азық-түлік таратты

«Астана жастары» ЖРО Еріктілер қозғалысын дамыту бөлімінің жетекшісі Эльвира Есмұқанова бүгінгі шара аясында 11 ардагерге азық-түлік себеті таратылғанын атап өтті.

«Жаңа жыл қарсаңында «Ардагерлерді ардақтайық» және «Адреса заботы» акцияларын өткізуді жөн көрдік. Бұл акцияны біз 3 жыл бойы тұрақты ұйымдастырып келеміз. Шара аясында еріктілер жалғыз басты немесе қараусыз қалған қарт ардагерлерге азық-түлік таратады және қыстыгүні аула қарын тазалауға көмектеседі. Бүгін біз 11 ардагерге азық-түлік себетін сыйға тарттық. Олардың арасында аз қамтылған және тыл ардагерлері бар. Жалпы жыл басынан азық-түлік тарату жұмысына 200 ерікті қатысты», - деді Эльвира Есмұқанова.

Бөлім жетекшісінің айтуынша, жалпы биылдыққа 145 азық-түлік себеті аз қамтылған, тыл ардагерлері және көпбалалы отбасыларға таратылған.

«Бізде қалалық ардагерлер кеңесі бар, олармен тығыз байланыстамыз. Яғни аталған кеңес бізге көмекке мұқтаж жандардың тізімін береді, біз өз кезегімізде оларға қол ұшын созамыз. Біреуге азық-түлік алып берсек, екіншісіне үй ауласындағы қарды тазалауға көмектесеміз. Әдетте қар тазалау жұмысымен наурыз айында айналысатынбыз. Дегенмен, қар көп түсіп жатқандықтан жұмыс көлемін азайту үшін осы бастан кірістік. Қар тазалау жұмысына қыс бойы 600-700 еріктіні тартамыз», - деді Эльвира Есмұқанова.