Холдинг бүгінгі таңда +бизнес жүргізудің жоғарғы стандарттары мен сенімділігі негізінде қолайлы қаржы қызметтерін көрсетеді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнеркәсібінің өндірістік, ақпараттық және сервистік инфрақұрылымын әрі қарай дамытуды жүзеге асыру арқылы мемлекеттік және тартылған қаражатты қолжетімді, мақсатты әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етіп отыр.
Елордадан 30 шақырым қашықтағы Қабанбай батыр ауылында орналасқан «Агропарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бүгінде ірі қара малды шетелге экспорттау бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ата кәсіпті күнкөріс көзінен бөлек, бизнеске айналдыра білген Бейбітхан Қабдірахмановтың ауыл шаруашылығы саласына келгеніне сегіз жылдан асқан. Бірақ мал шаруашылығына араласа бастағанына небәрі бір жарым жылдың жүзі болды. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастап, қаржы, мұнай саласын игергеннен кейін өз кәсібін дөңгелетуге кіріскенін айтады. 2011 жылы көлемі шағын меншікті жерінде түрлі көкөніс пен мал шаруашылығына ыңғайланған ас қорын өсіре бастапты. «Картоп, сәбізді бизнеске айналдырудың да жауапкершілігі жоғары. Бір жерге бірнеше жыл қатарынан дән еге алмайсың, өйткені топырақ та демалуы керек. Жерінің құнарын асырып, мол өнім алуды көздегендер өзіне тиесілі аумақты ұтымды пайдалана білуі маңызды», дейді кәсіпкер.
Аймақтардағы мал шаруашылығында пайдаланылатын азық-түлікке деген сұраныс жыл өткен сайын азая бастаған көрінеді. Сөйтіп Бейбітхан Қабдірахманов 2015 жылы ірі қара мал ұстауға қызығушылық танытып, бизнес бастаудың жолын қарастыруға кіріскен. Жергілікті банктердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағдарламалары мен несие, үстемақы мөлшеріне қанағаттанбаған ол сол жылы ақпан айында «Агрокредит» Аграрлық несие корпорациясына өтініш берген. Қажетті құжаттар тізімін түгендеп, рәсімдеу жұмыстары бас-аяғы 3 жылға созылған. Десе де талабы таудай кәсіпкер оңай берілуді тіпті ойламай, алға адымдай түскен. Осылайша 2018 жылы «Агроэкспорт» бағдарламасы бойынша мемлекеттік бюджеттен жыл сайынғы сегіз пайыздық үстемеақымен 560 миллион теңге несие алды. Бұл қаржы көлемі бизнесті бастаудағы ең басты қажеттілік – құрылыс және жөндеу жұмыстарына арналған құрылғыларды сатып алуға кетіпті.
2026 жылға дейін мемлекет тарапынан кәсіпкерге жалға берілген жердің аумағы 66,5254 гектарды алып жатыр. Айтуынша, бірнеше онжылдық қатарынан қаңырап жатқан дала бұрын мал шаруашылығының қазаны қайнап жатқан бөлігі болған. «Икемге келетін орындарды қайта қалпына келтіріп, жарамсызын толықтай сүріп тастап, жаңасын тұрғызудың өзі біршама уақыт пен қаражатты талап етті. Есесіне, заманауи офис пен малды күтіп – баптауға ыңғайлы орын салдық. Әр саланың өз қыр-сыры болатыны сияқты, мұндай қожалықты ең басынан бастап дұрыс тұрғызудың құпиясын білу үшін мұхит асып, АҚШ-қа барып, шетелдік кәсіпкерлердің шаруа қожалығымен жақыннан таныстым. Тіпті ірі қараны ауа райына қарай қалай баптау керегін меңгеріп келдім. Көшпенділердің ұрпағы болсам да мал ұстауда аса тәжірибелі емес едім», дейді Бейбітхан Қабдірахманов.
Кәсіпкер алғашқыда бордақылау аумағын 3000 бас ірі қараға жоспарлаған болса, кейіннен оны 5000 басқа кеңейткен. Ал Аграрлық несие корпорациясы «Агробизнес» бағдарламасымен тағы да 200 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Қажетті техника мен машина жабдықтары тұрақты жұмысқа сақадай сай болғанда «Агропарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері мал сатып алуға кірісті. «Шетелдік компаниялардың көмегіне жүгінбей-ақ, ірі қара басты ауыл-аймақты аралап жүріп, ел ішінен іздедік. Өйткені шаруашылыққа жарамды, тез семіруге ыңғайлы, асыл тұқымды малдар өзімізде де бар. Ең бастысы, олар тұрақты климатқа бейімделген», дейді кәсіпкер.
Аграрлық несие корпорациясының Нұр-Сұлтан қаласындағы директор орынбасары Олжас Баймахановтың мәліметінше, «Агропарк» ЖШС-на ірі қара түлікті сатып алу үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жылына 15 пайыздық үстемеақымен 350 миллион теңге мөлшерінде қаржы бөлінген. Бұл 1650 бас малды алуға жоспарланған сома. Ең тиімдісі, корпорация қашан да кәсіпкердің кірісі мен шығысына негізделіп, төлем уақытын соған орай ыңғайлай алады.
Бас-аяғы үш айдың ішінде 1300-ден аса ірі қараны сатып алу үшін мекеме ойдағыдан айтарлықтай аз көлемде қаржы жұмсаған. Қалған сома малды бордақылау жұмыстарына төленген. «Біздің өзге серіктестіктерден ерекшелігіміз – бордақылауға арналған азық-түлікті өзіміз егеміз. Оған да арнайы уақыт пен жұмыс күшін жұмылдырып, өз бақылауымызда ұстауға тырысамыз. Сонда, біріншіден, қаржы үнемделсе, екіншіден, өнімнің сапасына еш алаңдамаймыз. Мысалы, басқа аймақтарда малға берілетін азық-түлік мәселесі әлі де оң шешімін таппай келеді. Қазақстан бойынша бұл әдіс әзірге бізде ғана бар. Өйткені біз малды бордақылау бизнесіне көктен түскен жоқпыз. Өзіміздің көкөніс өсіру саласындағы тәжірибемізбен келдік. Соның арқасында, ісіміз тез оңға басты», дейді «Агропарк» ЖШС-нің басшысы Бейбітхан Қабдірахманов.
Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен тамызда өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы саласын дамыту мәселелері кеңінен талқыланып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен әлі күнге дейін жауабын таппаған мәселелер де талқыға түскен еді. Отырыста айтылған мәліметке орай, жартыжылдықта мал шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 962,2 млрд теңгеден 1063,5 млрд теңгеге дейін, яғни 10,5 пайызға ұлғайған. Соның ішінде сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құрады. Бұл ішкі тұтынудың 98 пайызын қамтамасыз етеді.
Осы орайды «Агропарк» ЖШС-ның үлесі де едәуір көзге түседі. Небәрі 6-7 айда мекемеден жалпы 750 бас ірі қара мал сатылымға шықты. Оның ішінде 300 бас түлік көрші Өзбекстанға экспортталса, 450 бас ішкі сұранысты қамтамасыз етуге кетті.
Қазақстандықтардың арасында жеке кәсіп ашуға, тәуелсіз бизнесмен болуға деген құлшыныс күн санап артып жатқаны біз айтпай-ақ белгілі. Соның ішінде қаладағы жылтыраған өмір мен әдемі кеңсесін ауылдағы иісінің өзі мұрын жаратын фермаға айырбастауға дайын жастар көп.
«Жыл басталғалы біздің корпорация 300-ден астам ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске қолдау көрсетті. Оған мемлекеттік бюджеттен барлығы 11 млрд теңге қаражат бөлдік. Көбісі, көктемгі далалық егін жинау жұмыстарына ұмтылатыны байқалды. Дәнді дақылдар егу мен көкөніс, жеміс-жидек өндіруге ең көп қаражат кетті. Сондай-ақ жылқы мен ірі қараны бордақылау саласы да кеңеюде. Айта кетерлігі, біз ауыл шаруашылығынан бөлек басқа да үлкенді-кішілі кәсіп түрлеріне қолдау білдіруге қашан да әзірміз», – дейді, Аграрлы несие корпорациясының Нұр-Сұлтан қаласындағы директорының орынбасары Олжас Баймаханов.
Қабанбай батыр ауылының іргесінде орын тепкен «Агропарк» ЖШС-нің құрамында бүгінгі таңда малды бордақылауға арналған орындардан басқа толық жабдықталған ветеринарлық орталық пен еңселі офис бар. Арқаның қақаған аязында да, кей күні шыдатпайтын шіліңгір шілдесінде де малдың азығын уақтылы беріп, асты-үстіне түсетін жұмысшылар үшін де барлық жағдай жасалған. Бұл бизнестің алға басуына мол үлесін қосатын оларға мекеме басшылығы арнайы жатақхана да салып берген. Осылайша «Агропарк» ЖСШ еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, сонымен бірге экспорттың өсуіне, ішкі сұранысты толықтыруға айтарлықтай үлесін қосып, ауыл тұрғындарын тұрақты түрде жұмыспен және үй-жаймен қамтамасыз етіп отыр. Өйткені ірі қараны бордақылау да бүкіл бір ұжымның біріккен еңбегінің арқасында ғана көңіл көншітер нәтиже береді. Ферма асыл тұқымды түлікті бұзау кезінен сатып алып, 5-6 ай әбден баптайды. Осы аралықта малдың кейбірі төлдеп көбейе түсетін көрінеді. Ал қажетті мөлшерде ет жинап, дайын болған ірі қара сатылымға шығады. Бірнеше мың бас малға иелік етіп, мекемеге түсетін кірісті арттыруда әрбір жұмысшының үлесі жоғары.
«Бүгінде ең маңызды ресурс саналатын – қымбат уақытым мен өмірімді осы бизнеске сарп етіп жүрмін. Мендегі мақсат – кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, ел экономикасының дамуына тиісінше үлес қосу. Ал осы жолда маған бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсеткен Аграрлық несие корпорациясы. Қашан да, қандай жағдай болса да корпорация кәсіпкерлерден көмегін аямайды. Мен оларға толықтай сенемін», дейді Бейбітхан Қабдірахманов.
Расында, 60 гектардан астам аумақты алып жатқан осы бизнестің берекелі болуы кәсіпкерден бөлек, ел экономикасы мен ауыл тұрғындары үшін аса тиімді. Төрт түлік мал әу бастан ұлтымыздың негізгі табыс көзі саналған. Оны тәуір бизнеске айналдырып, ата кәсіпті жалғастыру – нағыз ердің ісі.
Сымбат Төреқұлова